Басты ақпаратРуханият

Ару Алтайдың жыршысы

(Әлібек Асқаровтың «Қойға шапқан қара аю» атты деректі шығармалар жинағы туралы сөз)

Бұған дейін де әдебиетсүйер қауымды тек қазақ тілінде ғана он рет басылым көрген «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді…» романымен тәнті еткен Әлібек Асқаровтың жаңа жинағы қолымызға тиген. Жинаққа жазушының аңшылыққа арналған төрт әңгімесі мен бір повесі еніпті. Әрдайым өзінің кестедей өрілген көркем тілімен, шуақты әзілімен тартымды шығармалар ұсынып жүрген қаламгер бұл жолы да туған жеріміздің, соның ішінде әсіресе ару Алтайдың таңғажайып табиғатын жырлағандай-ақ жырлапты. Біз жазушының «Қойға шапқан қара аю» деп аталған бұл жаңа жинағын да асқан қызығушылықпен оқып шықтық. Мұндағы әңгіменің бәрі де өмірде нақты болған деректі дүниелер екен. Жазушының өзі туып өскен Қатонқарағай жерінде, арғы-бергі қаламгерлер қауымы Өр Алтай, Төр Алтай, Ару Алтай, Алтын Алтай, Хан Алтай деп бейнелеп жататын таулы-тайгалы өңірде өткен алуан қызықты оқиғалар. Автор Алтайдың көркем табиғатымен қоса, ол жерді мекен еткен аң-құстар мен өсімдіктер дүниесін білгірлікпен сипаттай отырып, аңшылыққа қатысты танымдық мәні зор толғаныстарын енгізіпті.

Кітаптағы деректі туындылар шоғырының бас кейіпкері нақты бір адам екен. Ол қашанда тау мен таста жазушымен бірге саяхаттап, қарлы шыңдарға бірге шығып жүретін жан досы – «Қатонқарағай ауданының Құрметті азаматы», әйгілі аңшы, бүгінгі зейнеткер – Ерен Жұмағұлов. Бұл кейіпкерге арнайы мән беріп отырған себебіміз – Ерен шын мәнінде табиғатпен тел өскен, оның тыныс-тіршілігін бала кезден бойына сіңіріп ер жеткен ел азаматы. Кітапта баяндалатын оқиғалардың баршасы осы Ерен екеуінің тау мен тайгада бастан кешкен оқиғаларын баяндау мәнерінде немесе аңшы досының естеліктерінің желісінде жазылған.

Олай болатын жөні де бар. Жазушының өзі ғана емес, Ерекеңді жақыннан танитындардың бірі – мына біз де оны туған өлке табиғатының тамыршысы санаймыз. Алтайдың кейде кеңпейіл де жайдары, кейде қытымыр да шалт мінезін, жұмбағы мен жасырын сырын жатқа білетін маман деп білеміз. Өйткені ол – көп жылдар бойы осы Қатонқарағай өңірінде «Аңшылар қоғамына» басшылық жасаған кәсіби аңшы. Өңірде Ұлттық парк құрылған кезде ол тоғыз жыл бойы сол мекеменің қалыптасып, жұмыс істеп кетуін қамтамасыз етті. Парктің тұңғыш бас директоры қызметін атқарды. Кейіннен біршама уақыт Берел мемлекеттік қорық-мұражайының жұмысына жетекшілік жасады. Басшы болғанда да, Ерекең жылы кабинеттен шықпай кресло тоздыратындардың санатынан емес-ті. Табиғи зеректігіне, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне қоса, ол күндіз-түні шапқылап, көздеген мақсатына қол жеткізгенше жаны тынбайтындардың сойынан саналады.

Сол жақын білетіндер Ерекеңді әйгілі роман кейіпкерінің атымен әзілі мен шынын араластырып – «қазақтың Дерсу Узаласы» деп те атап кетіпті. Осы кітапты оқу барысында бұл баламаға оқырмандардың өздерінің де көздері жетері даусыз.

Әрине, қай автор болмасын – шығармасына өзекті тақырып пен лайықты кейіпкерді таңдауы бар да, оны қалың оқырманға тартымды етіп, көркем тілмен жеткізе білуі бар. Осы тұрғыдан алғанда, қаламгер Асқаровтың бұл жолы да өз мақсатын ойдағыдай жүзеге асырғанын, оқырман қауымға тағы бір айтулы кітап ұсынғанын көріп отырмыз. Себебі кітапта аңшылыққа қатысты оқырманды өзіне жіпсіз байлап, еріксіз жетелеп отыратын қызғылықты оқиғалар жеткілікті, табиғаттың таңғаларлық тамаша көріністері молынан. Көркем тілмен өрілген жазбаларда сирек қолданылатын фразеологиялық тіркестер мен қазақтың бай тілінің құнарын одан әрі айшықтай түсетін тұстары жеткілікті. Жұртшылықтың бірі білсе, енді бірі біле бермейтін тосын мақал-мәтелдер де, сөйлемнің дәмін әрлеп тұрған бейнелі теңеулер де көптеп ұшырасады.

