Ақпарат саясаты мәселелері талқыланды

Кеше Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов баяндама жасап, мемлекеттік саясатты жүргізудегі қалалық баспа басылымдарының рөлі, қалалық БАҚ-ты қаржылық қолдау, т.б. мәселелер жөнінде баяндады.
Ол «Elorda Aqparat» медиаресурсы, оған қарасты «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері мен Elorda.info сайтының жұмысымен таныстырды.
«Астаналық басылымдар аптасына үш рет 30 мыңнан астам тиражбен жарық көреді. Газеттерде «Жұмысшы мамандықтар жылы», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» секілді мемлекеттік бастамаларды ілгерілететін айдарлар бар. Бүгінгі таңда ақпараттық саясат Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен 12 негізгі тақырып бойынша жүргізіледі. Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда күн сайын 10 шақты ақпарат шығарылады. Елорданың тыныс-тіршілігі жайында, мәдени-бұқаралық және қоғамдық маңызы бар іс-шараларды, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін қамтиды. Қамтуды кеңейту мақсатында материалдар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияланады. Ақпараттық саясатты жүйелі түрде жүзеге асыру қоғамда тұрақты құндылықтардың бағдарларын қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және мемлекеттік стратегиялық мақсаттарды топтастыруға ықпал етеді» деді Нұрдәулет Әлмұханов.
13 қазан күні «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ақпарат айдынына шыққанына 35 жыл толғанын атап өткен баяндамашы аталмыш басылымдардың ел және елорда тыныс-тіршілігінде алатын үлкен орнына тоқталды.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек мәслихат пен астаналық басылымдардың байланысын тереңдету, жаңа айдарларды ашу керектігін, Бас редакторлар клубының рөлін күшейту қажеттігін, салалық журналистиканы дамыту керектігін, себебі жорналшылар әртүрлі тақырыпты жазған соң, бір тақырыпқа терең бойламайтынын атап өтті. 2026 жылды Медицина қызметкерлері жылы, 2027 жылды Астана қаласында Журналистер жылы деп жариялауды, Журналистер үйін салуды ұсынды. Кейбір маңызды мәселелер бойынша БАҚ халыққа алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Жиында басқа да депутаттар мемлекеттік саясатты жүргізудегі пікірлерін, ұсыныстарын жеткізіп, баяндамашыға сұрақтарды қойды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