Ашық бюджет – жауапты басқару

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 38-сессиясында 2024 жылға арналған қалалық бюджеттің орындалуы туралы есеп бекітілді. Бұл – Бюджет кодексінің 125-бабына сай жүзеге асатын маңызды қадам. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен өткен сессия жұмысына қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, өзекті мәселелер бойынша жауап берді.
Қалалық басқармалар мен Тексеру комиссиясының өкілдері баяндама жасап, есептік кезеңдегі қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалғанын жеткізді. Оның ішінде бюджет қаражаты инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу; жаңа мектептер мен балабақшалар тұрғызу; денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық мекемелер құрылысы; халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған төлемдер мен басқа да әлеуметтік бағдарламалар сынды бірнеше басым бағытқа бөлінген. Есеп берушілер атап өткендей, бюджет түсімдерінің нақты орындалуы есепті қаржы жылына арналған түзетілген бюджетке 105,6%-ын құрады. 2024 жылы жергілікті бюджеттің ең ірі қаржыландыру көздері ретінде салықтық түсімдер (барлық кіріс көлемінің 73,4%) және трансферттер түсімдері (20,2%) қалуда, яғни бюджеттің кіріс бөлігінің жалпы көлемінің 93,6%-ы осы көздер есебінен қалыптастырылған. 2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылы салықтық түсімдер 34,9%-ға артты. Сондай-ақ елорда бюджетіне салықтық емес түсімдердің өсуі бойынша да оң динамика байқалады, 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда, салықтық емес түсімдер 3,3 есеге ұлғайған. Сессия барысында қаладағы көшенің біріне армянның көрнекті ағартушысы Месроп Маштоцтың есімін беру туралы ұсыныс қаралды.
Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия құрамын жаңарту және қауіпсіздік пен бюджет процесінің ашықтығына бағытталған бастамалар да күн тәртібінде болды. Қаржы басқармасы және Тексеру комиссиясы төрағасының баяндамасынан кейін, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның қорытындысы тыңдалды. Комиссия төрағасы Кендебай Адамбектің айтуынша, есеп бір айдан аса уақыт бойы түрлі форматта талқыланған. Осы кезеңде бірқатар өзекті мәселе көтерілген. Инфляцияның елордада республикалық деңгейден шамамен 2 пайыз жоғары болуы тұрғындардың сатып алу қабілетіне кері әсерін тигізіп отырғаны айтылып, дебиторлық және кредиторлық қарыздарды басқаруда әкімшілік тарапынан белсенділік жеткіліксіз екені ескертілген. – Жергілікті бюджетке түсімдердің орындалуын бағалау бойынша салықтық және салықтық емес түсімдерді біршама сапасыз және тиімсіз жоспарлау фактісі орын алған. Бұл өз кезегінде бюджетті бірнеше рет нақтылау мен түзетуге алып келген. 2024 жылы елорда бюджеті 5 рет нақтыланып, 16 рет түзетілген.
Елордада өткен жылдармен салыстырғанда инфляция деңгейі артып, 10,7%-ды құрады, бұл республикалық көрсеткіштен 2,1 пайызға жоғары, бұл бағаның өсуіне және өз кезегінде халықтың өмір сүру деңгейі, кірістері мен шығыстарының деңгейіне әсер етті, – деді Кендебай Сарыбайұлы. Комиссия төрағасы бюджеттік шығыстардың құрылымы мен орындалу барысына да арнайы тоқталды. «Алдыңғы жылдардағыдай, бюджеттің шамамен үштен бірі әлеуметтік салаларға – яғни әлеуметтік көмек пен қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спортқа бағытталған. Ең көп шығын үлесі дәстүрлі түрде мына салаларға тиесілі: білім беру – 365,2 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 301,5 млрд теңге, көлік және коммуникациялар – 161,1 млрд теңге, сондай-ақ отын-энергетика кешені – 106,3 млрд теңге» деді ол.
Сонымен қатар Кендебай Адамбек бюджеттің орындалуында әлі де шешілмеген мәселелердің бар екенін ашық айтты. – Бұл бағытта жыл сайын қайталанатын бірқатар кемшілік бар. 2024 жылы бюджеттің шығыс бөлігі толық көлемде игерілмеген. Жалпы орындалу деңгейі – 99,1 пайыз. Яғни 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бюджет қаражатының 0,9 пайызы игерілмей қалған. Ең көп игерілмеу Құрылыс басқармасы, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасында тіркелді. Бұл жүйелі жұмыс пен нақты бақылаудың қажет екенін көрсетеді. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану – елорданың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін фактор. Осы орайда барлық деңгейдегі жауапты тұлғалардан жоғары жауапкершілік пен ашықтық күтеміз, – деді сөз соңында бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Дауыс беру қорытындысы бойынша 2024 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есеп қабылданып, сессия қаулысына кепілдеме ретінде барлық ескерту мен ұсыныс енгізілді. Олардың орындалуы – мәслихаттың тұрақты бақылауында.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