«Ароматты» аралағанда…

Ауылға да таңсық емес, сондай-ақ қала қазақтары да білек тұсына үйкеп, мойын мен құлақ астына сеуіп жүрген хош иісті әтір өндірісіне жол түскен. Мұнда ер адамға да, қыз-келіншектерге арналған түрі де бар екен. Балаларға да шығарыпты. Әмбебап иіссулар да жеткілікті. Тіпті көлігіңізге жұпар шашып, жатар бөлмеңізге жағымды иіс берер әтір де дайындайды.
Иә, сонымен, Астана қаласында орналасқан «Аромат» цехында болдық. 2020 жылы №1 индустриялық парктен ашылған өндіріс орны түрлі иіссу шығарумен айналысады. Шикізатын Италия мен Франция мемлекетінен алдыратын цехта көбіне-көп жастар жұмыс істейді. Барлығы – 100 қызметкер. Бір қызығы, мұнда арнайы мамандық қажет етілмейді. Жаңадан келген адамға цех басшылығы жұмыс барысын өздері үйретіп, арнайы оқыту курсынан өткізеді екен. Сондай-ақ қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталып, арнайы жұмыс киімі беріледі.
«Өнімнің басым көпшілігі, яғни 85 пайызы сырт елдерге жіберіледі. Ал әтірдің сыртқы қорапшасын Қытайдан алдырамыз. Сондай-ақ құйылмалы әтірлер арнайы цистерналармен келген соң, өндірістегі зертханамызда түрлі хош иіс бойынша зерттеу жүргіземіз. Тауар маркасы қойылып, әр әтірдің өз коды бойынша экспортқа шығарылуда. Жалпы өнімдерді шығару кезінде біз ең жоғары сапалы шикізатты пайдаланамыз» дейді компанияның бас директоры Закир Биннатли.
Ал өндіріс залының басқарушысы Айдын Қайыржановтың сөзінше, өндіріс үш бөлімнен тұрады. Құйылу цехы, жеке зертхана және ғылыми орталық бөлімі, сондай-ақ тауарлар қоймасы. Сонымен қатар өндіріс орнының көрші елдерде 650 сауда нүктесі бар екен. Олар – Ресей, Молдова, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанда орналасқан. Сондай-ақ өз еліміздегі 80 дүкенге таратылады. Тіпті компания 2022 жылы өз өнімдерін Кувейт еліне де жіберіпті.
«Бір күнде 15 мың әтір дайындалады. Ал жыл бойынша 2,5 миллион әтір құтысын құюға цехтың қуаты жетеді. Ал көлеміне келсек, иіссу құтысының 2 миллиграмм өлшемнен бастап әртүрлі өлшеммен 100 миллиграмға дейін болады. Балалар, ер адамдар мен әйелдер пайдаланатын иіссудің сан түрінен бөлек, автомобильдің ішкі салонына, бөлмелерге арнайы қоюға арналған әтірлер дайындалады. Сондай-ақ әр қызметкердің өз атқаратын міндеті бар. Мысалы, бір маман құю жұмысымен айналысса, келесісі қорапқа қаптау немесе арнайы тауар кодын қоюмен айналысады. Ал енді бірі әтірдің сапасын қадағалайды» дейді Айдын Қайыржанов.
Айтпақшы, өндіріс қала сыртында орналасқандықтан, мұндағы қызметкерлерге арнайы автобус қарастырылған. Сондай-ақ компания тарапынан түскі ас тегін беріледі. Ал орташа жалақы – 350-400 мың теңге көлемінде.
«Қызметкерлерге әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып тұрады. Мерекелерде сыйақы беріліп, жаңа оқу жылы немесе «Балалар күні» балабақша мен мектепке баратын балалары бар қызметкерлерге компания тарапынан арнайы сыйлықтар да ұйымдастырылады» дейді компания басшысы Закир Биннатли.
Өндірісті аралай жүріп байқағанымыздай, «Аромат» ЖШС өз мүмкіндігін жыл сайын ұлғайтып келеді. Былтыр цехтан 7,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Сондай-ақ бюджетке 119 млн теңге салық төлеген. Қазір жеке серіктестік қосымша парфюм өнімдерін сақтайтын қойма салып жатыр.
Жеке парфюмдік бренд қалыптастырып үлгерген компания көбіне-көп үлкен көлемдегі тапсырыстарды қабылдап жүр. Сондай-ақ тұтынушылар тарапынан әдейі өздері барып, ұнаған әтірін жекелей сатып алатындар жетерлік. Отандық тауарды дамытуға құлшыныс танытқан серіктестіктің барлық өнімінің бағасы да қолжетімді.
Ержан ҚОЖАС