Ақтөбе театры – Астана сахнасында

9–11 қазан аралығында Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры елорда көрермендеріне арнап гастрольдік қойылымдарын ұсынады. Гастрольдік сапар театрдың 35-маусымы аясында ұйымдастырылып отыр. Қойылымдар Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Репертуар:
9 қазан – «Әлия» (автор: Ә. Дәулетбаева, режиссер: Е. Нұртазин)
Батыр қыз Әлия Молдағұлованың ерлігі мен рухын арқау еткен бұл спектакль — көрермен жүрегіне отансүйгіштік пен адамгершілік сезімін ұялатады.
10 қазан – «Тазының өлімі» (автор: М. Мағауин, режиссер: М. Хабибуллин)
Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің туындысы негізінде сахналанған бұл драма – ұлттық болмыс пен адалдық ұғымының философиялық көрінісі.
11 қазан – «Турандот» (автор: К. Гоцци, режиссер: А. Өмірбекұлы)
Махаббат пен тектілік, ерік пен ерлік тоғысқан итальян драматургиясының жауһары жаңа сахналық интерпретацияда көрерменге ұсынылады.
Астана жұртымен кездесу – өңірлік театр үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Ақтөбе театры елорда сахнасында өз шығармашылық әлеуетін танытып, ұлттық театр өнерінің өрісін кеңейтуге ниетті.
Баспасөз өкілдері мен өнер сүйер қауымды гастрольдік қойылымдарға шақырамыз!
Өтетін орны: Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры
Күндері: 9–11 қазан, 2025 жыл
Басталуы: 19:00