Арзан ақыл неге қымбат?

Бұрын өскенде «ұшқыш боламын», «инженер боламын», «мұғалім боламын» дейтін қазақтың баласы қазір «блогер боламын», «коучер боламын», «инфлюенсер боламын» дейді. Өйткені ол да Instagram мен Tik-Tok-та қызылды-жасылды өмірін жарнамалап, жалғанды жалпағынан басып жүрген блогер, бизнес бапкер, коучер сияқты шалқып өмір сүргісі келеді.
Ақыл сатқыш болып кеттік…
Бүгінгінің бозбаласы мен бойжеткенінің көбі (бәріне топырақ шашудан аулақпын) ұйқыдан оянып я болмаса көзі ұйқыға барғанша әлеужелідегі бақытты, бай-қуатты блогердің, үлде мен бүлдеге оранған әншінің (шоу-бизнес өкілі) әлеужелідегі парақшасын көреді. «Егер сен мен құсап тез арада байып, қалағаныңша өмір сүргің келсе, «Табысымның кілті», «Қалай тез баюға болады?» деген курсымды сатып ал. Көп ұзамай сен де мендей боласың!» деген бейнежазбадағы сөзін естіп, парақшасына жазылады. Бұл – инфокәсіп арқылы арзан ақыл сатқыштардың аңқауларды тұзағына түсіретін тамаша тәсілі.
Әлеуметтік желі күмәнді курс сатқыштар мен алаяқ коучерлердің, пысықай психологтар мен қу тілді мотиваторлардың жыпырлаған жарнамасына (онлайн да, офлайн да сатады) толып тұр. «Тез баюдың жолын үйретемін», «Жылдам бақытты қыламын», «Балаңды бір айда көшбасшы қыламын», «Тез арықтатамын», «Күйзелісті жеңуді үйретемін», «Маркетплейсте бизнес жүргізуді үйретемін», «Ескі заттардан құтылудың жолын үйретемін», «Самооценкаңды көтерудің жолдары қандай?», «Әйелдік нәзіктігіңді қайтаруға көмектесемін», «Өзіңді жақсы көруді үйретемін», «Бала сүюдің жолын көрсетемін», «Дәрігерсіз емделудің жолын айтамын» деп тізбектеліп кете береді. Ұлттық құндылықтардың құлдырағанынан шығар, қазір адамдар арзан ақыл сатқыштардың сөзіне сеніп, сан соғып қалып жатыр. Курсоголик деген термин пайда болды. Күдікті коучер, сапасыз сарапшының өнімін сатып алғыш адамдарды осылай атайды. Курсоголик қыз-келіншектер: «Мен ана блогердің үш курсын, мына әншінің екі курсын сатып алдым» деп мақтанып отырады. Бұл – рухани деградация. Біз шынайылықтан жасандылыққа, адалдықтан арамзалыққа әуес болып алдық. Адамдар неге ақыл сатқыш болып кетті? Осы мәселенің мәнісін ашуға тырысып көрейік.
«… Атың шықпаса, курс сат!»
Соңғы жылдары кейбір блогер, вайнер, инфлюенсерлер елге табысымен, танымалдығымен, іскерлігімен ғана емес, алаяқтығымен және арамзалығымен де танылып жүр. Сөзімізді дәлелді болуы үшін, қоғамды дүр сілкіндірген бірер деректі келтірейік. Алматының 20 тұрғыны блогер Жұлдыз Ақболаттың инфобизнес бойынша 70 күндік курсын сатып алған. Құны 500 мың теңгелік курсты 40 күн оқығаннан кейін, тыңдаушылар пайдасын көрмей, жоба авторына шағымданды. Инфобизнесте кәсіп бастамақшы болған қыз-келіншектердің дені банктен қарызға ақша алыпты. Блогердің «Pro-land» компаниясының заңгері тыңдаушылардың өзін кінәлап: «Студенттер 8 сабақтың 6-уын ғана тыңдаған. Біз өз міндетімізді орындадық» деп жауап беріпті. Одан әрі полицейлер дау-дамайды шешуге сотқа жолдады.
«Супермамасита» деген лақап атпен елге танылған алматылық блогер Әлия Байтоғаеваның әлеужелідегі парақшасына жазылушылары онлайн-курсының түк пайда әкелмегенін айтып, шу шығарды. Алданған адамдар полицияға шағымданған. Сол жолы полицейлер Әлияға қатысты шағым Қазақстанның басқа қалаларынан, тіпті ТМД аумағынан түсетінін ашық айтты. Ал блогердің өзі кінәсін мойындағанның орнына: «Абыройыма әдейі нұқсан келтіргісі келгендердің осыншама уақыт, ақша, күш-жігерін жұмсағанынан таң қалып отырмын» деп жазды. Онымен қоймай, 7 млн-ға жуық жазылушылары бар блогер «қызыл жіп» деген жобасын бастап, арзан ақылын 77 мың адамға сатты. «Осы қызыл жіпті сатып алсаңыз, қызмет сатысымен тез өсесіз, немесе тез сәбилі боласыз» деп сендірді тыңдаушыларын блогер. Ал арзан ақылға алданғандардың саны қаншаға жеткенін ешкім білмейді.
