Басты ақпаратҰлт ұпайы

Ақантайды аңсаймын

«Ақантай» десе, оны Қойшығара Салғараұлынан басқа көп адам біле бермеуі мүмкін. Ал «Ақселеу Сейдімбек» деп аты-жөнін толық атасақ, Ақселеуді білмейтін қазақ жоқ. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қарымды журналист, көрнекті ғалым, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлға Ақселеу Сейдімбекті досы Қойшығара «Ақантай» деп атаған. Өмірде егіз қозыдай қатар жүрген қаламгерлердің бір-біріне деген ықыласының айрықша болғанын біз Қойшан (бұл кісіні жеңгемізден бастап бүкіл жақыны осылай атаған) ағаның әркездері үзік-үзік айтқан әрбір әңгімесінен де аңғарып жүрміз.

– Ақселеу екеуміз егіз қозыдай бірге жүрдік. Ол Жаңаарқада дүниеге келсе, мен Торғайда тудым. Алматыда табыстық. 1975 жылы сол кездегі «Социалистік Қазақстан» деп аталатын елдегі бас газетке жұмысқа орналастым. Менен бір жылдан кейін Ақселеу де осы басылымға келді. Таныстығымыз осылайша басталды. Алматыда бір үйде тұрдық. Содан жұбымыз жазылған жоқ. Әсіресе елордаға қоныс аударғаннан кейін Ақантай қайтыс болғанға дейін үнемі бірге жүрдік, – деп сөз бастады Қойшығара аға бір күні.

– Алматыда сырласып жүрген күндердердің бірінде Ахаң: «Біз 300 жыл бодандықта болған жұртпыз. Сондықтан санасы мәңгүрттеніп бара жатқан халқымызға тағылым болатын тарихи-танымдық дүние қажет» деп терең бір тыныстап алды да, сөзін жалғады. Марқұмның сөзіне қиянат қылмай, сөзбе-сөз айтайын: «Қойшыеке, екеуміз Алматыға тамақ асырау үшін келген жоқпыз, жазушы боламыз деп келдік. Құдайға шүкір, 2-3 повесіміз шықты, жыл қорытындысында жақсы аталдық. Бірақ құдайшылдығыңды айтшы, екеуміздікі де ерекше керемет дүниелер емес қой, асса орташадан жоғарылау ортанқол дүниелер. Ал мақталуымыз – сол жылғы шыққан кітаптармен салыстырудың нәтижесі. Әдебиет – төрт құбыласы түгел елдің ұрпағын моральдық, эстетикалық тұрғыдан тәрбиелейтін құрал. 300 жыл бодандықта болып, санасы сансырап, құлдықта болған ел үшін танымдық дүниелер керек. Мен сені байқап жүрмін, ізденіп жүрсің, мен де материал жиып жүрмін. Мен тіпті «Түрік қағанаты» туралы жазбақ болған 3 томдық еңбегімді де тәрк етейін, екеуміз серттесейік. Бүгіннен бастап енді әдеби шығарма жазбайық, тек танымдық шығармалар ғана жазайық» деді. Келістім. Екеуміз қол алысып, төс қағыстырып серттестік. Содан кейін ол «Күңгір-күңгір күмбездерді» жазды, мен «Алтын тамырды» жаздым. Екеуі бір жылда жарық көрді. Ақселеу содан кейін өле-өлгенше бір новелла жазған жоқ.

Ақселеу менен бірер жас кіші болғанмен, екеуміз де кешегі соғыстың қасіретті жылдарын, бар қиындығын жүрегімізбен сезініп өскенбіз. Менің әкем де, оның әкесі де соғыста болды. Оның әкесі қайтпай қалды. Сталинград майданында оққа ұшыпты. Менің әкем елге жарымжан болып оралды. Бірақ өкпесінде снарядтың жарықшағы қалғандықтан, оны ота жасатып алып тастайтын жағдай бізде болмады. Соның салдарынан кейін қайтыс болды.

Ақселеу ұлтын сүйген азамат еді. Оның ұлтшылдығы сол этностың, сол халықтың бір перзенті болған табиғи жаратылысынан гөрі бүгінгі халқының жай-жапсарын жете білген тереңдігінен тамыр тартады. Оның кейінгі еңбектерінің тақырыбының бәрі «қазақтың» деген сөзден басталады. Нақтылық үшін айтсақ, мысалы, «Қазақтың ауыз әдебиеті», «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың қара өлеңі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың шежіресіндегі уақыт табы», «Қазақтың ру-тайпалық құрылымы», «Қазақтың этнотопонимдері» тәріздес болып бір-бірін толықтыра жалғасып келіп, соңы «Қазақтың бейпіл сөздерімен» көмкеріледі. Сондағы мақсаты «қазақ халқының рухани қа­зынасының сыңар сабақ жібі де ескерусіз қалмауы тиіс. Керек не керек емесін ертең келген саналы, білімді ұрпақ өздері ашып алады» деген байлам болды.

Ақантай екеуміз өткен іс-шараларға, той-томалаққа да бірге баратынбыз. «Келе жатырмын, мен сені алып кетемін, дайын бол» деп қоңырау шалады. Ол келгенше сыртқа шығып күтіп тұрмай, бір минут кешігіп қалсаң, қатты кейіп тұрған кейіп танытып: «Үһ, бүкіл өмірім сені күтумен өтті ғой» деп әзілдейтін. Сосын мен де Ақантайдың бір минутына да қиянат қылмайыншы деп ол келуден бұрын сыртқа шығып тұратын болдым, осы әдет қазір өмірлік ұстанымыма айналды. Кім шақырса да 5 минут бұрын сыртқа шығып, күтіп тұратын әдет қалыптасты. Ой, дүние-ай, қайсы бірін айтайын, ол менің өміріме еркін еніп, кез келген жағдайда да үлкен сүйенішім, ақылшым болып еді. Тіпті «ертең пәлен іс-шараға барамыз ғой, ұмытып кетпе» деп арнайы телефон шалып, есіме салудан да жалыққан емес.

