Қоғам

Арт-терапия зейнеткерлерге қуаныш сыйлады

Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Гаухар Бахытбекқызының жетекшілігімен арт-терапия сабақтары өтуде. Сабақтар шығармашылық атмосферада ұйымдастырылып, қатысушылар сурет пен түстер арқылы өз эмоциялары мен ішкі жан дүниесін бейнелеуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінгі таңда арт-терапия сабақтарына 129 зейнеткер қатысуда. Қатысушылар 8 топқа бөлініп, бейнелеу өнерінің негіздерін үйреніп, түрлі сурет салу техникасын меңгеріп жатыр.
Сабақтар Гаухар Бахытбекқызының авторлық әдістемесі бойынша өткізіледі. Бұл әдіс эмоционалдық күйді жақсартуға, ішкі қысымды азайтуға бағытталған. Үйірме жетекшісінің айтуынша, арт-терапия депрессиямен, күйзеліс пен ұйқысыздықпен күресуге көмектесіп, ішкі үйлесім мен өз-өзіне сенімділікті қалпына келтіреді.

Бейнелеу өнері элементтерін қамтитын арт-терапия – түзету және дамыту бағытындағы тиімді әдістердің бірі. Бұл тәсіл егде жастағы адамдардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға, ұсақ моториканы жақсартуға және зейінді арттыруға көмектеседі.

Қатысушылар мұндай сабақтардың күнделікті күйбең тірліктен арылып, тыныштық пен шабыт сезінуге мүмкіндік беретінін атап өтеді. Солардың бірі, 2024 жылдың ақпан айынан бері Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қатысып жүрген Сәния Алғазина. Оның айтуынша, арт-терапия көңіл күйді ғана емес, жалпы денсаулықты да жақсартады. «Мұндай сабақтар сергектік береді, ұйқыны реттейді және шаршауды азайтады», – дейді ол.
«Сурет салу – адамның ішкі жан дүниесін ашуға, сабыр сақтауға және эмоционалдық тепе-теңдік орнатуға көмектеседі. Бұл зейнеткерлер үшін өте маңызды, сондықтан мұндай сабақтарға қызығушылық жоғары, әрі нәтижесі де айқын», – деп атап өтті үйірме жетекшісі Гаухар Бахытбекқызы.

Көптеген қатысушылар арт-терапияның тек эмоционалдық емес, физикалық денсаулыққа да оң әсер ететінін айтады. Сабақтардан кейін олар өздерін сергек сезініп, өмірге деген көзқарастарының жақсарғанын атап өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button