«Астана Балет» театры Оңтүстік Кореядағы халықаралық би фестивалінде күміс жүлде иеленді

«Астана Балет» театры әртістері Cheonan World Dance Festival 2025 беделді би фестивалінде екінші орынды жеңіп алды. Конкурс 24-28 қыркүйек аралығында Оңтүстік Кореяда өтті. Онда 61 елден төрт мың биші қатысты. Отандық өнерпаздар «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын көрсетіп, қазылар алқасы мен көрермен қауымның көңілінен шықты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәтидің хореографиясы қазақ мәдениетінің байлығын жан-жақты көрсетті. Оның айтуынша, «Ұлы Дала мұрасы» қазақ болмысының кеңдігін, философиясын, бейбітсүйгіштігі мен ішкі үйлесімін ерекше жеткізеді. Әр би салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген.
Cheonan World Dance Festival 2025 байқауына қатысу – мәдени диалогты нығайтудағы маңызды қадам. Сондай-ақ бұл – тарихи жетістік. Қазақстандық ұжым алғаш рет беделді байқауда жүлделі орынға ие болды. «Астана Балет» театры қазақ өнері әлемдік мәдениетпен қатар дамып жатқанын тағы бір дәлелдеді.