Денсаулық

Арал өңірі халқының денсаулығы экологиялық саммитте талқыланады

Арал өңірі халқының денсаулығы Астанадағы өңірлік экологиялық саммитте талқыланады, деп хабарлады astana-akshamy.kz

Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) аясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұйымдастыруымен Арал өңірі халқының денсаулығына арналған панельдік сессияны өткізу жоспарлануда.

Іс-шара Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлерін және ДДҰ өкілдерін біріктіреді. Сессия өңірдегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі — көлемінің 90 пайыздан астамын жоғалтқан және халық денсаулығына, соның ішінде анемия деңгейінің жоғары болуына әрі түрлі экологиялық факторлардың әсеріне ықпалын жалғастырып отырған Арал теңізінің тартылуы салдарына арналады.

Қатысушылар болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғау тәсілдерін талқылап, «Арал теңізі өңіріндегі салауатты болашақ» атты Жол картасы жобасын таныстырады, сондай-ақ экологиялық тәуекелдерді азайту және орнықты дамуды ілгерілету мақсатында өңірлік ынтымақтастықты нығайту шараларын қарастырады. Орталық Азия елдерінің үкіметтері мен ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы үйлестірілген іс-қимылдарды қалыптастыруға, сондай-ақ бастамаларды ДДҰ-ның негіздемелік құжаттарымен, халықаралық табиғатты қорғау келісімдерімен және Тұрақты даму мақсаттарымен сәйкестендіруге ерекше назар аударылады.

Талқылаулардың маңызды бөлігі бірлескен бастамаларды іске асыру үшін орнықты саяси қолдауды жұмылдыру және халықаралық әріптестікті дамыту мәселелеріне арналмақ.

Анықтама: Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара.

RES 2026 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында (Қазақстан) өтеді. Саммитке мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын 1500 делегаттың қатысуы күтілуде. RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын.

RES 2026 туралы ақпарат https://res2026.kz/ сайтында.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button