Астана автотұрақтары әкімдікке қайтарылды

Астанада барлық автотұрақ қала меншігіне қайтарылатын болды. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек көшелер бойындағы ашық автотұрақтардың жаңа жұмыс жүйесі туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оның айтуынша, көшелер бойындағы ашық автотұрақтарда минуттап төлеу жүйесі болмайды.
— Қалалық қызметтерде минуттап төлеу жоспары жоқ. Біз бүкіл әлемде қабылданған тәжірибеге сай жұмыс істейміз: 15 минут, жарты сағат, бір сағат секілді белгілі бір уақыт аралығы болады, осы уақыт ішінде көлікті ақысыз қоюға болады. Барлығы орналасқан жеріне және қаланың нақты бір бөлігіндегі жүктемеге байланысты болады. Әрине, саралап төлеу болады, бірақ минуттап төлеу қарастырылмаған, — деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол автотұрақ кеңістігін әкімдікке беру жөнінде жеке компаниямен құжаттарға қол қойылғанын хабарлады.
— Біз соттасып, белгілі бір сот рәсімдерінен өттік, нәтижесінде құжатқа қол қойылды. Екі тараптан да ешқандай өтемақы төлемдері болмайды. Қазіргі таңда осы компанияның басқаруында болған барлық жер телімдері өтеусіз негізде беріледі. Сонымен бірге, бүкіл инфрақұрылым да қоса беріледі — шлагбаумдар, өзге де нысандар, соның ішінде цифрлық жүйе мен платформалар, — деп атап өтті қала әкімі.
Ж. Қасымбек қала тұрғындарының пікірін ескере отырып, бірқатар нысанды қайта қарау жоспарланып отырғанын айтты.
— Әрине, әлеуметтік нысандардың алдында ақылы автотұрақтар болмайды. Ал қала орталығында — Достық, Қонаев көшелері сияқты қозғалыс өте қарқынды аймақтарда көптеген әлемдік астаналардың тәжірибесін қолданамыз. Яғни, қала орталығына көлікпен кіру қымбат болады. Мәселен, Мәскеуде Тверская көшесінің бойына көлікті қою 20 мың рубльге айналады. Автотұрақтарды беру процесі аяқталған соң, біз кейбір орынды қайта қараймыз, көптеген аумақ мүлдем тегін болады, — деп қосты Жеңіс Қасымбек.
Осыған дейін Астана әкімі қардың аз жаууына байланысты қар тазалау жұмыстарына жұмсалатын қаражаттың үнемделгенін айтты.



