Басты ақпаратРуханият

Ақмоланың әскери күштері

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің біріне айналды: әлем халықтарының 80 пайызы оның алапат өртіне ілікті, 60-тан аса мемлекет соғыс майданына тартылып, 40-тан астам елдің жері өрт пен қанға бөкті. Аталмыш соғыс тарихын зерттеуші ғалымдар еңбектерінде Кеңес Одағы Қарулы күштерінің құрамындағы 35 млн адамның 1 млн 366,2 мыңы – қазақстандықтар, ал еңбек армиясындағы 700 мыңнан аса адамның 200 мыңнан астамы қазақтар екені айтылады.

Екінші дүние­жү­зілік соғыс кезінде резервтерді әзірлеу өзекті мәселелердің бірі еді. Әскери оқытудан өткен қосымша күштерді құрудағы мақсат тылда жаңа бөлімдер мен құрамаларды қалыптастырып, оларды әскери бағытқа бейімдеу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған бірлестіктерді, құрамалар мен бөлімдерді майданға шығару және оларды жеке құраммен, қару-жарақпен, жауынгерлік техникамен толықтыру болатын.

1939-1941 жылдары Қарулы күштер құрамын толықтыру мақсатында қазақстандықтарды кезең-кезеңімен әскерге шақыру жоспарланған еді. Сол жылдары армия қатарына шақырылғандардың дені әуелі фин соғысына қатысқаны тарихтан мәлім. Негізгі армияда соғыс басталғанға дейін 178000 қазақстандық (оның ішінде 40600 қазақ) кадр бөлімдерінде қызмет атқарды. 1941 жылдың алғашқы күндері мен айларында Брест бекінісі мен Батыс майданы қорғаушыларының арасында қазақстандықтар өте көп болды. Олардың басым бөлігі майданға толықтырушы күш ретінде кетті.

Облыстық әскери комиссариаттар армияда шайқастардан аман қалған дивизиялар мен бригадалардың шығындарын толықтыру үшін тікелей майданға жіберілетін роталарды жасақтады. Соғыс жылдарында қазақстандықтардың шамамен 3/1 бөлігі Қазақстанда құрылған әскери бөлімдер мен бөлімшелерге қабылданды.

Германияның Кеңес Одағына шабуыл жасауына байланысты Қазақстанда жаңа әскери күштер жедел құрыла бастады. Кеңес әскерлерінің негізгі операцияларына қатысқан қазақстандық бөлімдер мен құрамалар арасында 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, сондай-ақ 50-ге жуық жеке полк пен басқа да әскери батальондар болды. Ақмола облысынан майданға түрлі ұлт өкілдерінен құралған 63 мыңнан астам ұл мен қыз аттанды, олардың 34 мыңнан астамы майдан даласынан оралмады. Ақмола облысы 34914 адамынан ­айырылды, оның ішінде 15081 адам қаза тапты, 12801 адам хабар-­ошарсыз кетті. Ақмола қаласы бойынша майданға кеткен 9783 ­ақмолалықтың 7414-і оралмады.

Фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасауы елдегі барлық мекемелердің жұмысын түбегейлі өзгертіп жіберді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ақмола қалалық әскери комиссариат майдан мен тыл арасындағы негізгі байланыс­тырушы буынға айналды. Ол елді қорғауға жұмылдыру шараларын ұйымдастыруда, сарбаздарды әскерге шақыруда және майданға қажетті ресурстарды басқаруда аса маңызды рөл атқарды. Ең алдымен, әскери комиссариат әскер қатарына алынатын азаматтарды тіркеп, оларды медициналық тексерістен өткізді. Осы арқылы әр адамның денсаулығы мен әскери қызметке жарамдылығы анықталды. Жасақталған әскерилер арнайы бөлімдерге бөлініп, дайындықтан өтіп, майдан шебіне жіберілді. Комиссариат арқылы көптеген еріктілер де майданға аттанды. Сонымен қатар әскери комиссариат майданға кеткен жауынгерлердің құжаттарын рәсімдеп, олардың отбасыларына ақпарат беріп отырды. Жоғалған және қайтыс болған жауынгерлер туралы мәліметтер де дәл осы мекеме арқылы таратылып, жақындарына жеткізілді. Кей жағдайда отбасыларға материалдық көмек пен кеңес беру жұмыстарын да комиссариат қызметкерлері атқарды. Комиссариат тылдағы жұмысты ұйым­дастыруға, мысалы, қорғаныс өнеркәсібіне кадрлар тартуға да үлес қосты. Соғыс жылдарында әскери комиссариат қызметкерлерінің еңбегі өте ауыр әрі жауапты болды. Олар күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, ел қауіпсіздігі жолында тер төкті. Соғыс аяқталған соң да комиссариат өз қызметін одан әрі жалғастырды. Олар қайтыс болған, із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді тіркеу, олардың отбасыларына марапаттарды табыстау және естелік құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын атқарды. Бейбіт өмірге оралған ардагерлерді тіркеп, әлеуметтік қолдаулармен қамтамасыз етуге атсалысты.

