Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық турнирі өтеді

Астанада алғаш рет 20-28 тамыз аралығында беделді халықаралық бочча турнирі – Astana 2025 World Boccia Challenger өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл – Халықаралық бочча федерациясы (BISFed) аясында өтетін іріктеу жарысы. Нәтижесінде спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпай жинайды.
Турнирге Еуропа, Азия және Таяу Шығыст аймақтарының 13 елінен 60 спортшы қатысады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтетін жарысқа Қазақстан атынан 10 спортшы, оның ішінде астаналық Итиана Шыңғысханова мен Алмат Ерат қатысады. Олар жекелей және командалық сайыстарда өнер көрсетеді. Бағдарламада жеке, жұптық және командалық жарыстар қарастырылған.
«Турнирдің Астанада өтуі Қазақстанның паралимпиадалық қозғалыстағы белсенділігін және елдің баршаға тең мүмкіндік жасауға ұмтылысын көрсетеді. Бұл маңызды спорттық оқиға ғана емес, сонымен бірге тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және өңірде инклюзивті спорт түрлерін насихаттау алаңы болмақ», – деді Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекова.
Astana 2025 World Boccia Challenger елордадағы ең ірі спорт кешендерінің бірінде өтеді. Ол мүмкіндігі шектеулі спортшыларға толық бейімделген.
Турнирді Қазақстан бочча федерациясы Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, Sport Qory қоры, Eurasian Resources Group (ERG) және өзге де серіктестердің қолдауымен ұйымдастырады.