Басты ақпаратРуханият

Антропология Алпамысы

Былтыр ғалымның мерейтойы қарсаңында өзі кезінде қызмет істеген Ұлттық музейде «Ғасыр. Тұлға. Ғылым» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Сонда Оразақ Смағұлдың қазақтың шығу тегін зерттеудегі ерен еңбегі, тұлғалық болмысы туралы біраз айтылды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ғалымға арнайы құттықтау жолдады.

«Біз өзіңізді қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, парасатты профессор, әйгілі академик ретінде ерекше қадірлейміз. Сіз саналы ғұмырыңызды төл шежіремізді түгендеуге арнадыңыз. Халқымыздың шығу тегін зерделеп, тарихи жадын жаңғыртуға зор үлес қостыңыз. Теңдесіз еңбектер жазып, жұртымыздың жылнамасы тым тереңнен тамыр тартатынын ғылыми тұрғыда дәлелдедіңіз. Жарты ғасырдан астам уақыт зерттеу жүргізіп, жарыққа шығарған «Қазақ халқы және ата тегі» ұлттық ғылымның аса құнды қазынасы саналады. Бүгінде қажырлы еңбегіңіз лайықты бағаланып, еліміздің құрметіне бөленіп жүрсіз. Ғибратты ғұмырыңыз бен өз ісіңізге деген адалдығыңыз өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болары сөзсіз» делінген еді Мемлекеттік кеңесшінің құттықтауында. Дұрыс сөз, еңбегіне берілген биік баға.

Бұл жиынның өткені жөнінде газетімізге шағын хабар жазып, ақпараттың сілтемесі мен Еңбек Ерін беру туралы пікірімізді әлеуметтік желіде жариялағанымызда біраз адам ұсынысымызды құптайтынын білдірді. Соның бірі, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбайұлы – «Оразақ ағамыз Еңбек Ері атағына әбден лайық, оның 70 жылдық еңбегінің том-томы ұлттық игілікке айналар ұлық байлық. Ғалымды кезінде Мемлекеттік хатшы Марат ­Тәжинге үш рет айтып қабылдата алмадым. Обал болып бара жатыр, жасы келіп қалды. Антропология Алпамысы…» деп жазды. Мақаланың тақырыбын да ақынның сөзінен алып отырмыз. Расымен, Оразақ Смағұл антропология саласында заңғар таудай іс атқарды. Оны «Тобылдан шыққан антропология Толағайы» десек те болады.

Негізінен тұңғыш антрополог туралы аз жазылмады. Ғалымнан сұхбат алып, ол жайында бірнеше мақала жазған белгілі журналист Бекен Қайратұлы «Оразақ Смағұл – тек антропология саласын зерттеуші ғалым ғана емес, халқымыздың тұрмыс-салт этнографиясын, тарихи-әлеу­меттік һәм генеологиялық даму сатыларын, тіпті ұлтты тұтастырып тұратын рухани ұстын-тетіктерді жетік білетін оқымысты» дейді.

Ал қазақтың шығу тегін зерттеу ниеті студент кезінде пайда болды. Екі жасында қазақ даласы алапат ашаршылыққа ұрынғанда Құдай қолдап, аман қалды. Есейе келе, бұл қолдан жасалған ашаршылық екенін түсінді. Жалпы, қазақты отарлау саясатының зардабын жақсы түсініп, компартияға да өтпеді.

«Негізі, Орекең – батыр адам. Батыр болмаса, отарлау­шылар күлге көміп, жоқ қылған қазақты феникс құстай түлетіп, қырық ғасырлық тарихын ғылыми дәйекпен дәлелдеп бере ме? 1977 жылы отыз жыл маңдай терін төгіп жазған «Этническая геногеография Казахстана» атты кітабын баспада теріліп жатқан жерінен компартияның көз-құлақтары тапа-тал түсте бірін қалдырмай өртеп жібергенде былқ етпепті» деп жазады Бекен Қайратұлы.

