Қоғам

«Астана Аруы 2025» байқауының финалистері белгілі болды

Астана қаласында «Miss Astana 2025» сұлулық байқауының финалисттері ресми түрде таныстырылды. Финал 16 қазан күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Биыл 16 ару елорданың атынан шығып, «Miss Qazaqstan 2025» ұлттық байқауында Астананы таныту мүмкіндігі үшін бақ сынайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның атмосферасы еркіндік, сенімділік және ішкі күш энергиясын біріктірді. Бұл – маусымның басты тақырыбы «Freedom of Choice» (Таңдау еркіндігі) идеясымен үндес. «Астана Аруы» байқауы бірнеше жылдан бері өзін-өзі дамыту, өзіне деген құрмет пен көшбасшылық құндылықтарына негізделіп келеді. Жоба қатысушыларға өз әлеуетін ашуға, маңызды тақырыптарда ашық сөйлеуге және өзгелерге үлгі болуға мүмкіндік береді.

«Біз іріктеу кезінде тек сұлулыққа ғана емес, харизма мен ішкі энергияға назар аудардық. Қыз сахнаға шыққанда, көрермен оның түрін емес, энергиясын, болмысын сезеді. “Астана Аруы” – ішкі жарықпен жарқырай білетін тұлға туралы байқау. Сол себепті дәл осы 16 қыз бүгін осында тұр: олар – қазіргі астаналық әйелдің бейнесі, өз-өзіне сенімді, терең және шабыттандыратын жандар», – деді «Астана Аруы» байқауының директоры Асель Аккасова.

Баспасөз конференциясына сонымен қатар «Қазақстан Аруы» Ұлттық сұлулық байқауының директоры Айжан Рузаева мен жобаның PR-менеджері Құралай Құрман қатысты. Олар байқаудың бүгінгі таңда жай ғана сән подиумы емес, белсенді, талантты және әлеуметтік жауапкершілігі жоғары қыздарды біріктіретін әлеуметтік платформаға айналғанын атап өтті.

«Қазақстан Аруы» байқауының директоры Айжан Рузаева өз сөзінде: «Биылғы жылдың тақырыбы – “Freedom of Choice” (“Таңдау еркіндігі”), және бұл жайдан-жай таңдалған жоқ. Бүгінгі заманда қыз өз жолын өзі таңдай алады, кім болатынын, немен айналысатынын, өзін қалай көрсетуін өзі шешеді. Біз сұлулықтың стандарт емес, тұлғаның көрінісі екенін жеткізгіміз келеді. “Астана Аруы” арқылы біз әр қатысушының өзіндік болмысын сақтап, өз құндылықтарын ашық айтуға мүмкіндік алатынын көрсеткіміз келеді», – деді.

Жарты жылға созылған іріктеу кезеңінде ұйымдастырушылар 500-ден астам өтінім қабылдады. Кастинг бірнеше кезеңнен тұрды, ал финалға түрлі салада табысқа жеткен қыздар өтті: IT-мамандары, ғылыми мәтіндерді аударушылар, тіпті өз кітаптарын жазған авторлар. Кейбіреулері бала кезінен еңбек етіп, табыс тапса, енді бірі ерекше балаларға көмектесумен айналысады, ал басқалары оқу мен жұмысты қатар алып жүр.

Бұл көпқырлылық – қазіргі астаналық әйелдің шынайы бейнесі: тәуелсіз, мақсатшыл, нәзіктік пен көшбасшылықты, арман мен әрекетті үйлестіре білетін тұлға.

«Барлық 16 қатысушының ортақ мақсаты – әйел бойындағы сұлулық, интеллект және тәрбие үйлесімін көрсету. Арулар оны сахнада өз дарыны мен қабілетін паш ету арқылы дәлелдейді. Ал “Астана Аруы” титулына ие болған ару елорданың намысын “Қазақстан Аруы” Ұлттық байқауының жартылай финалында қорғайтын болады», – деді Құралай Құрман.

Баспасөз конференциясы финалисттерді ресми таныстырумен аяқталды. Қыздар өз таланттарын көрсетіп, дефиле жасап, отбасылық құндылықтар мен «суперкүш» туралы ойларымен бөлісті.

«Астана Аруы 2025» байқауының финалы 16 қазан күні сағат 18:00-де Бейбітшілік және келісім сарайындаөтеді. Өткен жылы бұл атақ Қазақ ұлттық хореография академиясының түлегі, балерина Ясмин Байболоваға бұйырған болатын.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button