Мұндай көркемдіктің басты себебі де түсінікті… Асқаровтың өзі де Алтайдың баурайында туып-өскендіктен, оның табиғаты оған бала кезінен етене, жан-жүрегіне жақын. Оның үстіне, қаламгер кейбір замандастарымыз сияқты есейген соң туған топырағынан қол үзіп, тойған жерінен шықпай қоятындар легінен емес. Ол жыл сайын жаз айларында, қолы қалт етсе болды, қаламдас достарын ертіп туған топырағына тартып отыратынына бәріміз куәміз.

Жазушы бұл кітаптағы шығармаларында тау аралаған сәттерін, Алтайдың тамылжыған табиғатын кәсіби шеберлікпен, келістіре суреттейді. «Мен суретшімін ғой, – деп ағынан жарылыпты автор әңгімелерінің бірінде. – Әйтеуір, табиғаттың көркін қызықтаудан әсте жалыққан жан емеспін. Бұл жөнінде менде тойым жоқ, қанағатсызбын. Тіпті ешкімге ұқсамаған ашқарақпын десем де болады. Саяхаттап, қызықтап тау мен тасқа сіңіп кеткім келеді, басым ауған жаққа қаңғырып жүре бергім келеді». Әлекеңнің жан сыры, қалтқысыз шындығы осы тәрізді.

Әрине, оның бұл «қаңғырулары» ізсіз кеткен емес. Адамның өзі әділ болса, Жаратушымыз да оған әділ ғой. Сол белгісіз құдірет Асқаровтың жаны мен жүрегіне жаңа әсерлер сыйлап, тағы бір тың тақырыптар ұсынатын сияқты. Жазушының жүрдек қаламына көркем сөздермен өрнектелетін әсем картиналарды іліктіретін тәрізді.

«Қойға шапқан қара аю» деп аталатын беташар әңгімеде Алтайға аң аулауға келген Ян және Саския Снайдерс есімді голландиялық ерлі-зайыпты азаматтарға қатысты жағдаят баяндалады. Осы арада оқырманның көкейінде бірден: «Голландиялық аңшының біздің елге келіп аң аулайтыны несі? Бұл кітапта шетелдік аңшылардың Алтайда тайраңдауын қалай түсінуге болады?» деген сұрақтар туындауы әбден мүмкін. Сондықтан осы арада мына мәселенің басын ашып айта кеткен жөн. Кітаптағы оқиғалар ел тәуелсіздігінің сонау алғашқы қиын-қыстау жылдарында, мемлекет қоржынында қаражаттың тапшылығынан халық қиналысқа түскен тұста орын алған. Осындай себеппен Үкімет сол кезде мүмкін болатын түрлі жолдармен ел қазынасына азды-көпті қаражат тартуға тырысқан. «Ораза-намаз тоқтықта» дегендей, тәуелсіздіктің сонау таңғы шағында еріккен шетелдік қалталы аңшылардың аң аулауына лицензия сату әлгіндей амалсыз мәжбүрліктен туындаған. Мәселен, бір аю үшін шетелдік аңшыға берілетін лицензияның құны бес мың, таутеке мен бұғы үш мың АҚШ доллары болған. Бұл сол кез үшін расында да әжептәуір қаражат еді. Айтқандай, ниеттенген аңы табылмай, аңшы жорықтан құралақан оралатындай жағдайда, әлгі қаражаттың тең жартысы иесіне қайтарылып берілген. Сондықтан мұндайда шет елдерден аңшылар шақыру үшін ауданда «Интерохота» деп аталатын арнайы мекеме құрылған. Жергілікті азаматтар келген қонақтардың көңілін тауып, мақсаттарының жүзеге асуына, олардың құйған қаражатының түгелдей елде қалуы үшін барынша жағдай жасаған, тер төгіп тыраштанған. Ал кейіннен Қатонқарағай ұлттық паркі құрылған соң табиғатты қорғау жөнінде арнайы заң қабылданып, соған орай «Интурохота» ұйымы тарап, Алтайдағы аң-құстарды аулауға қатаң тыйым салыныпты.