Оразақ Смағұл ҚазМҰ-дың тарих факультеті мен Алматы медицина институтын қатар оқып бітірді. «Бірінші курста оқып жүріп, археологиялық қазба жұмыстарына жегілдім. Сонда аңғарғаным, археологтар қазба жұмысы кезінде табылған артефактілерді мұқият жинап алады да, адам сүйектерін шашып тастап жүре береді. Яғни, археологтарға тек материалдық мәдени мұралар ғана қажет. Адам қажет емес екен. Бізді басқарып барған ұстаздан сұраймын ғой «мына сүйектерді зерттеумен айналысатын біреу бар ма?». Ешкім жоқ. Осы мәселе мені қатты ойландырды. Заттық мұра деген – жай бір бұйым. Ал оны жасаған һәм пайдаланған адамды неге зерттемейміз? Осылай антрополог болуға бел байладым» деген еді ғалым бір сұхбатында.

Оқуды бітірерде бағына орай Мәскеуден жергілікті бір ұлт өкілін антропологияға бейімдейміз деген қағаз келді. Сөйтіп қазақ баласы 1957 жылы антрополог болу үшін Қаз КСР Ғылым академияның жолдамасымен Мәскеуге аттанды. Онда Миклухо-Маклай атындағы этнография институтының аспирантурасына түсті. «Ғылыми атақ қорғау үшін тақырып таңдауым қажет болды. Қаз КСР Ғылым академиясының жолдамасымен оқып жатқандықтан, кандидаттық тақырып таңдауына олардың келісімі керек екен. Яғни қазақстандық жағдайға қатысты тақырып таңдауға тиісті екем. Бірақ Мәскеу айтады «Қазақстанға қатысты тақырып таңдай алмайсың, себебі онда сен зерттейтін сүйек қоры жоқ». Бұл пікірге академия келіспеді. Екі ортада сандалып мен жүрмін…»

Бұл ғалымның бір сұхбатынан үзінді. Сөйтіп жүргенде Қаз КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың қолдауының арқасында мәселесі оңынан шешіледі. Қаныш Имантайұлы Мәскеуге бір келгенде аспирант Оразақ оған жолығып, түйткілін айтады.

«Мені мұқият тыңдап болып Қаныш аға «енді не керек?» деп өзіме сауал қойды. «Қазақстанда сүйек қорын жасауымыз қажет». «Түсіндім, бұдан басқа не керек?». «Сүйек қорын жасайтын экспедиция жасақтау қажет». Қанекең бас изеді. Маған бұрылып «дереу экспедицияға дайындал!» деп бұйрық берді.

Қуаныштан төбем көкке бір елі жетпей рақметімді жаудырып, бөлмеден шығып бара жатыр едім, Қаныш аға маған «тоқта» деді. Кілт тоқтадым. Қайран аға қасыма келді. Көзінде мұң бар. «Қарағым, Оразақ» деді, – әрбір жан иесінің биологиялық ата-анасы болатыны секілді, әр халықтың биологиялық ата-анасы бар. Сен қазақтың биотегін дәлелде». Қаныш ағаның осы бір ауыз сөзі маған өмірлік қуат берді.

Арада үш күн өтті. Институттың басшысы шақырып жатыр деген хабар келді. «Не боп қалды екен…». Сүрініп-қабынып жеттім. Директордың алдында Сәтбаевтың қолы қойылған телеграмма тұр. Оқып берді. Қағазда мені экспедицияға басшы ретінде тағайындап, үш ай жұмыс жасауға 12 мың рубль, бір машина, төрт ғылыми қызметкер бөлгені жайлы айтылыпты» дейді Оразақ Смағұл бұл оқиғаны еске алғанда.

Ғалым ұзақ жылғы зерттеуінің нәтижесінде барлық қазақ бір тектен тарағанын, ұлтымыздың қырық ғасырлық тарихы барын ғылыми түрде дәлелдеп шықты. Бұл тұжырым – жаратылыстану ғылым саласы бойынша емес, биологиялық тұрғыдан анықталды. Бұған қоса, Оразақ Смағұл Есіктен табылған «Алтын адамның» сүйегіне ғылыми сараптама жасап, оның 20 жастағы ер адам екенін анықтап берді. Абылай ханның сүйегін қазып алып, сүйекті Мәскеуге алып барып, арнайы зертхана зерттеді. Сонда ханның бойы 1 метр 66 сантиметр болғанын, 50 жасқа жетпей аяғынан жараланғанын анықтады. Әйтеке бидің сүйегіне де зерттеу жүргізді. Біле білген адамға, бұл да қыруар еңбек. Сол еңбегі көзінің тірісінде бағаланғаны жөн.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button