Ел тынысы

Арнайы қызмет көліктеріне жол беру мәдениеті қалыптастырылуда

Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Өрт сөндіру көлігіне жол бер» профилактикалық акциясы өткізіліп жатыр. Іс-шара жүргізушілер арасында арнайы қызмет көліктеріне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акция барысында өрт сөндіру автокөлігі қала көшелерімен дабыл шамдары мен дыбыстық сигналдарын қосып жүріп өтеді. Бұл жүргізушілерге жедел қызметтерге уақытылы жол беру қажеттігін еске салуға арналған. Іс-шараға №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен патрульдік полиция инспекторлары қатысып жатыр.

Мамандардың айтуынша, егер жүргізуші шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру, жедел жәрдем немесе өзге де жедел қызмет көліктеріне жол бермесе, құқықбұзушылық Бейнебақылау орталығының камералары арқылы тіркеледі. Мұндай жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 598-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Бірінші рет жасалған құқықбұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған, ал бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейтіледі.

Сонымен қатар полицейлер арнайы көлікке жол беру кезінде стоп-сызықты кесіп өтуге байланысты жауапкершілік мәселесіне де түсініктеме берді.

«Егер жедел қызмет көліктері қосулы дыбыстық сигналдарымен және жарық шамдарымен қозғалып келе жатса, жүргізуші оларға жол беруге міндетті. Мұндай жағдайда жүргізушіге қатысты ешқандай әкімшілік жауапкершілік көзделмейді», – деп атап өтті патрульдік полицияның мамандандырылған батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Нәзіров.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, елордадағы жүргізушілердің басым бөлігі мұндай акцияларға түсіністікпен қарап, арнайы қызметтерге жол беруге тырысады.

Алайда тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінің көлікпен бітеліп қалуы әлі де өзекті мәселе болып отыр.

«Көптеген жүргізуші арнайы қызметтерге жол беруге тырысады, ал елемеу жағдайлары сирек кездеседі. Дегенмен тұрғын үйлердің аулаларында көліктердің ретсіз қойылуы өрт сөндіру техникасының оқиға орнына дер кезінде жетуіне кедергі келтіреді. Тар өткелдер мен дұрыс қойылмаған автокөліктер жаңа да, ескі тұрғын үй кешендерінде де кездеседі. Бұл бағалы уақыттың жоғалуына әкеледі», – деді өрт сөндіруді ұйымдастыру басқармасының басшысы Саят Қажымов.

Мұндай профилактикалық акциялар елордада тұрақты түрде өткізіледі. Негізгі мақсат – жүргізушілерге жедел қызметтерге жол беру арқылы адам өмірін сақтап қалуға болатынын еске салу.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button