Басты ақпаратҚоғам

Архив құжаттары – Астана тарихының қайнар көзі

Архивті құнды тарихи құжаттар сақталған алтын сандық десек, астаналық архивте қазақтың бас қаласының қадым замандардан бергі құпиялары қатталған. 22 желтоқсан – Архившілер күні қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі осыдан 30 жыл бұрын жеке мекеме болып құрылған Астана қаласының Мемлекеттік архивіне бас сұққан еді. Архив директоры Жангелді БИМОЛДИН осынау ғажайып өлкенің сырларын сақтаған сары қағаздарға тіл бітіріп, қазақ ордасының тарихын қалыптастырған тұлғалар жайлы көптеген деректі айтып берді.

– Жангелді Бержанұлы, ­әуелі осы Астана қаласы Мемлекеттік архивінің негізгі мақсаты және қор құрылымына тоқталсаңыз.

– Ақмола архиві тарихының бастауы тым тереңде жатыр. Соның негізінде өз алдына дербес мекеме болып құрылған бас қаламыздың архиві өз қызметін қала әкімінің шешімімен 1995 жылдың қараша айынан бастаған. Тәуелсіз еліміздің аспаны астында түтінін түтеткен архивке биыл 30 жыл толып отыр. 30 жылда 70-тен астам қызметкер еңбек ететін қаламыздағы белді мекемеге айналды. Қазіргі таңда құжаттардың саны 800 қорға таяу, ал есептік бірлік­тегі құжатты алып қарасақ 500 мыңға таяу, нақтырақ айтсақ 473 мыңды құрап отыр.

– Елордалық архивте қандай құндылықтар сақталған?

– Жалпы архивке келіп түскен құжаттардың бәрі құнды. Себебі архивке мекемелердің құжаттары келіп түспес бұрын ғылыми-техникалық зерттеу жүргізіледі. Мәселен, мекеменің тарихына, жұмысына, жеке құрамы, хат алмасулар зерттеле отырып сақталады. «Бізге бір ғимараттан екінші ғимаратқа көшуге рұқсат беруді сұраймыз» деген сияқты құжат емес, нақты үлкен проблемалар жазылатын хаттарды тұрақты сақтауға аламыз.

– Осы құндылықтардың арасынан елорда тарихын паш ететін қандай деректерді атар едіңіз?

