Ақылы тұрақтар әкімдікке өтеді

Астанадағы ақылы тұрақтар наурыздың соңына дейін әкімдік меншігіне өтеді. Бұл жөнінде Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мәлім етті.
2025 жылдың желтоқсан айында Астана әкімдігі мен «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС арасында алдын ала келісімшартқа қол қойылған болатын. Бұл құжатта аталған компания 100 пайыз үлесін жергілікті атқарушы органға қайтарымсыз негізде беретіні жазылған.
«Қазір кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметіне аудит жүргізіліп жатыр. Барлық тиісті рәсім биылғы наурыз айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр» делінген басқарма хабарламасында.
Ақылы автотұраққа қарайтын барлық жер учаскесі мен инфрақұрылым (шлагбаумдар мен цифрлық жүйелер) коммуналдық меншікке өтеді. Бұл шешім елордадағы тұрақ инфрақұрылымын басқаруды жақсартуға және оны тиімдірек бақылауға оң әсер етпек.