Танымал блогер Алтынай Дидарқызы «Wildberries-те бизнес жүргізуді үйретемін» деген курсын жариялап еді, бірден 30 адам сатып алды. Бірақ олар кәсіпсіз, ақшасыз қалды. Бір таң қаларлығы, Юлия есімді жәбірленуші Алтынайдың шотына курс үйретемін дегені үшін 15 млн теңгесін аударған. Тағы басқа екі әйел 100 млн теңге төлеп алған курстың түк нәтиже, пайда әкелмегенін айтып, зар жылады. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Астанада өзін «онлайн сауда бойынша бизнес-бапкермін» деп таныстырған А. есімді әйел өзіне сенгендердің 50 миллион теңгесін алаяқтықпен қалтасына салғаны үшін сотталды. Тергеуден мәлім болғаны, күдікті Instagram арқылы тұтынушыларға онлайн сауда мен тауар сатып алу курстарын ұсынған. Курс біткенде тыңдаушыларға тұрмыстық техниканы көтерме бағамен сатуға ақша салуды ұсынып, инвестиция сомасының 10 пайызы көлемінде пайда түсетінін уәде еткен. Бірақ ақша жинап алған әйел аңқаулармен байланысын үзіп, ізін жасырған. Мемлекеттік айыптаушы сотқа айыпталушының кінәсін дәлелдейтін деректерді келтірді. Сот оларды жеткілікті деп танып, жалған бизнес үйретушіні 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Астананың мамандандырылған ауданаралық сотында танымал блогер Ерболат Жанабілевке қатысты сот басталды. Отбасылық өмір, саяхат туралы оның курсын сатып алушылар лотореяға қатысушы болып, мол ақша, iPhone, автокөлік ұтып алады. Прокурорлар оның курсына сараптама жасап, уәде етілген мазмұнының жоқтығын анықтаған. Лотореяға 6 мың адам қатысып, әрқайсысы 30 мың теңгенің курсын сатып алған. Блогер бұдан 150-180 млн теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Сотта ол судьяның табысы туралы сұрағына жауап беруден бас тартты. Әкімшілік іс бойынша, егер оператор болып табылмайтын тұлға ұтыс өткізсе, Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекстің 455-бабы бойынша 100 АЕК (393200 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Келесі сот отырысы 15 қыркүйекте өтеді. Мұндай деректер аз емес.
Инфосыған деген кім?
Инфосыған деген сөздің сыған ұлтына қатысы жоқ. Ресейде 2010 жылдан бері курс, тренинг сатқан алаяқтарға қатысты қолданылып келеді.
Инфосығандық – интернеттегі жаңа ағым. Инфосығандар – интернетте, әлеуметтік желілерде ешбір құндылығы жоқ арзан ақылын (курс, семинар, тренинг, дәріс, кітап т.б.) сатып, аңқау адамдарды тақырға отырғызып жүрген арамзалар. Қазір инфосығандықтың етек алуына үш фактор әсер етті: білім алудың «сәнге» айналуы, жас ұрпақтың әлеуметтік желілерге тәуелділігінің артуы, адами құндылықтардың құнсыздануы. Шынын айтсақ, қазір жеңіл, жылтырақ, мәнсіз, мағынасыз нәрсеге үйірміз. Жеңіл жолмен байығыш блогерлер осы мүмкіндікті сәтті пайдаланып жүр. Instagram мен Tik-Tok-ты ашып қалсаң, түкке тұрмайтын нәрседен пранк жасау, миллионер-блогердің ұтыс ойындарына, онлайн-марафондарына қатысу – бұлардың бәрі жастарды еліктіріп әкетуде. Алғашқы аузынан шыққан сөзі: «Өзіңді өзгерт!», «Өміріңді өзгерт!», «Өзіңді жақсы көр!» дейтін ауа сатқыштар күйзелісте жүрген жандардың (ақшадан тарықққандар, тұрмыстан қажығандар, аурудан шаршағандар, жұмыстан жалыққандар, оңы мен солын айырмаған жастар) барлық мәселесін шешетін «әмбебап дәрі» ұсынады. Блогер әлеужеліде шалқыған өмірін: қымбат көлігін, шетелдегі демалысын, миллиондарын шашқан мерекелерін, брендтік заттарын жылтыратып көрсетіп, эйфорияда жүрген адамның «жанды жерін» тап басады. «Өмірімді өзгертемін» деп тұзаққа өзі түседі. Бұл – адамдардың миына, санасына жасалып жатқан шабуыл. Адал еңбек пен кәсіби машықты жоққа шығаратын, адами құндылықтардың жойылуына алып баратын зұлым күш.
Қалай сақтанамыз?
