Басты ақпаратМәдениет

Астана архивінің асуы

Астана қаласы Мемлекеттік архивінің құрылғанына 30 жыл толды. Мекеменің мерейтойы­на орай елордада «Astana archive fest-2025» халықаралық форумы өтті. Екі күндік іс-шара аясында елорда архивінің тарихы, архив қорындағы құнды жәдігерлерден тұратын «Төрдегі төл тарих» фотоқұжат көрмесі, архив жинақтарының таныстырылымы, «Архив: Жаңа дәуір. Жаңа мүмкіндіктер» атты ашық диалог алаңы, «Қазіргі қоғамдағы архивтердің рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Форумның басты мақсаты – архив саласындағы заманауи тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақ­тастықты нығайту, цифрландыру үр­­дісіндегі жетістіктерді ортаға салу. Жиында архив саласында қордаланған мәселелер, цифрлық трансформация, тарихи мұраларды сақтау және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу жолдары кеңінен талқыланды.

Елорданың Мемлекеттік архивінде Ақмола өңірінің өткен ғасырдағы сан қилы тарихы мыңдаған құжатта хатталған. Мекеме елордамызбен бірге өсіп-өркендеп, сан салалы құжатты жинап, сақтаумен айналысып келеді. Осыны атап өткен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қала басшысы Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.

«Архив – ұлттың жады, елдің өткені мен болашағының алтын көпірі, өткенге көз жүгіртіп, тарихи деректерді тиянақтап, келешек ұрпаққа жеткізетін, мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның рухани құндылықтарының негізі. Осы жолда 30 жыл бойы қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан Астана қаласының Мемлекеттік архиві – бүгінде елордамыздың іргелі мекемелерінің бірі. 1995 жылдан бастап Астананың тарихи, саяси, әлеуметтік және мәдени даму жолын бізге жеткізіп, ауқымды жұмыс атқарып келеді» делінген қала әкімінің құттықтауында.

Жеңіс Қасымбектің ізгі лебізінде қазіргі цифрлық дәуірде архив қызметкерлері жаңа сапалық деңгейге шыққаны, электрондық және ақпараттық технологияларға сай еңбек етіп жатқаны аталып өтіп, елорда архиві мамандарына жылы тілектер айтылды.

«Архив – бұл тек құжаттарды сақтау орны емес, елдің тарихи жады мен рухани мұрасын келер ұрпаққа жеткізетін стратегиялық құрылым. Бүгінде бұл сала заманауи цифрлық технологиялармен қаруланып, ашықтық пен қолжетімділік принциптеріне негізделіп, жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Сол себепті архив ісін цифрландыру, құқықтық базасын жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру және халықаралық тәжірибемен ұш­тастыру – біздің ортақ міндетіміз» деді Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.

Іс-шараға Қазақстанның түкпір-­түкпірінен келген архив мамандары, тарихшылар, мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан елдерінің архив ісі саласындағы мамандары жиналып, өз құттықтауын жеткізді. Сондай лебіздерді Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Әлия Мұстафина, Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Ибраим Бабаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, Ресей Федерациясы Омбы облысы тарихи архивінің директоры, тарих ғылым­дарының кандидаты Людмила Чекалина, Қырғыз Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры Манат Момунов білдірді.

Форум барысында Қырғыз Рес­пуб­ликасы Орталық мемлекеттік архиві мен Астана қаласының Мемлекеттік архиві арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Жасанды интеллект: өзектендіру және цифрландыру үрдістері» тақырыбында пікір алмасу жүргізілді. Қонақтар елорданың көрікті жерлерін аралап, Астана қаласы Мемлекеттік архивіне экскурсия ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел отырысында реставрация және консервация зертханаларының тәжі­рибесі, архив құжаттарын цифрландыру ісі, құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу жұмысы таныстырылды. «Үздік архив» және «Үздік архивші» марапаттары тапсырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button