Мәселе

Ақылы оқу – ауыр жүктеме

Кейінгі жылдары Қазақстанда жоғары білімге қол жеткізу жолдары кеңейіп келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі енгізіліп, талапкерлерге мемлекеттік грант жеңіп алу үшін түрлі жолдар қарастырылған. Алайда қанша тырысса да, грантқа іліге алмай, ақылы бөлімге түсуге мәжбүр болып отырған жастар саны аз емес.

Қазақстанда жыл сайын 70 мыңнан астам білім гранты бөлінсе де, талапкерлер саны одан бірнеше есе көп. Әсіресе педагогика, ІТ, медицина сынды бағыттарға деген сұраныс жоғары. Бірақ грант саны шектеулі, ал конкурс қатаң. Жоғары балл жинаған талапкердің өзі кейде грантсыз қалып жатады. Мәселен, 2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі 75 мыңнан астам грант бөлген. Алайда ҰБТ тапсырған талапкерлер саны – 300 мыңнан асты. Яғни, 4 талапкердің біреуі ғана грантқа қол жеткізді. Мұндайда тек бір ғана жол бар – ақылы оқу.

Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, өңірлік университеттердің өзінде жылдық ақы 700-900 мың теңге шамасында болса, ұлттық университеттерде бұл көрсеткіш 1,5-2 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл – орташа жалақы алатын отбасы үшін аса ауыр салмақ. Бір баланы оқыту үшін кейбір ата-ана шетелге кетіп, қара жұмыс істеп, ақша жібереді. Қалалық отбасылар пәтер жалдап күн көрсе де, баласын оқудан қалдырғысы келмейді. Мұның бәрі – Қазақстандағы ақылы білім жүйесінің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ете алмай отырғанының көрінісі.

Мемлекеттік грант саны кейінгі жылдары көбейгенімен, ол сұранысқа әлі де сай емес. Сонымен қатар, қазіргі білім беру жүйесінде ақылы бөлімде оқитын студентке мемлекет тарапынан жеңілдік, қолдау, білім несиесін беру жүйесі мардымсыз.

Кей елдерде мемлекет студентке жеңіл пайызбен оқу несиесін беріп, ол оқу бітіріп жұмысқа орналасқаннан кейін ғана қайтарылады. Қазақстанда мұндай жүйе де бар, бірақ рәсімдеу қиын, түсіндіру жұмысы жеткіліксіз, ал жекелеген банктер ұсынатын несиелердің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары.

Грантқа іліге алмаған талапкер үшін жоғары білім – тек қалталының қолы жететін байлыққа айналғандай. Ел болашағы – білімді жастардың қолында десек, бұл мәселе тек отбасының емес, мемлекеттің де бас ауруы болуы тиіс. Сондықтан, ақылы бөлімде оқитын жастар мен олардың ата-аналарына түсетін қаржылық салмақты жеңілдету – мемлекет пен қоғамның ортақ мүддесіне айналуы тиіс маңызды мәселе. Бұл бағытта: білім несиесін мемлекет тікелей субсидиялап, 0-2% мөлшерінде қарыз беру; қарызын жұмысқа орналасқаннан кейін ғана төлеу (жеңілдік мерзімі 2-3 жыл); көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жастарға несиені қайтарымсыз грантқа айналдыру сияқты тәсілдерді қолдануға болады. Кейбір университеттер өз есебінен үздік студенттерге жеңілдіктер, оқу ақысының жартысын жабу, еңбекпен өтеу жолдарын ұсынып жүр. Бұл да ұтымды әдіс. Оқу үлгеріміне салқынын тигізбеу шарты астында студенттерге жартылай жұмыс істеп, оқуымен қатар табыс табуға мүмкіндік жасау да қажет.

Қазақстанда жоғары білім – тек жеке тұлғаның емес, бүкіл ұлттың болашағын айқындайтын стратегиялық сала. Алайда қазіргі таңда, жоғарыда айтқанымыз­дай, ақылы білім алу – көптеген жас пен оның отбасына аса ауыр қаржылық жүк болып отыр. Мемлекеттік гранттың шектеу­лігі, оқу ақысының жыл сайын шарықтауы, білім несиелерінің тиімсіздігі – бұлардың барлығы елдегі әлеуметтік теңсіздікті тереңдете түсуде. Жоғары білімге қол жеткізу тек қалталы отбасының баласына ғана оңай болып бара жатса, онда біз «баршаға бірдей мүмкіндік», «әлеуметтік әділеттілік», «меритократия» деген ұғымдардың мәнін жоғалта бастаймыз. Жастардың оқуға түсуі, маман болып шығуы – жеке бастың ғана емес, тұтас елдің адами капиталына салынатын инвестиция. Бұл инвестицияны мемлекет, бизнес, қоғам бірлесіп көтеруі тиіс. Грантқа түсе алмаған, не оқу ақысын төлей алмаған жастардың бойында күйзеліс, өзіне деген сенімсіздік, әлеуметтік торығу пайда болуы да мүмкін. Бұл – қоғам үшін елеусіз, бірақ маңызды мәселе.

Ақылы бөлімде оқитын жастардың жүгін жеңілдету – оларды борышқа батырмай, болашағына сенімді ету деген сөз. Ал ата-аналарға түсетін салмақты азайту – елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың мемлекетке деген сенімін арттырудың алғышарты. Мақсат – тек диплом санын көбейту емес. Мақсат – әрбір жастың білім алу құқығын қорғау, сол білім арқылы өз әлеуетін іске асырып, қоғамға пайда келтіре алатын азаматқа айналуына жол ашу. Бұл – мемлекет үшін де, ұлт болашағы үшін де ұтымды шешім. Ендеше білім жолында жүрген әрбір жастың жүгін бірге көтеру – баршамызға ортақ парыз.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button