Алдымызда инфосыған тұрғанын қалай танимыз? Біріншіден, олар өзі және жетістігі туралы асырып айтады, айқайлап жеткізеді. Шын мәнісінде жетістікке жеткен адам бұлай жасамайды, тіпті онысын құпия ұстайды. Олар өз курсын сатып алып, толық игеріп, тез байып шыға келген адамды жұртқа көрсетеді. Үшінші белгісі – бірнеше бағытта курс сатады, өйткені олар тұтынушының сұранысы мен заманауи трендтерді жетік біледі. Тағы бір белгісі – қызыл сөзді сапырып сөйлейтін шешендігі, өз өнімін өткізудегі харизмасы, кәнігі сарапшының бейнесін сомдауы. Инфосығанға алданбау үшін не істеу керек? Алдымен өмірдегі жеткен жетістіктерін тексеріп көріңіз. Шындығында да ол өз ісінің нағыз кәсіби шебері ме? Қандай білімі, жұмыс тәжірибесі, ғылыми атағы немесе ашқан жаңалығы т.б. бар? Кейде мұны білу де қиынға соғады. Жалған коучерлер өмірбаянын өтірік жазып, өтірік дипломдарының суретін көрсетуі мүмкін. Оның курсының нақты бағдарламасы, мазмұны бар ма екеніне көз жеткізіңіз. Егер де ондай нәрселер егжей-тегжейлі жазылмаған болса, жақсылап ойланыңыз. Шынайы дәріс жүргізетін маманның қолында бәрі болады. Ең маңыздысы, курс сатушы мен тұтынушының арасында тығыз, шынайы байланыс бар ма, соған назар аударыңыз. Ал жарнамаланған ақпарат тек аңқау, сенгіш адамдарға арналған ағын болса, оны да бірден аңғару керек.
Алаяқтың кім екенін білу үшін, интернетке кіріп, заңды мекенжайын, жұмыс кеңсесін іздеп көріңіз. Егер ондай кеңсесі болмаса, ол адаммен байланысудың қажеті жоқ. Инфосығанды нағыз кәсіби маманнан ажырататын бір тәсіл – тез арада, аз уақытта байып шыға келесіз деген сөзі! «Сіз осы курсты сатып алсаңыз, 3 аптада 1 миллион теңге табасыз!» дейді олар аңқаулардың аузын аңқитып.
Сіз не дейсіз?
Геннадий Шиповских, Сенат депутаты:
– Кейбір блогерлердің онлайн-казино, жалған ұтыс (гивтер), курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауы кеңінен етек алып отыр. Бұл құбылыс халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкелуде. Биыл 34 блогер онлайн-казиноны жарнамалап, соның 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кейбірі бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылса да, заңсыз әрекетін жалғастыруда. Себебі қарапайым айыппұлдар оларды тоқтатуға жеткіліксіз, заңсыз жарнамадан түсетін миллиондаған пайда төленген әкімшілік жазадан әлдеқайда асып түседі. Өтірік курстардың дені сапасыз, ғылыми негізі, пайдасы жоқ ақпарат ұсынады. Нәтижесінде, адамдар өз уақытын да, қаржысын да жоғалтып, күткен нәтижеге қол жеткізе алмайды. Бұл мәселе шешілуі үшін заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогерлерге қолданылып жатқан әкімшілік айыппұлдардан бөлек, қылмыстық жауапкершілік тетігін толыққанды іске қосуды қарастырайық. Екіншіден, әлеуметтік желілерде жиі өткізілетін ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеру үшін арнайы мониторинг жүйесін енгізейік. Сондай-ақ блогерлердің жарнамалық қызметін реттеуге және заң алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін оларды лицензиялау немесе арнайы реестр құруды ұсынамын.
Динара Наумова, Мәжіліс депутаты:
– Соңғы жылдары елімізде адамның жеке және кәсіби өсуіне бағытталған қызмет нарығы белсенді дамып келеді. Тренинг, семинар, шеберлік дәрісі өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Мұндай сұраныс білімі мен білігі төмен, жалған коучер, бизнес оқытушы және т.б. мамандардың көбеюіне жол ашты. Таң қалатыны, кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары неше түрлі курс, тренинг сатып, лезде жетістікке жетудің жолдарын көрсетіп жүр. Нағыз маман тасада қалып, өтірік сарапшы елдің назарын өзіне бұрып алды. Бір ғана мысал. 2024 жылы Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитетке сапасыз білім беру қызметін ұсынушыларға қатысты 600-ден аса шағым түсіпті. Бізге де алаяқ практик-мамандардың инфокәсібінің құрбаны болған азаматтар шағымдарын айта бастады. Бұл мәселе саланы реттеу тетігінің жоқтығынан ушығып барады. Кәсіби біліктілікке қатысты нақты стандарттар мен талаптардың жоқтығы кез келген адамның өзін коуч, бизнес бапкермін деп атауына, алаяқтықпен табыс табуына жол ашып берді. Соның нәтижесінде өнімді сатып алушылар да, нақты кәсіби мамандар да зардап шегуде. Осыған орай, бізге коучер, бизнес оқытушы және өзге де әртүрлі мамандарды тіркеуден өткізіп, міндетті сертификат беру жүйесін жасайтын кез келді. Сонда ғана кәсіби стандарттар қалыптасып, халықтың өнім сататын мамандарға деген сенімі ұлғаяды.
Төлен ТІЛЕУБАЙ