Ақселеу бала күнінен ерке, тентек болыпты. «Жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» дегендей, соғысқа кеткен әкесі оралмай қалған соң, өмір оны тез есейтті. Бағып-қаққан әкесінің ағасы да оны бетінен қақпай өсірген. Бір күні Ақантай сіріңкемен ойнап жүріп, өз үйін өртеп жіберген ғой. Сонда малшыларды аралап, сырттан келген әкесінің ағасы бір үйлі жан далада баспанасыз қалғанын көріп тұрса да, Ақселеуді жазғырып, ұрысу орнына бар болғаны әйелінен «балалар аман ба?» деп сұрағаннан басқа ештеңе айтпапты. Көрдің бе, қандай дегдар адам болған Ақантайдың әкесі Аманбек ақсақал?!

– Сол кісі дейді, – Ақантай өткен күнді еске алып, – дастарқан басында таңертеңгі шәйімізді ішіп отырғанбыз, сөйлеп тұрған радиодан диктор кенет дауысын өзгертіп: «Мәскеуден сөйлеп тұрмыз, аса маңызды хабарландыру» деп қоңыр дауыспен созып-созып үрей шақыра оқығанда, төрде отырған әкесі шайнаған нанын жұта алмай, қолындағы кесесін жерге қоя алмай мелшиіп отырып қалды. «Адамзат айға ұшты, Гагарин айға ұшты» деп хабарландырудың соңына шыққанда барып: «Түу, иттің баласы-ай, осыны жай айтса болмас па?» деп қысылғанда, терлеп кеткен маңдайын сүртті, – дейді. «Соғыс қайта басталды ма?» деп қорқып кеткені ғой, өйткені немістер басып кірген кезде Мәскеу дәл осылай үндеу жасаған ғой, содан әбден жүрегі зәрезап боп қалған ақсақал тағы бір пәле басталып, Ақантайды соғысқа алып кете ме деп қорыққаны ғой.

«Ақселеу қалай өмір сүруден бұрын не үшін өмір сүру керек дегенді ерте түсінген азамат болатын. Содан да болар бүкіл мағыналы өмірін өзінің айқын, белгіленген мақсатымен жүзеге асыруға, қазағына жан-тәнімен қызмет етуге арнады. Ақселеу бүкіл болмысымен қазақшыл. Ақселеу – менің түсінігімде, кешегіні бүгінге жалғаушы, кешегінің көзі, бүгінгінің өзі. Ақселеудің басты екі қасиеті – шын мәніндегі қазақ ұғымындағы білікті азаматтығы. Білік деген – ананың сүтімен, атаның тәрбиесімен, өскен ортаның өнегесімен бойға даритын ілім. Осы ілім арқылы Ақселеу қазақы болмыстың, қазақы дәстүрдің, ұлттық құндылықтың не екенін бойына дарытқан. Ақселеу терең білімді азамат еді. Атадан дарыған білікті халықтан алған білімі арқылы бекемдеген ол бүкіл қазақтың Ақселеуіне айналды» дейді Қойшығара Салғараұлы.

– Ақселеу қой бастаған серке сияқты азамат еді. Өзі де отырған жерінде айдындалып, лидерлік деңгейде отырып сөз сөйлейтін. Айтқан бетінен қайтпайтын ондайда. Бірде бір басқосуда інілері қолпаштап, Ақантайға көбірек көтертіп жіберді. Қайтар кезде «біз апарып тастайық» десе де, Ақселеу көнбей: «Қойшыекеңді өзім жеткізіп тастаймын» деп рөлге өзі отырып алды. «Болмайды» десем көнбейді, содан не керек, мен де оның ырқына көніп, көлікке отырдым. Әлгі жерден шығып ұзай бергеніміз сол еді, бейне бізді аңдып тұрғандай, ГАИ қызметкері ала таяғын шошаңдатып, алдымыздан шыға келді. Жас жігіт екен, Ақантай түсірген терезеден «Құжаттарыңыз» деді де, Ақселеуді көріп: «Ассалаумағалейкүм! Ойбай, аға, ішіп алып көлік жүргізгеніңіз не?!» деп көзі алақандай болды. Сонда Ақантай аспай-саспай: «Әй, бауырым, мас болмасақ саған тоқтаймыз ба?» деп еді, ана жігіт күліп жіберді. «Аға, қазір мен алдыңызда ақырын жүріп отырамын, артымнан ілесіңіз» деп баратын жерімізді сұрады. Содан бізді үйге дейін жеткізіп, Ақантайды сүйеп үйге кіргізіп: «Ал жақсы, дем алыңыз» деп кеткелі жатыр еді: «бауырым, Қойшыекеңді де үйіне жеткізіп таста» деп еді, «әрине» деп мені де үйге әкеліп салды. Бұл мақтанып айтатын іс емес, әрине. Бірақ әлгі жас жігіттің жасы үлкенге деген ілтипат-құрметі, бізді танып бәйек болғаны, заң бұзып тұрса да «Қазақтың Ақселеуі ғой!» деп кешіріммен қарап, жұмысын қайырып қойып, бізге көмектескенінің өзі азаматтық қой! Көлікке отырып бір жаққа кетіп бара жатсам, осы бір қызық оқиға үнемі есіме түседі…

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button