«Астана Балет» театры халықаралық аренада

«Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұқарам Авахри мен жетекші солист Сүндет Сұлтанов бейресми түрде «Балет Оскарына» баланатын Benois de la danse 2025 халықаралық балет сыйлығы номинанттарының қатарына енді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Марапаттау рәсімі мен номинанттардың қайырымдылық гала-концерті 17-маусымда Ресейдің Үлкен театрының сахнасында өтеді. Қазақстандық әртістер Мукарам Авахри қойған «Киелі би» резонанстық балетінің үзіндісі – «Qash» деп аталатын сахнасын орындайды. Заманауи пластика мен ұлттық мәдени кодтарды біріктірген қойылым көрермен қауым мен кәсіби мамандардың қызығушылығын тудырған-тын. Аталған үзіндінің музыкасы – Chemirani тобының Qash композициясы және Шығыс ырғағы мен дауыстық импровизацияның үйлесімінен туған Муштари Исламованың вокалына негізделген.
«Астана Балет» театрының осы ауқымды халықаралық іс-шараға қатысуы – қазақстандық хореография мектебінің қарқынды дамып, жоғары бағаланатынын растайтын маңызды жетістік.
«Үздік биші» номинациясына ұсынылған Сүндет Сұлтанов дуэтте Фредерик Шопен мен Дэвидсон Джаконеллоның музыкасына словак-неміс хореографы Кристина Паулин қойған «Желтоқсан жаңбыры» балетінен үзінді орындайды. Әртістің сахналық тартымдылығы, орындаушылық шеберлігі мен ішкі тереңдігі биылғы театр маусымының жарқын жаңалықтарының біріне айналды.
Benois de la Danse номинанттарын халықаралық қазылар алқасы іріктеп алады. Биыл оның құрамына Франция, Қытай, ОАР, Ресей мен Қазақстанның көрнекті балет шеберлері енді. Қазылар алқасының төрағасы әрі бағдарламаның көркемдік жетекшісі – Үлкен театрдың прима-балеринасы, Ресейдің халық әртісі Светлана Захарова.
Benois de la Danse сыйлығы 1991 жылы бекітіліп, 1992 жылдан бері ЮНЕСКО қолдауымен өтіп келеді. Оның міндеті – хореография саласындағы ерекше жетістіктерді атап өтіп, дүниежүзінде балет өнерінің дамуына, дәріптелуіне ықпал ету.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде бұл марапат балет саласындағы ең беделді мәртебеге ие болды. Әр жылдары хореограф Начо Дуато (Испания), Борис Эйфман (Ресей), Алексей Ратманский (АҚШ/Ресей), Джон Ноймайер (Германия), сондай-ақ, сахна жұлдыздары Светлана Захарова (Ресей), Наталия Осипова (Ұлыбритания/Ресей), Диана Вишнева (Ресей), Иван Васильев (Ресей) пен Уго Маршан (Франция) осы сыйлықтың номинанты мен лауреаты атанды.
Benois de la Danse номинанттарының қатарында қазақстандық әртістердің Үлкен театр сахнасында өнер көрсетуі – Мукарам Авахри мен Сүндет Сұлтановтың жеке жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы мәдени беделін нығайтуға қосқан елеулі үлесі.