Басты ақпаратЕл тынысыРуханият

Арда перзентке құрмет

Елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым, жазушы, журналист, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлының өмірі мен қызмет жолына арналған мұражай мен кеу­демүсіннің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымды іс-шара Астана қаласындағы Нәзір Төреқұлұлы атындағы №35 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға мемлекеттік орган өкілдері, нәзіртанушы ғалымдар, Нәзір Төреқұлұлының туған-туыстары, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері қатысты.

Іс-шара барысында Нәзір Төреқұлұлына арналған кеудемүсіннің лентасы қиылды. Салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев, Сауд Арабиясы Корольдігі елшісінің өкілі Ғасан әл-Ахмади, Маңғыстау облыс­тық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса және №35 мектеп-лицейдің директоры Зәуреш Әділбекова қатысты.

«Біз мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым, жазушы, журналист, көрнекті сыншы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші Нәзір Төреқұлұлының есімін иеленген №35 мектеп-лицейінде ұлт руханияты үшін айрықша маңызы бар тағылымды сәтке жиналдық. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғаның құрметіне арналған мүсін мен мұражайдың ашылуы – өткенге тағзым, болашаққа аманат. Бүгінде Нәзір Төреқұлұлының есімі Қазақстанмен ғана шектелмей, күллі әлемге танылып отыр. Бұл – ұлттың арда перзентіне көрсетілген зор құрметтің, тарихи әділдіктің айқын көрінісі» деді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов.

Мұражайдың ашылуымен қатар, келушілерге арнайы таныстырылым өтті. Мұражай қорына 40-қа жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында тарихи құжаттар, сирек кітаптар, көне бұйымдар, Нәзір Төреқұлұлы жайлы жазылған ғылыми еңбектер бар.

№35 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, музей меңгерушісі Мейіржан Рамазанұлы музейдің мазмұндық ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ Нәзір Төреқұлұлының ғұмыр жолына арналған «Нәзір Төреқұлұлы жолы » атты деректі фильм­нің алғашқы көрсетілімі өтті. Фильмде қайраткердің өмірі, күрес жолы мен тарихи рөлі архивтік деректер арқылы кеңінен қамтылды.

Салтанатты жиын барысында «Нәзір Төреқұлұлы – Алаш қайраткері» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Конференцияда ғалымдар мен зерттеу­шілер тұлғаның қоғамдық-сая­си қызметі, дипломатиялық миссия­сы және рухани мұрасы жөнінде баяндамалар жасады.

«Нәзір Төреқұлұлы туралы бүгінге дейін аз айтылып жүрген жоқ. Алайда соған қарамастан, оның тұлғасына қатыс­ты әлі де терең зерттеуді қажет ететін, назардан тыс қалып келе жатқан маңызды мәселелер бар. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлымен бірлесе отырып жазған «Ұлт туралы тезистері», Мағжан Жұмабаевпен рухани сабақтастығы, сондай-ақ мұсылман әлеміндегі орны әлі де жан-жақты ғылыми тұрғыда зерделенуі тиіс. Нәзір Төреқұлұлы тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұрты мен мұсылман дүниесінің ортақ тарихи тұлғасы» деді Нәзір Төреқұлұлының шығармашылығын алғаш ғылыми тұрғыда зерттеген ғалым Жолтай Әлмашұлы өз баяндамасында.

Іс-шараға еліміздің әр өңіріндегі Нәзір Төреқұлұлы атындағы мектептердің ұстаздары қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Басқосуда тұлға мұрасын білім беру жүйесінде насихаттау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы Нәзір Төреқұлұлының атаулы музейінің көшпелі көрмесі астаналық көрерменге ұсынылды.

Салтанатты жиын соңында Нәзір Төреқұлұлы атындағы қаржылай шәкіртақы үздік үш оқушыға табысталды. Бұл мәртебелі марапат Айсана Төкбие­ва, Айсәуле Сүндетова және Бейбарыс Айтқазиновке берілді. Шәкіртақы тұлға мұрасын құрметтейтін, білімге құштар жас ұрпақты қолдаудың алғашқы бас­тамасы болды. Алдағы уақытта бұл үрдіс жыл сайын жүйелі түрде жүргізіледі.

Ғалымдардың баяндамалары, ғылыми конференциядағы талқылаулар, «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» деректі фильмінің тұсаукесері және елдегі Нәзір Төреқұлұлы атындағы мектептердің өкілдері қатысуы – ұлы тұлғаның мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеудің, талдаудың және кеңірек насихаттаудың қажет екенін көрсетті. Бұл арқылы мектеп оқушылары тарихи деректерге, архивтік материалдарға және тұлғаның қоғамдық-саяси қызметінің мәніне көз жеткізді.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button