– Астанада шаһар тарихына қызығушылық танытқандарға таныстыратын, көне Ақмоланың тыныс-тіршілігінен хабар беретін бірқанша тарихи ғимараттар немесе олардың орындары сақталған. Қалада православ мешіттерімен қатар, мұсылман мешіттері болған. Соның ішінде ең бір аты шыққаны – ескі мешіт. Бұл – Ақмола округінің алғашқы аға сұлтаны болған Қоңырқұлжа Құдаймендиннің қаражатына 1838-1842 жылдары тұрғызылған мешіт. Ғибадатхана қазіргі А.Иманов және М.Әуезов көшелерінің қиылысында орналасты. Алайда мешіт 1920 жылғы алапат өрт кезінде түгелдей жанып кетеді. Мешітті салуға қатысты архивте аға сұлтанның сұраныс хаттары сақталған. Одан кейінгі «Жасыл мешіт» – Қоңырқұлжаның мешітінен кейін қалада тұрғызылған екінші мешіт. Халық арасында «Татар мешіті» деп те аталған. Себебі ол татар көпесі Нүркей Забировтің қаражатына тұрғызылған еді, ал «жасыл» деп аталуы – шатырының жасыл түсті болуынан. Жасыл мешіттің орны – қазіргі Республика мен Абай даңғылдарының қиылысы. Өкінішке қарай, бұл күнге дейін қоршауы ғана сақталған. Әктелген, бағандарының үшбұрышты қалпағы көк сырмен сырланған тас қоршауды көрсеңіз, бұл сол байырғы «Жасыл мешіттің» жұрнағы деп біліңіз. Ақмола тарихында Ақмола өңірінен шығып, «Бірінші гильдия көпесі» атанған Қосшығұловтар әулеті де салмақты орын алады. Олардың аты Петерборға дейін мәлім болған. Аңыз бойынша Баймұхамбет Қосшығұловтың үлкен баласы Құрманғали Германия­ға барып, автомашина жарысына қатысқан екен. Сол жақтан алғаш көлікті көріп, Ақмолаға әкеледі. Елде жоқ жаңа техникаға қызыққан осы өңірдің бай көпесі Кубрин автомобильді өзіне сатуға қолқа салады. Әрине, Құрманғали округтің абыройлы азаматының сөзін жерге тастамайды. Бұл туралы зерттеуші, тарихшы, өлкетанушы Ерлан Күзекбаев «Инфо-Цес» газетіне жазған. Кейін Қосшығұловтың тұңғышы автомобиль зауытын ашу жұмысын бастаған екен. Алайда одан кейін төң­­ке­рістер басталып, бұл тек қана арман күйінде қалады. Осы және басқа тұлғаларға қатысты фотодеректер Ақмола өңіріне мәлім, алғашқы фотограф Константин Шахов қалдырған фотосуреттерден көрініс тапқан. Баймұхамбет Қосшығұловтың сол кезеңде кәмпит-тоқаш фабрикасы, «тас дүкені» деп аталып кеткен «лавкалары» болса, солардың қасбеті, ондағы жұмысшы ұжымы Шаховтың фотоаппараты объективі арқылы мәңгілікке естелік болып қалды. 1914-1918 жылдары салынған диірменші Петр Моисеевтің үйі күні бүгінге дейін сақталып қалды. Қала қонақтарының баратын жері. Бұрынғы Торговая көшесі, қазіргі Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде тұр. Бұған қатыс­ты Есіл өзені бойында бидайдың шығымы мол болмағанмен, дақылының қаттылығы бойынша ең мықты, жоғары сұрыпты болып саналған деген дерек бар. Сол сияқты қазіргі таңда біздің зерттеушілерімізге, қонақтарымызға көрсете алатын тарихи ғимараттардың бірі – Шестаковтың қызыл диірмені. Бұл ғимарат әлі күнге дейін бар. Сонымен қатар ағайынды көпес Халфиндердің жергілікті халыққа көп қол­ғабысы тиген. Сауда ке­руеніне шыға алмайтын, мүмкіндігі жоқ жандардың малын қажетті затына айырбастап әкеліп беріп тұрған. Халфиндердің үйлері бүгінгі заманымызға жетпегенмен, орындары қайда екенін нақ басып көрсете аламыз. Фотосуреттері сақталған. Ақмола халқына Кубрин әулетінің де есімі кеңінен танымал. Оның ескі сәулет өнерінің көзіндей болып сақталған үйі қаламыздың көрнекті көшелерінде тұрғаны көпке белгілі. Кубрин бай көпес қана емес, қалалық Думада басшылық қызметте болған, аумақ­қа билігі жүріп тұрған жан еді. Осыған байланысты аурухана, мектеп, өрт сөндіру орындары, диірмендер салуға қатысты мәселелерге етене араласқан. Міне, архивіміз бұларға байланысты немесе жанама қатысты құжаттардан бөлек, естеліктермен де құнды. Біз айтқан және басқа да тарихи тұлғаларға қатысты естеліктер Астана тарихын зерттеу жұмыстарының нағыз қайнар көзі болып отыр деп айта аламыз. Осының барлығы – Астана қаласы Мемлекеттік архиві құжаттарының негізі, шаһар тарихының, онымен байланысты ел тарихының бастауы.

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері шетелден қандай тарихи құжаттың көшірмесі жеткізілді?

– Бұл бағытта Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2016 жылдан бастап өте ауқымды іс тындырылған. Көршілес Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінің архив мекемелерінде зерттеу жұмысы жүргізілген. Бұл құжаттар қорда сақталған. Солардың ішінде қызығушылығымызды тудыратыны – 1832 жылы Ақмола округі құрылғанда, оның алғашқы аға сұлтаны болып сайланған Қоңырқұлжа Құдаймендин және оның ұлдарын 1837-1847 жылдары Ресей империясының отарлық саясатына қарсы көтерілісті бастаған Кенесары Қасымұлына көмектескені үшін тергеу туралы арнайы құжат. Тарихи мәліметтерде сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылардың басты қарсыласы болғаны жазылады. Ал бұл құжатқа зер салсақ, керісінше, ұлт-азаттық көтерілістің көсеміне көмектескені үшін қудаланғаны көрінеді. Қарап отырсақ, ұлт ұландарының қай-қайсысы да «қазақ халқының туын көкке желбіретсем, басына бақ орнатсам» деген ортақ арман-мақсатқа ұмтылған. Бірақ әртүрлі жолды таңдаған. Кенесары Қасымұлы жеке хандық құрып, қазақты жеке мемлекет ретінде дәуірлетсем десе, Қоңырқұлжа Құдаймендин патша өкіметіне арқа сүйей отырып, олардың ғылымын, еңбегін пайдалана отырып, қаланы дамытып, елімізді бақытқа жеткізсем деген ойы болғанға ұқсайды. Одан кейін қалалық Думаға қатысты құжаттар көп әкелінген. Онда қала өміріндегі сәулет, ауыл шаруашылығы, медицина, білімге байланыс­ты материалдар бар. Мәселен, құрылысқа қанша кірпіш бөлінеді, төбесін жабатын ағаштарды қайдан қиып әкелу керек – бәрі қатталған.