Алғашқы деректі әңгіменің мазмұнын барынша қысқаша баяндар болсақ, Ян мырза аңшылық барысында мүйізі қарағайдай таутекені атамын деп тауешкіні атып алады. Құдай Тағала көбею үшін жаратқан ұрғашы жануарды ату өзін кәсіби аңшы санайтын жандар үшін әлем бойынша ұят іс саналады екен. Олжалаған аңының ұрғашы екенін білген кезде жер түбінен жеткен қонақтың көңіл күйі түсіп-ақ кетеді. Амал жоқ, қонағының көңілін көтеруді ойлаған Ерекең егер қонақ тағы да тиісті қаражатты төлейтін болса, жергілікті әкімшілікпен келісіп, аю атуға қосымша лицензия алып беруді ұйғарады. Сөйтсе, ол Янды ертіп барған алыс тау қойнауында, іздегенге сұраған дегендей, бір алапат аю күн сайын шопандардың малын ұрлап, берекесін алып жатыр екен. Сондықтан малшы қауымы аю іздеп келіп қалған аңшыларды көргенде естері шыға қуанып, қойын сойып, қазан көтеріп, асты-үстеріне түсіп күтеді. Әлгі аңдыған аюлары түн қараңғысына қарай қойларға тағы да шабады. Жазушы әңгімесінде ол пәлекетті «Аю емес, түн қараңғысын жамылған сабалақ жүн дию ма дерсің» деп суреттепті.

Келісімшарт бойынша аюды қазынаға ақша құйып отырған тек Ян ғана атуы тиіс екен. Әлгі дүлей енді бір сәтте отарды тырқырата дүрліктіріп, бір қойды қолтығына қысқан бойы ылдидағы бұталы жынысқа қарай ұзай береді. Ал аюдың түрінен қатты шошынған Ян мырзамыз сындарлы сәтте аюды атудың орнына қозғала алмай, серейіп жатып қалыпты. Осылайша қойшылар қойынан да, әлгі алапаттан да көпе-көрінеу айырылады. Ерекең ренжиді, қойшылар тасталқан болып ашуланады, бірақ одан не пайда, аю кетті орманға сіңіп. Сөйтсе, кейіннен белгілі болғанындай, сол сәтте мылтығын ұстап етпеттеп жатқан Янымыз әлгіндей алапат аюдан шошып кеткені сондай, тіл-аузы байланып, дәрменсіз күйге түсіп, шалбарын дымқылдап алған екен…

Өмірде сирек те болса кездесетін, адам қатты шошыған кезде аяқ-қолы сіресіп қимылсыз қалатын, «медвежья болезнь» деп аталатын осындай ауру бар екен…

Ал «Баянқара оқиғасы» деп аталатын екінші эсседе Кацуо Мурасаки есімді жапондық аңшының қазақ еліне аюдың өтін іздеп келгендегі оқиғасы суреттеледі. Жапон елінде аю өтінен елде бір қымбат дәрі әзірленетін көрінеді. Мурасакиді орманға жергілікті егерь азаматтар бастап алып шығады. Ұзақ із шолудың нәтижесінде олар бұрқыратып жер қазып жатқан тұрпаты кішілеу аюды алыстан байқайды. Желсіз жақтан абайлап таяп барып, әлгі тарлан тайыншаны үш рет атып омақаса сұлатады. Қаламгердің жазуынша, ашулы аю бойынан жаны шығып өліп бара жатқан сәтте де қайыра атып тұруға қуат табады екен. Атып тұрып аңшыны пәршелеп тастауға оның қайраты да, күші де молынан жететін сияқты. Жазушы мұндайда ересек аю түгілі, қаршадай қонжықтың өзіне соқталдай еркектің күші жетпей қалатын жағдайлар да болатынын ескертеді.

Аңшылар «өлген шығар» деген оймен аюдың жанына барып, Ерікбай деген орманшы оны етігімен теуіп қалса – ол әлі тірі екен. Ерікбайдың тепкен аяғынан шап беріп ұстап, етігінің өкшесін жұлып, ұлтанын айырып жібереді. Абырой болғанда, жанындағы жігіттер сол сәтте қолдарындағы мылтықтарымен бытырлатып атқылап, аюды қайыра сұлатады. Орманшы жігіт Құдай сақтап осылайша аман қалады. Алайда сол жаудырған көп оқтың бірі аюдың өтін ағызып жіберіпті. Қонақтың іздегені осы өт еді ғой. Енді не істемек? Бұл тығырықтан қалай шығарын білмей қиналған аңшыларға Ерен көрші ауылдағы кержақ шалдан қажет затын алдырып, қонағын аман-есен еліне шығарып салыпты.

