Ашық терезе – балаға қауіпті

Астанадағы Сарайшық ауданында балалардың терезеден құлау жағдайының алдын алу мақсатында профилактикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен қалалық мәслихат депутаттары өткізді.
Акцияға ата-аналар, меншік иелері бірлестігінің өкілдері мен жедел қызмет мамандары қатысты.
Сарайшық ауданы ТЖ басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Бақыт Қожакеев балалардың терезеден құлау мәселесі әлі де өзекті екенін жеткізді.
– Жыл сайын күн жылына бастағанда мұндай оқиғалар жиілей түседі. Балаларды тіпті бірнеше минутқа назардан тыс қалдыру, әсіресе терезелер қорғаныс құрылғыларымен жабдықталмаған болса аса қауіпті. Соңғы үш жылда Астанада балалардың терезеден құлауына қатысты шамамен 30 жағдай тіркелді, өкінішке қарай, кейбірі өліммен аяқталды, – деді ол.
Балалардың терезеден құлап кету қаупіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға қатысушылар жас және көпбалалы отбасылар тұратын көпқабатты үйлерді аралап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, терезе бекіткіштерін орнату қажеттігін айтты.
Қалалық мәслихат депутаты Мадина Әжікенова ашық терезе балалар үшін аса қауіпті екенін ескере келе, олардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің күнделікті жауапкершілігі екенін атап өтті.
– Москит торлары – қорғаныс құралы емес, терезеге орнатылған москит торы маса мен шыбын-шіркейден қорғауға арналғандықтан, баланың салмағын көтере алмайтыны белгілі. Ата-аналар балақайларын қараусыз қалдырмай, әр балаға мұқият болса екен. Москитке сүйенген бала ойнап отырып абайсызда тормен бірге сыртқа құлап кетіп, қайғылы оқиғалар орын алуы мүмкін. Балаларды ешқашан қараусыз қалдыруға болмайды. Қауіп-қатерді алдын ала болжау – ересектердің міндеті, – деді депутат.
Іс-шара барысында ұйымдастырушылар көпбалалы отбасылардың бірінің үйінде терезе бекіткіштерін орнату тәртібін көрсетті. Бұл құрылғылар терезенің толық ашылуына жол бермейді және баланың құлау қаупін азайтады. Мұндай көмек қажет отбасылардың мекенжайы алдын ала анықталып, орнату ерікті түрде жүргізілді. Аралап өту барысында ескерту қағаздары ілініп, ата-аналар мен балалармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мамандардың мәлімдеуінше, жыл басынан Астана қаласы бойынша 24 бала терезеден құлап, 6 мерт болды. Мұндай жағдайда ата-аналарға салынатын айыппұл мен бас бостандығынан айыру қарастырылады.
Акция аясында ТЖД өкілдері ата-аналармен профилактикалық әңгіме өткізіп, қауіптің алдын алу бойынша негізгі ережелер жазылған ақпараттық парақшалар таратты.