ӘлеуметБасты ақпарат

Ақмоланың әскери күштері

Ақмола қаласында 387-атқыштар дивизиясын құру туралы бұйрық 1941 жылы та­мызда (11.08.1941 ж. №2/539008) келеді. Бұл жолы әскери жауынгерлік дайындыққа 2,5 ай уақыт беріледі, 1941 жылы 20 тамыздан 6 қарашаға дейін дивизия толық жасақталып, 6, 7 және 8 қарашада Ақмола қаласынан 15 эшелон, соңынан 14 қарашада тағы 14 эшелон Пенза темір жолымен Батыс майдан құрамындағы Мичурин қаласының аудандарына қорғаныс шебін құруға аттанады. 18 қарашада майдан даласына келген дивизия 61 армия құрамында Тула, Орлов облыстарында басталған ұрыс­тардан Сталинградқа дейін, одан әрі дивизия Новочеркасск, Донбасс, Мелитополь, Перекоп, Севастополь, Қырым қалалары үшін болған ұрыста да «тар жол, тайғақ кешуден» өтеді, батылдық пен табандылықтың үлгісін көрсетеді. 1944 жылы 24 сәуірде Перекоп шетіндегі шабуыл операциясындағы ерлігі үшін Жоғарғы Бас қолбасшының №0102 бұйрығымен оған «Перекоп 387-атқыштар дивизиясы» деген атақ беріледі.

Дивизияның алғашқы командирі ретінде полковник Максим Андреевич Сущенко есімі аталады. Ол Украина Республикасының (Новгород) коменданты қызметінен келді. 387-атқыштар дивизиясында 01.09.1941-31.05.1942 жылдар аралығында әскери комиссар, полк комиссары Артем Дмитриевич Шкумат, штаб бастығы, батальон комиссары Данилевский, саяси бөлімнің бастығы, батальон комиссары Яков Михайлович Сикар болды. Штаттық бөлімшелердің офицерлері полктер мен батальондар командирлері болып тағайындалса, роталар мен взводтарды Алматы, Ташкент және басқа да қалаларда әскери училищелерді мерзімінен бұрын бітірген жас офицерлер, сондай-ақ запасқа шақырылғандар басқарды.

Жеке құрамның саны шамамен 11500 адам болды. Дивизия құрамында майданға аттанған 25-тен 40 жасқа дейінгі сержанттар мен жеке құрамның басым бөлігі Солтүстік және Орталық Қазақстанның азаматтары, Ақмола облысының колхозшылары, жұмысшылары мен қызметкерлері болатын, олар 30-ға жуық ұлттардан құ­ралған еді.

1941 жылы 4 желтоқсандағы Орта Азия әскери округінің №00121 бұйрығымен 25 желтоқсанда Ақмола қаласында 459-атқыштар дивизиясы құрыла бастайды. Бірақ 1942 жылғы 18 қаңтардағы №004 бұйрықпен 29-деген нөмір беріледі. 29-атқыштар дивизиясын құруға және жауынгерлерді әскери дайындықтан өткізуге төрт айға жуық уақыт берілді. Бұл, әрине, жауынгерлік құрамның сапасына айтарлықтай әсер етті, оқу-жаттығу кезінде жауынгерлер шабуыл, қорғаныс, қарсы ұрыс, т. б. әдіс-тәсілдерді меңгеріп шықты. 1942 жылы сәуірдің басында Ақмола мен Қарағанды темір жол станцияларынан 29-дивизияның құрамалары эшелондарға отырып, Тула облысына бет алды. Дивизия 1942 жылы шілдеде Сталинград бағытына ауыстырылады, жауынгерлер Сталинград шайқасына оқ пен оттың ортасына түседі. Дивизия фашистерге адам күшімен де, техникасы жағынан да орасан зор зиян келтіре алды. 1943 жылдың 10-31 қаңтары аралығындағы фельдмаршал Пау­люс жауынгерлерімен көшедегі ұрыс кезінде 5200-ге жуық адам жойылды, 13 мыңнан астам неміс және румын солдаты мен офицері тұтқынға алынды, оның ішінде екі генерал бар. Қазақ жауынгерлерінің Сталинградты қорғау кезінде көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы 1 наурызда КСРО Халық комиссариатының №104 бұйрығымен 72-гвардиялық дивизия деген атақ беріледі. 1943 жылдың жазында дивизия Белгород түбіндегі Курск доғасындағы ұрыстарға қатысып, Харьков, Мерефа, Красноград, Кировоград қалалары үшін ауыр шайқастарды бастан өткерді. 1943 жылы 19 қыркүйекте Красноград қаласын азат етудегі ерлігін есте сақтау мақсатында «Красноградская» құрметті атағы беріледі. Кировоградты азат еткені үшін 1944 жылы қаңтарда Қызыл Ту орденімен марапатталады. Бұл дивизия Румыния, Трансильвания, ­Венгрия, Австрия және Чехословакияны фашистерден азат етуге қатысты. Дивизияның бірінші командирі, полковник Федор Никитич Жабрев есімі (14.12.1941-23.04.1942) кеңестік әскери басшы, генерал-майор (01.09.1943) шенімен тарихта қалды. Дивизия 01.03.1943-11.05.1945 жылдар аралығында тұрақты армия сапында жауға қарсы шайқасты.

