Мәдениет

Ақындар жырында – айтулы Айтұлы

Кеше елордада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының туғанына 75 жыл толуына арналған «Бостандық жырының бозжорғасы» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Іс-шараға Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, елорда әкімдігінің өкілдері, ақынның отбасы, белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар қатысты.

Ұлттық поэзияның өрісін кеңейтіп, азаттық рухын асқақ жырымен айшықтаған көрнекті ақынның мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл республикалық мүшәйра еліміздің әр өңірінен қатысқан талантты қаламгерлердің тың шығармаларын бағамдауға мүмкіндік берді.

Қазылар алқасына белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы төрағалық етті. Сондай-ақ келіп түскен өлеңдерді көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сұраған Рахметұлы, ақын, ғалым Оңайгүл Тұржан, ақын, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Әскербекқызы саралады.

Олардың атынан сөз алған Дәулеткерей Кәпұлы Несіпбек Айтұлының қазақ поэзиясына қосқан үлкен үлесіне тоқталды. Биыл тарлан ақынның мерейтойына орай жерде-жерде түрлі іс-шаралар өткенін айта келе, соның ішінде Семей қаласында еске алу кеші мен Түркістан қаласында аударма кітабының таныстырылымы ұйымдастырылғанын атап өтті. Ақынның отбасы, әріптестері, жақындары атынан осы мүшәйраның өтуіне қолдау көрсеткен Астана қаласының әкімдігіне ерекше алғысын жеткізді.

«Елорда әкімдігі Несіпбек Айтұлының қадіріне жетті. Ақын көзінің тірісінде «Бәйтерекпен» бірге мәуелеп өсті. Астана секілді ақ ордасын талмай жырлады. Небір қаңқу сөздерге дес бермеді. Несіпбек Алашты аяласа, көзінің тірісінде Алаш Несіпбегін аялады. Халқымен бірге жасай беретін ақын Несіпбектей-ақ болар» деді
Дәулеткерей Кәпұлы.

Мүшәйраның қорытындысында үшінші орын Қабиден Қуанышбайұлы, Ахат Расул, Ғылымнұр Кәдірбай, Әсел Оспан секілді төрт ақынға берілді. Екінші орынды Елена Әбдіхалықова, Мирас Асан және Бауыржан Игілік иеленді. Бірінші орын жүлдесін Ұларбек Нұрғалым мен Наурыз­бек Сарша, бас жүлдені көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы мен Мұрат Шаймаран бөлісті.

Сондай-ақ алты ақынға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Мүшәйра жүлдегерлері өлеңдерін оқыды. Серік Ақсұңқарұлы естеліктерді айта келе, Несіпбек Айтұлымен қазақ поэзиясына қатар келгенін жеткізді.

«Несіпбек поэзияға қазақ жырының уызына қанып келді. Біздің тіліміз жартылай қазақша, жартылай орысша шықты. Ал ол нағыз қазақ ақыны болды. Оның әнге жазған мәтіндері қазақ музыкасына Ақан Серінің, Біржан салдың кезіндегі ұлттық әуенді қайта алып келді» деді Серік Ақсұңқарұлы.

Ақын сөзінің айғағындай, дәстүрлі әнші Өзгеріс Шерікбай Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған әндерді әуелетті. Айта кетерлігі, сондай-ақ кеше Еркеғали Рахмадиев атындағы Мем­лекеттік академиялық филармония­ның концерт залында «Дариға — дәурен» атты ақынды еске алу кеші өтті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button