Ақын мұрасы – ұрпақ санасында

Ақын – өз дәуірінің шежірешісі. Ал Сырбай Мәуленов – ХХ ғасырдағы қазақ руханиятының күретамырына айналған тұлғалардың бірі. Оның өлеңдері – сарбаздық рух пен сырлы сезімді тоғыстырған көркем шындық. Біз, ұстаздар қауымы, осындай тұлғалардың мұрасын жас ұрпаққа жеткізуді өзімізге парыз санаймыз. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2025 жылғы 17 қазанда Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейде өткен «Сырбай Мәуленов: ақындық мұрат, сарбаздық рух, азаматтық болмыс» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Бұл шара әдебиет пен ғылымды, ұстаз бен шәкіртті, жүрек пен сырлы сөзді тоғыстырған ерекше күн ретінде есте қалды.
«Астана дарыны» орталығы мен аталмыш білім ордасының бірлесе өткізген конференцияға әдебиеттанушылар, ғалымдар, қаламгерлер мен ұстаздар қатысты. Пленарлық отырыста ақын шығармашылығының өзекті қырлары – ұлттық рух, сарбаздық ерлік, азаматтық ұстанымы мен табиғатпен үндес поэтикалық әлемі жан-жақты талданды.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – ақынның ұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қасым Мәуленовтің қатысуы болды. Ол әкесінің шығармашылық жолы мен адами болмысы туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. «Әкем – алдымен адам, сосын ақын еді. Оның әр өлеңінде елге, жерге деген махаббат, әділет пен шындыққа деген адалдық жатыр», – деген ақын ұлының жүрек түкпіріндегі әкеге деген сағынышы көпшілікке әсер етпей қоймады.
Сондай-ақ, конференцияға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы қатысты. Ол Сырбай Мәуленовтің шығармашылық болмысы мен азаматтық келбетін нақты мысалдармен жеткізді: «Сырбай аға – сөзге де, сезімге де берік ақын болатын. Жай жазған жоқ, жүрекпен жазды. Соғыс шындығы мен тыныштықты аңсау оның әрбір өлеңінде қатар өрілді», – деген ақынның естелігі С.Мәуленов бейнесін тыңдаушыларға жақындата түсті.
Мен, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде, осы конференцияның пленарлық бөлімін жүргізіп, қатысушылармен бірге ақын шығармашылығының мазмұны мен маңызын талдауға үлес қостым. Бұл – мен үшін зор жауапкершілік әрі үлкен мәртебе болды.
Бүгінгі білім беру мазмұны оқушыны тек біліммен ғана емес, адамзаттық құндылық ұстанымдарымен де тәрбиелеуді мақсат етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы – құндылықтарға негізделген білім берудің тиімді құралы. Ақын жырларынан табандылық, адалдық, елге сүйіспеншілік пен бейбіт өмірге ұмтылысты анық байқауға болады.
Мектебімізде өткен бұл конференция – рухани сабақтастықтың, әдебиет пен тарихтың, мұғалім мен оқушының, ұлттық құндылық пен заманауи көзқарастың өзара тоғысқан алаңы болды.
Сырбай Мәуленов – жырмен өмір сүрген, ел рухын өлеңмен өрген ақын. Оның мол мұрасы – жас ұрпаққа бағыт, ұстазға бағдар, ұлтқа аманат.
Саина Нұрұшева,
Астана қаласы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі