Мәслихат

Ардагерлер – ел тірегі: Алматы ауданында есеп беру конференциясы өтті

Астана қаласы Алматы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің V есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиынға аудан әкімі, қалалық және республикалық ардагерлер ұйымдарының өкілдері, мәслихат депутаттары мен 52 делегат қатысты. Конференция 2021–2025 жылдар аралығындағы жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындауға арналды.

Жиынды ашқан аудан әкімі Рүстем Тәуекелов ардагерлердің қоғамдағы айрықша орнына тоқталып, олардың ел тарихындағы рөлін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Ардагерлер – ел тарихының тірі шежіресі, қоғамның рухани тірегі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен парасат-пайымдарыңыз – жас ұрпақ үшін үлкен өнеге», – деді.

Бүгінде ауданда 29 мыңнан астам ардагер бар екенін, олардың басым бөлігі 50 бастауыш ұйымға бірігіп, қоғамдық өмірге белсенді араласып отырғанын айтты. Сонымен қатар ауданда Ұлы Отан соғысының бір ардагері мен 198 тыл еңбеккері өмір сүріп жатқанын айтып, бұл үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.

Әкім Мемлекет басшысының ардагерлерге қолдау көрсету жөніндегі саясатына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін білдірді. Сондай-ақ аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы Мұстафиннің ұйымдастырушылық еңбегін атап өтіп, соңғы жылдары ардагерлердің саяси-мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келе жатқанын айтты.

Есепті кезеңде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар, соғыс ардагері Рзағұл Байкешевке құрмет көрсету, мектептердегі патриоттық кездесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны сөз болды. Сонымен қатар Железнодорожный тұрғын алабында ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы орын бөлінгені, ардагерлердің қалалық сенбіліктерге және жаңа қоғамдық кеңістіктердің ашылуына белсенді қатысқаны атап өтілді.

Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин өз баяндамасында ұйым жұмысының негізгі бағыттарын саралап, әлеуметтік қолдау, рухани-мәдени шаралар мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту мәселелеріне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылы 5 қаңтарда “Turkistan” газетінде берген “Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты” атты сұхбатында бүгінгі қоғамның жай-күйі сараланып қана қоймай, ел дамуының алдағы кезеңіне арналған нақты бағдар мен міндеттер айқындалды. Елімізде болып жатқан барлық өзгерістердің негізі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті. Біз Президентіміздің әр Жолдауына үн қосып, әр тапсырмасының орындалуына өзіндік үлес қосудан шаршаған емеспіз.

Мәселен, 2025 жыл елімізде Президент бастамасымен “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялануына орай ауданымызда бірқатар іс-шаралар өткізілді. Аудан әкімдігінің бастамасымен, Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің және “Amanat” партиясының қатысуымен жұмысшы мамандықтар жылына арналған “Еңбек жәрмеңкесі” ұйымдастырылды.

Ардагер аталарымыз бен әжелеріміздің қатысуымен Ахмет Байтұрсынов атындағы №48 мектеп-лицейде, Райымбек батыр атындағы №50 мектепте, №104 мектеп-гимназияда және Е. Серкебаев атындағы №3 музыка мектебінде “Ұрпақтар сабақтастығы” аясында кездесулер өтті. Астанадағы “Қоғамдық тамақтану және сервис” колледжі жоғары білікті мамандар даярлауда жетекші оқу орындарының бірі. Колледж білім берумен қатар жастарды тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға және әлеуметтік интеграцияға ерекше көңіл бөліп келеді», – деді Марат Мұстафин.

Оның айтуынша, бастауыш ұйымдардың жұмысы жүйеленіп, ардагерлердің өтініштері тұрақты қаралып келеді, ал мәдени-патриоттық іс-шаралар олардың қоғамдық белсенділігін арттырған.

Конференция барысында алдағы жоспарлар да айқындалды. Мерейтой иелерін құттықтау, «Наурызнама» онкүндігін ұйымдастыру, жаз мезгілінде абаттандырылған аулалар мен қоғамдық орындардың ашылу салтанаттарын өткізу секілді шаралар күн тәртібіне енгізілді.

Жиын қорытындысында ардагерлердің ұсыныстары мен бастамалары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ететіні айтылып, өзара ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Конференция барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер мұқият талқыланды. Аталған талқылаулардың нәтижесі бойынша Марат Кәрімұлының бұрынғы жұмысындағы жетістіктері жоғары бағаланды. Соңғы бес жыл ішінде ол аудандық ардагерлер ұйымының қызметін тиімді үйлестіріп, әріптестері мен қоғам тарапынан сенім мен құрметке ие екені айырықша аталып ауданның XII, қаланың V конференциясының, сондай-ақ Республикалық қоғамдық ұйымның алдағы «Ардагерлер ұйымы» XII съезінің қаулыларына сәйкес, «Алматы» аудандық Ардагерлер кеңесінің алдағы бес жылдағы төрағасы қызметіне Мұстафин Марат Кәрімұлы қайта сайланды.

Шапағат Әбдір

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button