Ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысы ауқымды
Астанада қалалық Ардагерлер кеңесінің кезекті 12-ші есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Бес жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл маңызды жиын кеңестің жаңа құрамын айқындауға арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz..
Конференцияның негізгі мақсаты – атқарылған жұмыстарға есеп беру, кеңестің жаңа құрамын сайлау, төрағасын, алқа мүшелерін бекіту және республикалық съезге делегаттар ұсыну. Жиынды модератор ретінде кеңес төрағасы Сансызбай Есілов жүргізді.
Алқалы басқосуға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің талқылану барысын бақылады.
Күн тәртібіне қойылған негізгі төрт мәселе – есеп беру, ревизиялық комиссияның есебі, кеңестің жаңа құрамын сайлау және съезге делегаттар сайлау.
Жиынға алты ауданнан 76 делегат, сондай-ақ қаладағы өзге де қоғамдық ардагерлер ұйымдарының, білім саласы ардагерлерінің және басқа да ардагерлер ұжымдарының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, конференция барысында ел өміріндегі маңызды саяси науқан – алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдум мәселесі де қозғалды.
Баяндамадан кейін жарыссөзге шыққан қатысушылар кеңес жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді. Дауыс беру нәтижесінде кеңес құрамы 49 адам болып бекітілді. Барлық делегаттардың бірауызды шешімімен Сансызбай Есілев үшінші мәрте қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ревизиялық комиссия есебі тыңдалып, кеңестің өзге де мүшелері бекітілді.
«Бүгінгі конференция көздеген мақсатына жетіп, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Бұған дейін кеңес құрамы 40 адамнан тұрса, қаладағы аудандар санының өсуіне байланысты бұл жолы 49 адам болып қайта құрылды. Алдағы уақытта жаңа құраммен, жаңа серпінмен қала зейнеткерлерінің игілігі жолында жұмысты жалғастырамыз», – деп жаңадан сайланған кеңестің жауапты хатшысы Салтанат Дәулетханқызы атап өтті.
Ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да қоғамдағы бала тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Есет Берікұлы әкім атынан алғыс айтып, ардагерлер қауымының қоғамдағы рөлін жоғары бағалады.



