Денсаулық

Ашықтық артты, қызмет алу мүмкіндігі ұлғайды

Астана қаласы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының мәліметіне сәйкес, бүгінде елордада халыққа медициналық қызмет көрсететін 132 ұйым жұмыс істейді. Оның 38-і – мемлекеттік, ал 94-і – жекеменшік.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бүгінгі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды қаржылық институттардың бірі болып отыр. Бюджеттік мүмкіндіктер шектеулі болған жағдайда да Қор филиалы жүйенің тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі уақытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау жүйесін нарықтық қағидаттарға жақындатты. Медициналық ұйымдар неғұрлым тиімді жұмыс істеген сайын, көрсетілетін қызмет сапасына қанағаттанатын азаматтар саны да арта түсіп келеді.

Жекеменшік сектор үлесінің артуы бәсекелестік ортаның дамып, медициналық көмекке қолжетімділіктің кеңейгенін аңғартады. Сонымен қатар, Қор филиалы тек қаржыландырумен шектелмей, көрсетілетін қызмет сапасын да қатаң бақылауда ұстайды. Көрсетілген қызметтердің нақты көлеміне мониторинг жүргізіліп, азаматтардың өтініштері сарапталады, кері байланыс жүйесі жолға қойылған. Егер жалған немесе негізсіз көрсетілген қызметтер анықталса, қаржыны қайтару тетігі қолданылады. Ақпараттық жүйелер арқылы емханалар қызметінің негізгі көрсеткіштері онлайн режимде қолжетімді: қабылданған пациенттер саны, қойылған диагноздар, емдеу көлемі. Осылайша, Қор филиалы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруда және елорда тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қамтамасыз ете отырып, саладағы бәсекелестікті арттыру мақсатында қызмет сапасына қарай төлем жасау жүйесін енгізуде. Бұл бюджет шығындарын ұлғайтпай-ақ медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жүйенің ашықтығы артып, азаматтардың сапалы қызмет алу мүмкіндігі кеңейіп отыр.

Қазіргі таңда медициналық қызметтердің қолжетімділігі айтарлықтай артқаны байқалады. Біріншіден, елорда тұрғындарының 88,8 пайызы сақтандырылған және компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, стоматологиялық қызметтер сияқты бұрын ақылы болған жоғары технологиялық әрі қымбат медициналық көмекті тегін ала алады. Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының өсуімен бірге медициналық қызмет көрсетушілер саны да артып келеді. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті күшейтіп, медициналық көмекті халыққа барынша жақындатты. Үшіншіден, цифрландыру нәтижесінде әрбір азамат Damumed қосымшасы арқылы дәрігер қабылдауына жазылып, жолдама ала алады. Бұл күту уақытын едәуір қысқартады. Қосымшада зерттеу нәтижелері, учаскелік дәрігердің жұмыс кестесі, сақтандыру мәртебесі секілді барлық қажетті ақпарат қолжетімді. Яғни, үйден шықпай-ақ медициналық ұйымға жүгінуге қатысты көптеген ұйымдастыру мәселесін шешуге мүмкіндік бар.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты артықшылығы – тұрақты әрі салыстырмалы түрде шағын жарналар есебінен қымбат ем-домды тегін алу мүмкіндігі. Созылмалы аурулары бар пациенттер тұрақты түрде дәрігер бақылауында болып, қажетті тексерулер мен емдеуді тегін алады. Қажет болған жағдайда шұғыл көмек, қымбат емдеу және оңалту шаралары да осы жүйе есебінен көрсетіледі. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік жағдайы төмен (D және Е санатындағы) шамамен 60 мың адам қосымша қамтылады. Қазіргі таңда Астанада 1,49 млн адам сақтандырылған, бұл – халықтың 88,8 пайызы. Олардың 67,4 пайызы үшін жарналарды мемлекет төлейді. Ал жүйеден тыс шамамен 189 мың адам қалып отыр. Оның ішінде 129 мың – төлем қабілетті азаматтар, ал 60 мыңға жуығы – әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері.

Ақпаратты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз орталығы ұсынды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button