1942 жылы наурыз-сәуір ай­ларында жасақталған 106-кавалериялық дивизия Ақмола, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан шақырылған жеке құраммен жасақталды.

Майдан қажеті үшін аттар жоғарыда аталған облыстардан арнайы іріктеліп, жеткізілді. Кавалеристер ер-тұрманмен жабдықталған атпен майданға аттанды. Кавалерия құрылған күнінен бастап 1942 жылдың 25 наурызына дейін Қазақ КСР-інің бюджетінде болды. Дивизияның Қызыл Армия құрамаларына қосылуға дайындығының жай-күйін комиссия 1942 жылғы 5 наурыздан 10 наурызға дейінгі аралықта тексерістен өткізді.

Ақмолада құрылған 106-ұлттық кавалериялық дивизияның сапы 4499 адам болып белгіленген еді, оның 4322-сі сапқа тұрды. Бұл белгіленген штаттың 96 пайызын құрады. Дивизияның 321 жауынгері ұрыста шыңдалған, тәжірибе­лі сарбаздар еді, олар жалпы құрамның 7,4 пайызын құрады. Жеке құрам мен ат-көліктер 12 эшелонға тиеліп, майдан даласына аттанды.

Алғашқы эшелон 1942 жылы 23 наурызда Ақмоладан шығып, генерал А.Носковтың 6-кавалериялық корпусына кірді. Соңғы эшелон Харьковке 12 мамырда жетті.

Дивизия командирі полковник Борис Никифорович Панков есімі (25 шілде 1896 ж.-13 мамыр 1974 ж.) кеңестік әскери басшы, Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде құрметпен аталады. Кеңес Одағының ­Батыры (6 сәуір 1945 ж.) гвардия ­генерал-майоры (17.11.1943 ж.) 1941 жылы маусымда Қазақ шекара ауданын жабдықтау бастығының орынбасары ­болып тағайындалды. 1941 жылы желтоқсанда майор Б.Н.Панков Ақмола қаласында құрылған Орта Азия әскери округі 106-қазақ ұлттық кавалерия дивизиясының командирі болып тағайындалды. 1942 жылы 16 наурызда Қызыл Армияның кавалериялық инспекциясының қарамағына жіберілді. Дивизия­ның әскери комиссары, аға батальон комиссары Темірғали Мамбатов (3.03-тен 20.03.42 ж.-ға дейін), саяси нұсқаушы Нұрқан Сейітов, саяси бөлім меңгерушісі, аға саяси нұсқаушы Сағадат Меңдіғожинұлы Құлмағамбетов; бөлімнің аппарат басшысы, майор Павел Михайлович Осадченко ерліктері де өз алдына бөлек әңгімеге арқау боларлық. Кейін табылған архив деректері бойынша дивизия құрамында аттылы 4092 адам, қару-жарақтан 102 винтовка, 68 миномет, 3100 қылыш болғаны анықталды.

Қазақ сарбаздары атпен не­міс танкілеріне және пулеметтерге шабуылдаған. Жау оларды төбесі биік сайға қарай ықтырып, сайдың түбінде жиналған салт атты қазақ сарбаздарына оқ жаудырған. Харьков облысының Красноград ауданының елді мекендеріндегі ұрыс алаңдарын және бауырластар зираттарын зерттегеннен кейін, 200-ден астам кавалерист сарбаздың есімі жаңғыртылды. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ақмола қаласы депортацияланған халықтарды орналастыру үшін маңызды орталық мәртебесіне ие болды.

Ақмола қалалық партия комитеті Еңбекшілер депутаттары кеңесінің атқарушы комитетімен бірлесіп, арнайы қоныс аударушыларды орналастыру жұмыстарын кешенді басқаруды жүзеге асырды. Олардың құзыретіне жұмысқа орналастыру, қоныстандыру, әскерге шақыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ресурстарын бөлу және Солтүстік Кавказдан қоныс аударушыларды қаржылай қолдау мәселелері кірді. Осы міндеттермен қатар КСРО-ның оккупацияланған аумақтарынан эвакуацияланған халықты орналастыру қажеттілігі туындады. Статистика де­ректері соғыстың бірінші жы­лында ғана Ақмола облысы 30000-ға жуық эвакуацияланған адамды қабылдағанын растайды. Соғыс уақытындағы төтенше жағдайларға қарамастан, жергілікті билік оларды тұрғын үй жағдайымен және медициналық көмекпен қамтамасыз етуге міндетті болды.

Сол бір сұрапыл жылдар елесі бүгінде тарихтың қатпарында қалғанмен, ерлік рухы елмен бірге жасай бермек. Бейбітшілік пен татулықты сақтау бізге мұра болып қалған өткеннің үлкен сыйы десек, сол ұғымға әрдайым адал болу – қасиетті борышымыз. Батырлар рухына тағзым етіп, тарихты ұмытпау – елдігіміздің белгісі.

Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметінің басшысы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button