Ардагерлер өнер көрсетті

Астана қаласы Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің қолдауымен және Алматы ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мен «Ұрпаққа аманат» зияткерлер клубының ұйымдастыруымен «Жаңару» күніне арналған «Бұлақ көрсең – көзін аш» рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға қала тұрғындары, ардагерлер қатысты.

-Қазақтың «Бұлақ көрсең көзін аш» деген даналығы бар. Оның астарын түсінсең, бұлақ, бұл көп мағына береді. Ал халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігіне қоса «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қағиданың басқа да мағыналары бар. Солардың бірі –жаңа басталған тірлікке қол ұшын созу. Жүректің сөзін жеткізіп, тілек тілеп, басталған игі істердің жандануына, оның болашақта алға басуына ықпал ету. Сонымен қатар жаңадан құрылып жатқан «Тамға» этно-фольклорлық ансамблінің алғашқы қадамдарына куә болдық. «Тамға» этно-фольклорлық ансамблінің халқымыздың ғасырлар бойы жинаған, қазіргі кезде ұмыт болып бара жатқан фольклорлық жанрдағы толғауларын, термелерін, әндерін, жырларын тыңдап марқайып қалодық, -деді Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин.
Іс-шараға 62 жастан бастап, 80 жасқа дейінгі 15 ардагер қатысты. Қатысушы қариялар өз қолдарымен жасаған аспапта ойнап, өнерлерін көрсетті.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



