Ақпан-Тоқпан – қыстың соңғы ызғары

10 наурыздан бастап соққан ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран Арқа еліне қатты жайсыз тиді. Күні-түні соққан боранмен төпей жауған қар мен сүйектен өтетін үскірік аяз қабаттасып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер қара өзек шаққа таяған жұртты әбден титықтатты. Тек солтүстікте ғана емес, жылда бұл мезгілде жер көктеп, гүл-бәйшешек шешек атып кететін оңтүстік өңірлерге де қар жауып, қыс ызғары ерте көктемнің лебін жұтып, қыс қайта түскендей күй кештік.
Табиғаттың бұл тосын мінезін жұрт та сан-саққа жүгіртіп, біреу «бұл отамалы» десе, ал біреу «бөрі сырғақ деген осы» деп жатыр. Тіпті «киіктің мойын жуары» деп жатқандар да бар. Бұл – бабадан балаға жалғасқан қазақтың дала астрономиялық білімінен көз жазып қалғанымыздың салдары. Бұл арада «есепшілер» қазақтың амалының көнеше жыл есебімен жүретінін және сол тоғыс есебінде де өзгерістердің болатынын ескермей отыр. Яғни қазақтың көне амалдары қазіргі жаңа календарьмен дәлме-дәл сәйкес келмейді. Мәселен, Үркердің батуынан келесі жылғы батуына дейін 365 астрономиялық күн бір астрономиялық жылды құрайды. Ал шын мәнінде Үркердің батуынан келесі жылдағы батуына дейінгі уақыт 365 күнге жəне 6 сағатқа, яғни соңғы уақыт тəуліктің төрттен біріне тең келеді. Сөйтіп, осы 6 сағат немесе тəуліктің 4/1 жинала келіп, төрт жылда 1 күн, қырық жылда 10 күн, 80 жылда 20 күн, 120 жылда 30 күн болады. Əуелде отамалы май айына сəйкес болған, бірақ əр жылдағы 6 сағат айырма жинала келіп, 120 жыл өткен соң отамалы көкек айына (апрельге), 240 жыл өткен соң наурыз айына (мартқа), 480 жылдан соң ақпан (февраль) айына ауысып отырған. Міне, біз осы қағидаға сүйеніп, соңғы күндері соғып тұрған ат құлағы көрінбейтін ақ боранды «Ақпан-Тоқпан амалы» (екі ағайынды) немесе «қайталаманың ақ бораны» деп болжап отырмыз.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында: Ақпан-Тоқпан амалына «Үш – жеті күндік қатты суық амалдың екінші атауы, екі ағайынды» деп анықтама берген.
«Ақпан-Тоқпан» амалын қазақ «Ақпан-Тоқпан – алты күн, аязымен жеті күн» деп атаған. Ежелгі түркілер ақпан айын «кічік ай» деп атаған екен. Бұл қыстың ең соңғы айы деген мағынаны білдірсе керек.
Ақпан-Тоқпан амалы – үт айының онында кіріп, он бесінде шығады. Әрине, үт туралы да талас көп. Үтті біреулер ақпан айының көне атауы десе, енді біреулер ақпан айының 22-сі басталып, 21 наурызда аяқтайтын кемпір шуақ мезгіл үт деп аталады дейді. Ал Қытай мен Моңғолия қазақтары тоқпанды ақпан айындағы амал ретінде қарастырады.
12 шоқжұлдыздың арабша атауларына негізделген парсы күнтізбесіндегі ай аттары (амал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәди, дәлу, хұт) қазақтың да ай және амал аттарына сіңген. Тіпті біздің «Амал» деп жүргеніміздің өзі парсыша ай аты болып шығады. Тауриххамсада парсыша ай аттарын қазақша ай аттарымен салыстырып, бірдің айы хұт (февраль, қазақтардың үт деген ай аты осы хұт сөзінен келген болса керек. Шын мәнінде үт сөзі қазақ тілінде күн сәулесімен шағылысып көрінетін тозаңды білдіреді) деп жазады. Демек, қазақтар бірдің айын (ақпан айын) үт деп те атайды. Бұл үт қазіргі ай аттарымен айтқанда 22 ақпаннан 21 наурызға дейінгі 29 күнді меңзейді.
Халық аңызында Ақпан-Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой бағады екен. Бір күні ауа райы кенеттен бұзылып, екеуі қоймен бірге ығып, далада үсіп өлген. Соңы жұтқа айналған. Содан бері ел ішінде қатты суық түсетін осы кезең «Ақпан-Тоқпан амалы» аталып кеткен.
Қазақ халқы табиғат құбылыстарын жұлдыз қозғалысымен байланыстырып, ғасырлар бойы өзіндік уақыт есептеу жүйесін қалыптастырған. Бұл – тек күнтізбе ғана емес, мал шаруашылығына, көш-қонға, тіршілік ырғағына тікелей әсер еткен дала астрономиясының бір бөлігі. Осы білім жүйесін ғылыми тұрғыдан қайта зерделеп, халықтық уақыт есептеу дәстүрін жаңғырту маңызды. Өйткені табиғат пен уақытты танудың бұл тәжірибесі – халқымыздың тарихи жадын, дүниетанымын танытатын құнды мұра.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