Ұлы Жеңіске қол жеткізуде Ақмола өңірінің халқы да өз үлесін қосты. Соғыс жылдары Ақмоланың дамыған темір жол торабы майдан қажетіне сай әскери бөлімдер мен құрамалардың шұғыл құрылуына үлкен серпін берді. Ортаазия­лық әскери округтің орталығы болған Ақмола қаласы соғыстың бастапқы күнінен-ақ жауынгерлік бөлімдерді жасақтау орталығының біріне айналды. Жауынгерлерге уақытша казарма ретінде қалалық кеңестің шешімімен білім беру мекемелерінің жайлары, пионерлер сарайы, шіркеу ғимараттары берілді. Мысалы, Ақмола қалалық атқару комитетінің 1941 жылғы 19 желтоқсандағы атқыштар дивизиясын құру және жауынгерлерді қала аумағында орналастыру туралы шешімі бойынша жауынгерлер мен командалық құрам әскери қалашықтағы №28, 29, 30, 43, 44, 51, 52, 53, 54, 56, 69, 70 барактарда – 7600 адам, Ақмола қаласындағы музейде – 1500 адам, №7 мектепте – 800 адам, ал дивизия штабы «Сталин туы» редакциясының ғимаратына орналастырылады. №7 мектеп оқушылары №2, №5 мектепке бөлінсе, «Сталин туы» редакциясы «Акмолинская правда» редакциясының ғимаратын бөліседі. Осы ғимараттарды дивизия қарауына 25 желтоқсанға дейін босатып беру тапсырылады, қажетті жөндеу жұмыстары, құрал-жабдықтарды тасу, орналастыру дивизия жауынгерлерінің күшімен жүргізіледі.

Қаланы нанмен қамтама­сыз етуге нан зауытының күші жет­пегендіктен қосымша екі далалық наубайхана жұмыс істеді. Аса қысқа мерзімде 310, 387-атқыштар дивизиясы, 29-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 106-атты әскер дивизиясы Ақмолада жасақталды, осы жерде жауынгерлер әскери дайындықтан өтті, осы жерден майдан даласына жөнелтілді. Ақмолалық жауынгерлердің біразы майдан сапына тек өз өңірлерінен ғана емес, өзге қалалар мен республикалардың да топырағынан аттанды.

От пен оқтың арасынан шыққан Ақмоланың ержүрек сарбаздарының даңқты ізі жоғалған жоқ. Олардың ерлігі мен тарихы мұрағат қойнауында сақталып, тарихтың алтын қорына енді. Мысалы, Ақмолада жасақталған әскери бөлімшелер мен дивизиялардың құжаттары, әскери операциялар, жан алып, жан беріскен қиян-кескі соғыс оқиғаларының толық хронология­сы, жеке жауынгерлер туралы мәліметтер, тарихи формулярлар мен соғыс әрекетіндегі журналдар, әскери әрекеттердің карталары, майдандар бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқандардың тізімдері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров туралы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде (ЦАМО) сақталған архив деректерінің көшірмелері Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақтаулы. Екінші дүниежүзілік соғыста Ақмола әскери-стратегиялық тұрғыдан аса маңызды аймақтардың бірі болды. Осы өңірде құрылған дивизиялар жауынгерлік қабілетімен ерекшеленіп, майдан даласында жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Олар туралы тарихи деректер не дейді? Кейінгі ұрпақ өткеннің беттерін парақтағанда, кімдердің ерлігін ғибрат тұтуы тиіс? Мұндайда архив құжаттары мен тарихи деректерге үңілудің әсері ерекше. Орта Азия әскери округінің Әскери кеңесі 1941 жылы 15 шілдеде Ақмолада әскери уақыт талабымен 310-атқыштар дивизиясын жасақтау туралы №1 бұйрыққа қол қойды. Жауынгерлер мен офицерлер құрамын жасақтау және жауынгерлерге тез арада оқу-жаттығу жүргізуге бір ай уақыт берілді. Жауынгерлер Ақмола облысының диқандары мен малшыларынан, зауыт, ­фабрика жұмысшылары мен зиялы қауым өкілдерінен, Қарағанды шахтерларынан жасақталды.

Офицерлер құрамының 15-17% кадрлық бөлімнен, көпшілігі Алматы әскери училищесінің түлектері болатын. Алғашқы дивизия командирі Никифор Матвеевич Замировский болды. 30 шілдеде дивизияның алғашқы бөлімдері әскери ант қабылдады. 1941 жылы 17 тамызда дивизия толық жасақталып, киім-кешек, қару-жарақпен 80% қамтамасыз етіліп, 17 эшелон майданға аттанды. Жетіспеген материалдық бөлігі жолда және Тихвин станциясында толықтырылды. 310-атқыштар дивизиясы құрамының 40 пайызы – қазақтар, 30 пайызы – орыстар, 25 пайызы – украиндар, 5 пайызы басқа ұлттардың өкілдері болды. 310-атқыштар дивизиясы Ленинград, Волхов, Карел, 2-Белорусь майдандары құрамында фашист басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысты. 1944 жылы Новгород қаласы үшін болған шабуылда сәтті шайқасқаны үшін Жоғарғы Бас қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы Сталиннің бұйрығымен дивизияға «Новгород» атауы берілді. Бұл дивизия Карелияны, Польшаны азат етуге, Шығыс Померания­дағы жау тобын талқандауға және Берлин операциясына қатысты. Дивизия Қызыл Ту және Ленин ордендерімен ­марапатталды.

Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу

және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметінің басшысы

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button