Мәдениет

Ақын, ғалымның мерейі

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақын, ғалым Оңайгүл Тұржанның мерейтойына арналған «Қазақстандағы PR мен жарнама мәселесінің өзекті қырлары және даму үрдістері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жиынды жүргізген «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы жиынның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Мемлекет басшысының кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров мерейтой иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын және «Алтын барыс» төсбелгісін тапсырып, Президент пен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтауларын оқып берді.

«Сіз қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар туындыларыңызбен танылған ақынсыз. Шоқтығы биік шығармаларыңыз ұлт руханиятын байытуға қызмет етуде. Іргелі басылымдарда өнімді еңбек етіп, әдебиеттану мен журналистиканы зерттеуге, қазақ баспасөзін дамытуға үлес қосып келесіз. Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтай отырып, жемісті еңбегіңіз үшін алғысымды білдіремін» делінген Президент құттықтауында.

Ал Мемлекеттік кеңесші жолдаған хатында ақын, ғалымды мерейтойымен құттықтаумен қатар: «Көзі қарақты оқырман өзіңізді көрнекті ақын, ғибратты ғалым ретінде жақсы біледі. Сіз ұзақ жыл ел басылымдарында жұмыс істеп, қазақ баспасөзін дамытуға елеулі үлес қостыңыз. «Шерқала», «Теңіздер де шөлдейді», «Жыр – дала», «Ағаштар үнсіз өседі», тағы басқа жинақтарыңызбен жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз. Қазір оқытушылық қызметті табысты атқарып, білім және ғылым саласын өркендетуге атсалысып жүрсіз. Оқулықтар мен монографиялар жазып, жастарға бағыт-бағдар беріп келесіз. Сіздің еңбектеріңіз белгілі ғалымдардың лайықты бағасын алды. Махамбет Өтемісұлының шығармашылығына арналған зерттеулеріңіз әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылған құнды қазына. Қажырлы еңбегіңіз үшін өзіңізге алғыс айтамыз, алдағы уақытта да жұртшылықты жауһар жырларыңызбен қуанта бересіз деп сенеміз» деген жолдармен еңбегі атап өтілген.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын спикердің кеңесшісі Жасұланбек Майлыбаев, Мәжіліс пен Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың жылы лебізін осы партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек оқып берді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мерейтой иесін құттықтап, осы оқу орнының ең жоғары марапаты «Күлтегін» медалімен марапаттады. Маңғыстау облысы әкімінің құттықтауын оның идеология жөніндегі орынбасары Тілеген Әбішев жеткізді.

Бауыржан Омаровтың «Оңайгүл Тұржан шығармашылығы: шынайылық пен шеберлік» атты баяндамасы мәнді, мазмұнды шықты.

Баяндама авторы «Шығармашылықтың жолына түскелі үш саланың тізгінін тең ұстады. Поэзия, ғылым және публицистика. Поэзиясы парасатты. Ғылымы ғибратты. Публицистикасы пәрменді. Яғни, өлеңі өрелі, зерттеуі зерделі, мақаласы маңызды» дей келе журналистикадағы еңбегін, ақындық алымын тарқатты. Журналист-жазушы Шархан Қазығұл поэзиясына тоқталып, белгілі ақындардың Оңайгүл Тұржанға берген бағасын еске алды. Болмысы туралы айта келе, «Оңайгүлдің бойында өркениетті өрлік бар» деген пікірін айтты.

Елтаңба авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков 1992 жылы Елтаңба жобасын әзірлегенде алдымен Оңайгүл ақынға көрсеткенін айта келе, ақынға арнайы төсбелгіні тапсырды.

Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова «Қырымның қырық бірінші батыры: Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясын таныту» тақырыбында баяндама жасап, Оңайгүл Тұржанның қондыбайтануға қосқан үлкен үлесі жайында сөз сабақтады.

М.Нәрікбаев университетінен халықаралық журналистика мектебінің қауымдастырылған профессоры Алма Сайлауқызы ақынның поэзиясындағы қоғам жаңалықтарының журналистік интерпретациясы жайлы айтты. Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нагбду Қамарова «Оқулықтағы дәлдік пен көркемдік» тақырыбында баяндама жасады.

Түркиядан конференцияға қосылған әдебиеттанушы, аудармашы Ашур Өздемир және Испаниядан құттықтау жіберген Оңайгүл Тұржанның өлеңдерін испан тіліне аударған филолог-аудармашы Клеопатра Филлипова де Хорхе жылы лебіздерін айтты.

Жиын барысында Оңайгүл Тұржанның «Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясын зерттеуде қолданған методологиясы мен логикалық тұрғыдан жобалау ерекшеліктері» атты жаңа монографиясының тұсауы кесілді. Студенттер «Тас кітаптың кеткен жоқ тас сиясы» өлеңін және «Мағжан. Сейітмағамбет. Патефон» балладасынан үзінді оқыды.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Зинат Қасымова  және Маңғыстаудан арнайы келген Алпысбек Оңайбаев әннен шашу шашты. Конференцияны түйіндеген мерейтой иесі жиналғандарға шынайы алғысын жеткізді.

                                                                                  Аманғали Қалжанов

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button