Ақылдың алтын қазығы Абай тойы тойланды

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Нұра ауданында композиторлар, музыкалық ұжымдар мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қатысуымен «Абай – дана, Абай – дара» атты мәдени іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мерекелік кешке елге белгілі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер ұйымының жетекшілері мен өнер майталмандары қатысты. Іс-шара барысында «Ақ бата» тобы Абайдың әжесі Зереге арналған кимешек ұсынды. Кимешекті безендіруге ауданның ардақты аналары мен әжелері атсалысып, ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың рөліне деген құрметін білдірді.
–Ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өту – халқымыздың рухани жаңғыруының жарқын көрінісі. Абайдың асыл мұрасы біздің жүрегімізде мәңгілік орын алады және ол ұрпақтарымызға өмірлік бағдар, адамгершілік пен даналықтың қайнар көзі болып табылады. Бүгінгі іс-шарада аға буын мен жас ұрпақ бір шаңырақ астында жиналып, ұлы ақынның өлеңдері мен әндері арқылы қазақ халқының ұлттық рухын одан әрі нығайттық. Сонымен қатар, «Ақ бата» тобының Абайдың әжесі Зереге арналған кимешек ұсынуы — бұл аналарымызға деген құрметтің, ұрпақ тәрбиесіндегі олардың ерекше рөліне деген шексіз алғыстың белгісі. Мұндай мәдени және рухани бастамаларымызды жалғастырып, ұлттық құндылықтарымызды сақтау — біздің басты парызымыз. Барша тұрғындарды Абайдың асыл мұрасын қадірлеп, оның рухани ұстанымдарын бойға сіңіруге шақырамын,–деп атап өтті «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.
Оның сөзінше, Абайды оқыған жан рухани толысып, ішкі дүниесі әрдайым тазара түседі. Сондықтан мұндай тағылымды шаралар легі тек бір күн ғана емес, әрдайым жаңғыртылып тұруы тиіс.⠀