Ақселеу турнирі тартысты өтті

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі XIV бильярд турнирін өткізді.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақселеу Сейдімбектің шәкірті, рухани інісі, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев естеліктерді айта келе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовпен ақылдасып, аталмыш министрлік биыл Ақаңның артында қалған мұраларын зерттеп-зерделеуге байланысты жұмыстарды бастап кеткенін жеткізді. Атап айтқанда, Ақселеу Сланұлының әндері мен шығармалары, журналистикадағы еңбектеріне ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық байқау-конкурстар өткізу жоспарланған.
Осы университеттің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Қайрат Сақтың айтуынша, турнирдің биылғы ерекшелігі, жастар мен ақсақалдар бір топқа біріктірілді. Тек қана аға буын қаламгерлерге жеңілдік жасалды. 40-60 жастағыларға бір шар, ал 60 жастан асқандарға 2 шар жеңілдік берілді.
Елуге жуық қаламгер қатысқан турнир қорытындысында белгілі ақын, АЛЖИР музейінің директоры Дәулеткерей Кәпұлы І орынды, журналист, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің аппарат басшысы Нұрділда Ораз ІІ орынды, ал ІІІ орынды ақын Ұларбек Нұрғалымұлы иеленді.
Турнир ұйымдастырушылар биыл белгілі қаламгерлер атындағы жүлделер тағайындады. Оралхан Бөкей атындағы жүлде Сәдібек Түгелге, Кәрібай Ахметбеков атындағы жүлде Кәрімбек Құрманалиевке, Ақселеу Сейдімбек атындағы жүлде Нұртөре Жүсіпке, Серік Әбдірайымұлы атындағы жүлде Дархан Мыңбайға, Қуанышбай Құрманғалиев атындағы жүлде Қойшыбай Есентаевқа берілді.
Бұған қоса, «Ең сыйлы бильярдшы» жүлдесін Қойшығара Салғараұлы, «Ең мәдениетті бильярдшы» жүлдесін Төлен Әбдік, «Ең шебер бильярдшы» жүлдесін Алтынбек Нұхұлы, «Ең мерген бильярдшы» жүлдесін Әлімжан Сабыржанұлы, «Ең шапшаң бильярдшы» жүлдесін Шархан Қазығұлов, «Техникасы мықты тастаяқшы» жүлдесін Марат Манасбаев, «Ешкімнің көңілін жықпаған бильярдшы» жүлдесін Қайрат Мұсақұлов алды.