Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Достық үйінде Астана қаласы ҚХА XXIII сессиясына орайластырылған Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің «Әрекет алаңы» кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова бұл іс-шара алғашқы рет ұйымдастырылып отырғанын және оның мән-маңызы жоғары екенін айтып өтті.
«Әрекет алаңы» кеңейтілген отырысы биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Десе де дөңгелек үстел басына жиналған, әрқайсысының қоғамда өзіндік рөлі бар қатысушылармен көптеген жылдардан бері қоян-қолтық бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Бұл жолы «Салауатты сана» бағдарламасын талқылап, күш-жігерімізді қоғамдағы лудомания, наркомания, ысырапшылық, отбасын бұзатын өзге де мәселелердің алдын алуға біріктіріп, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоймақпыз», – деді Алтынай Тәңірбергенова.
«Әділ қоғам құрудағы әйелдердің рөлі» деп аталатын секцияда алғашқы сөз кезегі Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайыноваға ұсынылды.
«Біз бұл кездесуді «Әрекет алаңы» деп атадық. Яғни бүгінгі отырысты сөзден іске көшетін, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған, нақты қадамдар мен ортақ бастамаларға жол ашатын алаң ретінде қарастырамыз.Бұл кездесуге, негізінен, әйелдер қауымы жиналды. Сондықтан біздің басты міндетіміз – елордамыздағы, тіпті, мүмкін болса, бүкіл еліміздегі әйелдердің күшін біріктіре отырып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді шешуге және әйел көшбасшылығын одан әрі ілгерілетуге ден қою.Қазақстан халқы Ассамблеясы – түрлі форматтағы диалогқа кең мүмкіндіктер беретін берекелі алаң. Мен бүгінгі диалогтың нәтижелі боларына сенемін. Сонымен қатар бүгінгі кездесуге қатысып отырған Астана қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Мұқанбетпанақызын ерекше атап өткім келеді. Өйткені өткен жылдан бастап, Астана қалалық мәслихатында Ассамблеямен өзара іс-қимыл жөніндегі депутаттық топ жұмыс істеп келеді.Бұл – қала деңгейінде бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетуде халық қалаулыларының әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тағы бір маңызды ресурс.Сондықтан баршаңызды бүгін белсенді жұмысқа, мазмұнды өзара әрекеттестікке шақырамын», – деді Ләззат Құсайынова.
«Әрекет алаңы» кеңейтілген отырысы қатысушыларының баяндамаларынан соң, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан соң дизайнер, киіз шебері, қазақ қолданбалы өнерін насихаттаушысы Мадина Қуандықтың жетекшілігімен қатысушылар бірлескен жұмыстар нәтижесінің символы ретінде киізден картина жасады.