Ел тынысы

Ассамблея – бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символы

Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл. Дәл осындай ұранмен кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы XXXIV сессиясының пленарлық отырысы өтті. Сессия жұмысына 1600-ден астам адам қатысты, – деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz

Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, құрылғанына 30 жыл толып отырған ҚХА-ның жұмысына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы бірегей ұйымның жетістіктерін саралап, алдағы жоспарларын айқындап берді.

Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты.

Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін одан шет қалмайды.

Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті сұхбат, яғни, диалог орнатуға ықпал етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр.

Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс. Сессиялар аралығындағы жұмысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді.

ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде.

«Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сияқты құрылымдар мыңдаған жастарымыз үшін нағыз бірлік пен ынтымақ, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік мектебіне айналды. Осы қозғалыстардың әрқайсысы елімізде жаңа қоғамдық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын насихаттауға елеулі үлес қосып жатыр.

Этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиция институтына тоқталғым келеді.

Соңғы уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр.

ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты.

Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. Жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше. Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат”, – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button