– Осы құнды құжаттарға ғалымдар тарапынан сұраныс көп шығар?

– Тарихты сақтайтын қастерлі орында Ақмола қаласына, Қараөткел даласына қатысты хаттар 1737 жылдан басталады. Бұл – шетелден әкелінген құжаттар. Ал негізгі өзіміздің қалыптастырып жатқан құжаттар 1915 жылдан басталады. Яғни патшалық Ресей кезеңінен. Одан кейінгі құжаттардың қалпын қамтитын кеңестік кезеңдегі құжаттар және 1991 жылдан бастап тәуелсіз Қазақстанға байланыс­ты, яғни бүгінімізді дәріптейтін құжаттар. Осы құжаттарға қала, еліміз, шетел бойынша қызығушылық танытушылар өте көп. Неге десеңіз, бұл жерде кезінде үлкен сауда орталығы болса, соғыстан кейін тың игерушілер орталығы болды, одан кейін тәуелсіз Қазақстанның орталығына айналып отыр. Сондықтан құжаттарымызға шетелдіктерден сұраныс көп. Архивке жылына 10 мыңнан аса сұраныс келіп түседі. 300-ге жуық зерттеуші өздері қызығушылық танытып, оқу залында отырамыз деп келеді. Ал жастар жағы көбіне қашықтан сұраныс беріп, қажетті материалдарын электронды түрде алдыра алады. Соның бәрін қамтығанда, бізде 1000-нан астам сұраныс түсіп тұр. Бұл архив мүмкіншілігі­нің артқанын көрсетеді. Көп жағдайда архивке физикалық келудің қажеті бола бермейді, өйткені құжаттардың барлығы цифрландырылған, заманауи әдіспен, қашықтан жұмыс істеу­ге мүмкіндік жасалған.

– Бас қаланың баға жетпес деректерін сақтаудың ерекше тәсілдері бар ма?

– Арнайы комиссиямыз ар­қылы мекемелерден сақтауға жататын құжаттарды қабылдағаннан кейін, біз оның ұзақ жыл сақталуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл үшін түпнұсқаның көшірмесі дайындалады. Сақтық қорын жасаймыз. Ол бөлек қалада, бөлек жерде сақталуы керек. Пайдалану деген ауқымды бағытқа зерттеулер мен сұраныстарды қамтамасыз ету жатады. Бұрын тек негатив арқылы сақтық қорын жасасақ, қазір сақтық қорының да, пайдалану қорының да цифрландырылған нұсқасы бар. Жалпы әке баланың алдында қалай жауапты болса, біз тарихтың алдында солай жауаптымыз. Сондықтан бұл құжаттардың сақталу талаптары ерекше. Архив құжаттарының ішінде темекінің қағазындай жұп-жұқа қағаздар да бар, қалың плакаттар да бар, қазіргі қолданыстағы қағаз да бар, кеңестік кезеңдегі сары қағаздар да бар. Құжаттар тек қағаз түрінде ғана емес, аудио, видео, кино құжаттары түрінде кездеседі. Сол себепті олардың сақталу талаптары әртүрлі. Мысалы, біз қағаз құжаттарын 19-20 градуста сақтаймыз, ал ылғал 55-60 пайыз арасында болуы керек. Оларға тікелей күн сәулесі түспеуі керек, терезелері қараңғылатылған болуы тиіс. Кей архивтерде терезе мүлдем болмайды немесе люминесцентті арнайы шамдар пайдаланылады. Бұл – белгіленген, дәлелденген талаптар. Мекеме «Архив-2025» бағдарламасы аясында қала әкімдігінің қолдауымен еліміздің көптеген өңірінде жоқ құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мәселен, құжат келгенде сақтап қоятын қап, одан соң шаң-тозаңнан арылтатын шаңсорғыш, ламинаттайтын арнайы материал, кесетін құрылғы, ыстықтай құжатты өз формасына әкелетін үтік, реставратордың арнайы жарықты үстелі, құжаттарды сақтайтын қораптарды істейтін үлкен әмбебап құрылғы архив қорының өз деңгейінде сақталуына зор мүмкіндік беріп отыр. Құжат, карталарға арналған сканерлер еліміздегі бізден басқа архивтерде жоқ деп айтуға болады. Бас қаланың архивіне аса көңіл бөлу заңдылық та. Өйткені 1995 жылы құрылған Астана қаласының Мемлекеттік архиві бүгінде елорданың ғана емес, барша еліміздің тарихи, мәдени, саяси дамуының айнасына айналды. 30 жылдық мерейлі тарихында мекеме сан мыңдаған құнды құжаттарды жинақтап, ұлт жадысын сақтауда айрықша рөл атқарып келеді.

 Сұхбаттасқан

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button