Ақжолтай «Ақиқат»

Осыдан 35 жыл бұрын қазағы кемшін ортада қазақ тілінде жарық көрген мерзімдік басылым еліміздің тоқыраудан кейін дүр сілкініп, бағаны бетімен жіберіп нарықтық экономикаға бет бұрған алмағайып күндерде қайта құрулар мен жариялық демімен алакеуімде жарық көрді. 1990 жылдың 13 қазаны облыс орталығы Целиноград қаласының ресми органы әрі сол кездегі Целиноград қаласының тұңғыш ресми баспасөз органы – «Ақмола ақиқаты» газеті оқырманға жол тартқан күн еді.
Ол қалай жүзеге асқан еді дегенде «Ақмола ақиқаты» газетінің редакторы Кенже Жұмағұлов былайша еске алады: Сол кездегі Целиноград облысының орталығында қазақ тілінде газет шығару қажеттілігін зиялы қауым өкілдері қала басшылығына жеткізеді. Содан қала басшысы Аманжол Бөлекпаев бұл ұсынысты күн тәртібіне қойып, ұйымдастыру шараларын айқындады. Аталған шаруаны әрі қарай қалалық атқару комитетінің хатшысы Марат Жақыпов қолға алды» дейді.
Әрине, газет шығару оңай іс емес. Алдымен ұйымдастырушылық-құқықтық шаралары түгендеуі тиіс. Біздің қолымыздағы құжаттарда қалалық халық депутаттары Кеңесінің ХХІ сессиясының шешімі бойынша «создать оргкомитет по решению всех вопросов, связанных с организацией выпуска, определением названия, формированием штата редакции, назначением редакционной коллегии и определить сроки выхода в свет первого номера» делінген.
1990 жылы тоғыз нөмірі шығып үлгерген қаланың қос газетіне 1991 жылдың басында қалалық атқару комитетінің бюджеттен тыс қаражатынан 50 мың рубль бөлінеді.
«Ақмола ақиқаты» деген аталуында да ерекше мағына бар. Орысша газетке «Вечерний Целиноград» атауы бекітіліп, қазақша атауына келгенде, тың қаласына дейінгі ежелгі атауы «Ақмола ақиқаты» деп аталуы көптің рухын көтерді. Газет шыққан күннен бастап айтулы тақырыпта газет тілшілерінің, қоғамдық тілшілердің, яғни штаттан тыс авторлардың, қарапайым оқырмандардың мақалалары тұрақты жариялана бастады. Газеттің бастамасынан ұшқын алған үрдіс бүкіл республика жұртшылығына ой салып, бұқаралық күреске ұласты. Осылайша, халықтық тақырыпқа айналған Ақмола атауын қайтару мәселесі 1992 жылы шілдеде түбегейлі шешімін тапты. Сөйтіп, 1990 жылдың 13 қазан күні «Ақмола ақиқаты» оқырман қолына тиді. Бастапқы жылдарда Еділ Демеуқұлов, Жұмагүл Сәтмұхамбетова, Орынбай Балмұратов, Бейбіт Оспанов, Айсұлу Қасымова, Тұрсын Есілбаева, Күләш Сәдуова, Ғалым Қожабеков, Қуат Мақашев, Нұрболат Бекетаев, Ерболат Тілеубергенов, Тұрсынбек Әбдуов, Қанат Мақышев еңбек етті.
Асыға күткен ақжолтай алғашқы нөмірінде республикалық БАҚ өңірлік басылымдарының басшыларының ақжарма тілектерімен шашу шашыпты. Бәйгеге қосқалы отырған жаңа газеттің қарымы мықты болып, қоғамның қордаланып қалған мәселелерінің бір жағын көтереді деген үмітін жасырмайды. «Социалистік Қазақстан» газетінің Целиноград облысы бойынша меншікті тілшісі Мұратбек Тоқтағазин, жылдар бойы тордағы торғайдай шырылдаған ащы ақиқатты айтқызып, қоғамның ілгері дамуына соны серпін беріп, қуаты молыға түссін дейді. Целиноград облыстық теледидарының бас редакторы Смағұл Рахымбеков, Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бас редакторы Октябрь Әлібеков, «Қараөткел» газетінің бас редакторы Алдан Смаилов, тағы басқа жауапты басқармалардың, қоғамдық ұйымдардың ресми өкілдері жаңа басылымға жылы лебіздерін білдірген. Жаңа газеттің бас редакторы К.Жұмағұловтың да оқырмандарға арнау сөзі осы лебіздермен ұштасып, ұлт-тіл тағдыры, ана тіліміздің биіктен көрінуі елдігімізге сын болмақ деп тарқатады. Жазушы, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мұхтар Мағауин мен оның орынбасары жазушы Рамазан Тоқтаров: «Ақындардың ақ иығы, дана Сәкен топырағын басып, жаңа өмірдің жолында күрескен, талай таланттар туғызған қасиетті Қараөткел – Ақмола шаһарында дүниеге келген «Ақмола ақиқаты» газетіне елінің, жұртының, тілінің тілекшісі, ту ұстаушысы, шындық үшін күрескері бол деген ағалық тілегін білдіргенін жеткізеді.
Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі Нұрғали Оразов: «Ақиқатты айта алмай, бұрынғыдан қайта алмай жүрген халық үшін жаңа басылым атының өзі өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай, баяғыда бір валюнтаристің құрбаны болған қаламыздан тарихи есімін алып, бүгінгі демократия дәуірінің сахнасына ала шығуы біз үшін зор қуаныш!» деп жазады.
Белгілі журналист Жылқыбай Жағыпаровтың «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» атты мақаласында мемлекеттік тіл мәртебесіне енді ғана қол жеткізген шақтағы қазақ тілінің қажет етпеген биліктің басшыларын, қазақ мектептерінің хәлі мен облыстың қазақ ауылдарының ахуалына тоқталып, бар шындықты шырылдап жеткізген. Сол кездері Целиноград облысындағы халық құрамының 47 пайызы орыстар болыпты. Ал қала көшелерінде қазақ тілінде сөйлеуге арланатын қазақтар жеткілікті дейді. Целиноград облысында 166 837 бала оқиды. Оның 44050-і қазақ баласы болса, олардың 3603-і ғана таза ұлттық мектепте, 5570-і аралас мектептердегі қазақ сыныптарында, ал қалған 34 877 бала орыс мектептерінде дәріс алады. Жылқыбай Жағыпаровтың «Заман залалының салдарында ана тілінің амалсыз аражігін ашып алған бұл ұрпақты өз қайнарына қалай қайтарамыз, өз бастауынан қалай сусындатамыз?» деген сауалы әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.
Газеттің соңғы бетіндегі Жұматай Сабыржановтың көңілашарында да ащы шындықты айта кетіпті. Кейіпкерінің аузына салған, «бізді осы, айналайын, двуязычие діңкелетті. Жалғыз сен емес, бүкіл қаладағылар шұбырады бұл күнде. Апыр-ай, қазақша жазып аудара білетіндердің тұқымы осы редакцияларда ғана қалған сияқты» деп орысша мәтінді аударатын адам таппай келген қызға айтқан назынан қазақ редакциясы шын мәнінде қазақ тілінің қаладағы жалғыз жанашырындай болған екен. Газеттің тұңғыш санының алғашқы жазбаларынан-ақ, қазақ руханиятының шамшырағын жарқырататын жолын айшықтапты. Содан бері Ұлт ұпайын түгендеген қаланың басты басылымы өз жолына адал болып, ел намысының жалауын жықпай, желбіретіп келеді.
Айгүл УАЙС