Басты ақпаратРуханият

«Ақмола ақиқаты»: 1996-ның оқиғалары

Бас жоспар жасалу үстінде

1995 жылдың қараша айының басында Тұрғын үй құрылысы және Аумақтарды көріктендіру министрлігі (Қазақстан Республикасының Құрылыс министрлігі) мен Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағы бірлесіп, Қазақстанның жаңа астанасы – Ақмола қаласының болашақтағы даму бейнесінің тұжырымды идеясын жасау жөнінде ашық конкурс жариялаған болатын. Конкурс­тың мақсаты аймақтық және табиғи-климат ерекшеліктерін ескере отырып, құрылыс салынатын жердің орайына сәйкес, қала құрылысының тұжырымды идеясын айқындау, сөйтіп қаланың әлеуметтік дамуының бағыттарын белгілеуге байланысты және оларды неғұрлым оңтайлы жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын талдап жасау еді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Адамбек Қапанов жазғандай, конкурстың төрешілер алқасы ұсынылған 16 жобамен танысқан. Конкурсқа ұсынылған жобалардың барлық авторлық ұжымы бұл мәселеге өте жоғары ынта және шығармашылық белсенділік танытқанын атап көрсетті.

«Жаңа астананың халықаралық құрлықтар арасын жалғас­тыратын өзекті желі бойында орналасуы және бұл өңірдегі материалды-шикізат қорының жеткілікті екендігі, талас жоқ, қаланың және республиканың экономикалық потенциалы бұрынғыдан әлдеқайда арта түсуіне ықпал етеді. Мұның өзі Қазақстан аумағында халықтың біртіндеп жаңаша орналасуына әсер етпек. Салыстырмалы түрде алғанда, тарихи өткен кезеңдегі бір мысал, Қызылордадан астананың Алматыға көшірілуі мұндай жағдайдың жедел өзгеретінін айқын қуаттайды. Астана болған 50 жыл ішінде Алматы қаласының халқы 6 есе өсті және бұл жағдай белгілі дәрежеде қаланың тұйықта орналасуына, шикізат базасының сондай көп болмауына қарамастан, осылай қалыптас­ты. Ал аумағы жағынан ондай шектелуі жоқ Ақмоланың жедел дамып кетуіне мүмкіндігі бұдан әлдеқайда жоғары.

Қаланың құрылымы шағын көлемде жіктелетініне қарай есептегенде ондағы тұрғындар санының өсу мүмкіндігі мынадай: 2005 жылы 450 мың адам, 2030 жылға қарай 550 мың болмақ. Жобада мектеп жасына дейінгі мекемелердің, жалпы орта және арнаулы білім беретін мектептердің қажетті жүйесін салу қарастырылған» деп жазылған мақалада.

Көлік қозғалысын тоқтатты

Үстіміздегі жылдың 11 маусымында таңертеңгілік қаламыз­дағы Бейбітшілік көшесі мен Бөгенбай батыр даңғылының қиылысында зейнеткерлер ереуілге шығып, транспорт қозғалысын тоқтатқаны туралы «Оқыс оқиға» айдарымен ­С.Ырысдәулетұлының мақаласы жарық көрген. Онда №22 почта бөлімшесінің табалдырығын тоздырған қарт адамдар мамыр айының зейнетақысын талап еткен.

«Иә, ереуіл ерікеннің ермегі емес. Заман қыспағына түскен егде адамдар тұрмыс тауқыметін тартыпты. Мысалы, зейнеткер Разипа Ғабитова бейсенбі күні облыстық ауруханаға өкпесіндегі катерлі ісікке операция жасатпақ. Ал наркоз алу үшін мың жарым теңге қажет. Тығырыққа тірелген қария ереуілге шығуға мәжбүр болыпты…

Зейнеткерлер талабы түске қарай орындалды. Қала әкімшілігінің араласуымен олардың зейнетақылары берілді. Бұл әрекет болашақта сабақ болса керек» делінген.

Тыңгерлер еді, енді республикалық атанады         

Ақмола қаласының дәл орталығында орналасқан Тыңгерлер сарайы шын мәнінде жаңа астананың мәртебесін көрсетуге лайық ғимарат екенін жаза келе, Ғ.Қосымжанұлы алдағы уақытта жаңа астанамызда әлі талай сәулетті де әсем ғимараттар бой көтерер деген болжам айтады.

Дегенмен де алғашқы кезекте қолда барды жақсылап жөндеуден өткізіп, астаналық дәрежеге жеткізіп алса, құба-құп болатынын айта келе, автор «Міне, осындай ұтымды да тиімді ойлар үкіметтің де нысанасында болса керек. Ақмоладағы Тыңгерлер сарайы да жан-жақты жетілдірілген жөндеуден өткізілмекші. Сонымен 1963 жылы пайдалануға берілген Тыңгерлер сарайы алдағы уақытта республикалық сарай мәртебесіне ие болмақ.

Жаңа астанадағы болашақ республика сарайын қайта жабдықтап, жетілдіру жұмыстарын Қазақстан Республикасы Газ және мұнай өндірістері министрлігі жүргізетін болып отыр» деп түйіндеген.

2000 теңгелік банкнот

15 қараша – ұлттық валюта – теңгенің шыққанына 3 жыл толуына орай 2000 теңгелік банкнот айналымға шығарылғаны туралы ақпарат жарияланған.

Банкноттың бет жағында күлгін-жасыл түс басым. Сол жағында тігінен қоңырқай түсті «Қазақстан Ұлттық банкі» деген жазу бар. Сол жағының төменгі бұрышында «2000» саны жазылған. Банкноттың ортасында қазақ тілінде номиналдың «Екі мың теңге» деген сөздері жазылған, оның астында «төраға» және «бас бухгалтер» деген жазу және Ұлттық банк төрағасының, бас бухгалтерінің қолы қойылып, 1996 жылы шығарылған деп жазылған.

Банкноттың оң жағында әл-Фарабидің суреті ою-өрнекпен көмкерілген. Суреттің астында оның есімі мен өмір сүрген жылдары көрсетілген. Суреттің оң жағына қарай тігінен құбылып тұратын металл жіп үзік-үзік болып өткізілген. Жарыққа ұстап қарағанда тұтас қара сызық болып көрінетін «қазақ» деген жазу бар. Сурет салынған төменгі жиегінде ою-өрнек жолақтары бар.

Банкноттың сол жағында әл-Фарабидің тура қарап отыр­ған суреті су тамғысымен салынған. Сол жақ бұрышында республиканың елтаңбасы бейнеленген. Әшекейленген сол жақ жиегінде қосымша қорғау элементі – көлденеңінен орналастырылған үлкенді-кішілі екі әріпті сериялы нөмірі бар. Төменгі жағында қазақ тілінде «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген сөздер жазылған. Суреттің оң жағында тігінен үлкенді-кішілі екі әріпті сериялы қызыл түсті жеті таңбалы нөмірі бар. Сол жағында Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button