«Бұғы қуып, аю алған» деп аталатын кезекті шығармада италиялық Дино Мазарини есімді графты аю алуға жергілікті егерь Манарбек Омаровтың жол сілтеуімен Ерен Жұмағұлов бастықтың өзі ертіп шығады. Алайда олар көп іздегенмен, маймағы құрғыр оңайлықпен табыла қоймайды. Сондықтан олар жолай оқыс кезіккен бұғыны атуға мәжбүр болады. Мазаринидің аңшылығы да оншалықты асып тұрмаса керек, бұғы жарақат алып, әр жерге қанын тамшылата қашып, қалың орманға сіңіп жоғалады. Қансыраған бұғының бір жерге барып құларын болжаған аңшылар қараңғы түсе бастаған соң оны бұл күні іздемейді. Ертесінде әлгі бұғыны іздеуге шыққан кезде әлдебір сайда бүкшеңдеп жер қазып жатқан аюға кезігеді. Қараса, бұл аю кеше өздері жаралаған бұғының денесін бұрқыратып топырақпен көміп жатыр екен. Жақындап барып, ыңғайлы сәтті күтіп жатқан кезде граф Мазарини сабырсыздық танытып, әлгі аюды тарс еткізіп атып жібереді. Атқанымен аю жығылмай, өкірген күйі қалың жынысқа, одан әрі қара орманға сүңгіп жоғалады. Жалпы, аюдың жемтігіне жақын жүру адам үшін қауіпті. Сондықтан Ерекең қонағына шеткерілеу ашық жерге барып тұру керектігін түсіндіреді. Граф жартас жиегіне барып төмен етектегі табиғат панорамасын қызықтап тұрады. Ал айналаны барлап жүрген Ерекең енді бір сәтте, кенеттен, әлдебір ішкі түйсігімен граф Мазарини жаққа көз тастаса, оған қарай желке жүні жылт-жылт еткен қара тажалдың шауып бара жатқанын байқап қалады. Бұл тажал бағанағы жаралы аю болатын!

Ерекең жан дауысы шыға айғайлап, жарқабақтың ернеуінде қаперсіз тұрған графқа қарай жүгіреді. Айғайды естіп артына жалт бұрылған граф екпіндеп жетіп қалған аюды әйтеуір көріп үлгереді. Шошына баж етіп, оң жақ жамбасына қарай жалт бере ұшып түседі. Екпіндей жетіп қалған аю жартастың жиегіне тоқтай алмай, терең шатқалға құлап кете барады…

Кітаптағы «Аңшылық тауқыметтері» деп аталатын эсседе де аңдар мен адамдардың арақатынасына қатысты осы іспеттес қилы-қилы оқиғалар баршылық.

Біз бұл арада өмірде болған бірер әңгіменің ғана ұзын-ырғасын қысқаша баяндап отырмыз. Бір мақалада барлық оқиғаларды, қаламгердің тебіреніске толы ой-толғамдарын тізіп жату шарт емес шығар! Әдетте жақсы кітаптың рухани шапағатын, эстетикалық әсерін оның өзін толық оқығанда ғана сезіне аласың. Біздің бұл арада айтпағымыз: жалпы табиғат деген, оның жан-жануарлары мен өсімдіктер дүниесі деген, адамдардың табиғатпен қарым-қатынасы деген өзінше бір тұңғиық, терең сырлы әлем екендігі. Ал оны нағыз драмаға айналдырып, оқырман назарына жеткізе білу – тек шебер қаламгердің ғана қолынан келетін шетін шаруа. Ол үшін, бәлкім, Әлібек Асқаров сияқты ару Алтайдың баурайында туыпөсіп қана қоймай, ұдайы соның қыр-сырына үңіліп, өміріңнің біраз бөлігін соған байсыбайлы арнауың да керек шығар. Оқырман ойынан шығатындай көркем де салиқалы дүниелер сонда ғана өмірге келеді деген ойдамыз.

Меніңше, Әлібек Асқаровтың «Қойға шапқан қара аю» жинағы оқырман үшін жазушының Алтай табиғатының аясында өткен түрлі аңшылық оқиғалардан тұратын әсерлі әңгімелерімен тартымды. Маңызды деректерді арқау еткен ойлы толғамдарымен нәрлі, құнарлы сөздік қорымен бағалы.

Бүгінде мерейлі 75 жастың биігіне көтеріліп отырған қаламгер алдағы кезде де өз оқырманын тұшымды туындыларымен қуанта береді деген үміттеміз.

Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ,

журналист

Астана қаласы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button