Ана бұзылса, ұлт бұзылады…
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаймен сұхбат.
– Құрметті Нәзипа Ыдырысқызы, сіз 2014 жылғы бір сұхбатыңызда тастанды балалардың көбейгенін айтып, «Қоғам азды ма, адам азды ма?» деген сауал тастаған едіңіз. Бүгінде осы мәселеге көзқарасыңыз қалай өзгерді?
– Бұл сұрақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Менің ойымша, тастанды балалардың көбеюі – тек қана адамдардың моральдық деңгейінің төмендеуін көрсетпейді, сонымен қатар, әлеуметтік жүйенің ақаулығын, экономикалық қиыншылықтарды, білім мен мәдениет деңгейінің төмендігін де білдіреді. Біріншіден, қоғамның «азуы» деп айтып отырғанымыз – адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар мен этикалық нормалардың төмендеуі. Қазіргі таңда көптеген адамдар өздерінің жеке басының ғана қызығушылығын жоғары қояды, қоғамдық жауапкершіліктерге немқұрайлы қарайды. Отбасылық институттың әлсіреуі, әсіресе жастардың арасында тастанды балалар санының көбеюіне әсер етіп отыр. Екіншіден, «адам азды ма?» деген сұраққа жауап беру де оңай емес. Кейде қоғамда әлеуметтік теңсіздіктер мен мүмкіндіктердің жетіспеушілігі салдарынан да көптеген әлеуметтік мәселелер туындайды. Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту салаларындағы жүйелік проблемалар әлеуметтік шиеленістерді арттырып, көптеген адамдарға қолдау көрсету жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Бұл да өз кезегінде тастанды балалардың көбеюіне әкеледі. Сондықтан бұл мәселеде бір жақты көзқараста болу қиын. Яғни, тастанды балалардың көбеюі – тек моральдық құлдыраудың емес, сонымен қатар әлеуметтік жүйенің әлсіздігі мен экономикалық қиыншылықтардың белгісі. Қоғамның азуы – тек жеке адамдардың моральдық деңгейінің төмендеуі ғана емес, сонымен қатар үлкен әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелердің айқын көрінісі. Мейлі, қалай десек де, біз жесірін қаңғыртпаған, жетімін жатсынбаған халық едік. Ал бүгін кей жағдайда жетімін аяудың орнына, оны қорлайтын, тағдырына жауапкершілік алудың орнына сырт айналатын қоғамға айналып бара жатқандаймыз. Бір кезде елді дүр сілкіндіретін оқиғалар – бүгін қалыпты жаңалыққа айналып барады. Шақалақты дәретханаға тастап кету, көліктен лақтырып жіберу сияқты жантүршігерлік жағдайлар бұрын қоғамды есеңгірететін. Ал қазір біз оған селт етпейтін күйге жеттік. Жетім балалар тек ата-анасынан айырылғандықтан ғана көбеймей жатыр. Оның астарында терең әлеуметтік себептер бар. Соның бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. Әйелге қол көтеру, анаға құрметтің азаюы – бұл тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның трагедиясы. Мысалы, бірнеше баланың әкесі өз әйелін өлтіріп, өзі сотталып кетеді. Нәтижесінде артында қалған балалар – тірі жетім болады. Сондықтан біз мұны кездейсоқ құбылыс емес, қоғамның бетіндегі ашық жара деп қарауымыз керек. Егер бүгін емдемесек, ертең оның іріңі бүкіл қоғамға жайылады. Бұл – ұлттық сапамызға тікелей әсер ететін мәселе. Өйткені мейірімсіз қоғам – әлсіз қоғам. Енді бұдан шығудың жолына келсек, ең алдымен, отбасы институтын күшейту керек, әйелдің қоғамдағы мәртебесін нақты көтеру қажет, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру керек, балаларға деген жауапкершілікті заңмен ғана емес, санамен бекіту керек. Сонымен қатар, мейірімділік тәрбиесін жүйелі түрде енгізу қажет. Мектептен бастап, балабақшадан бастап балаға тек білім емес, адам болуды үйретуіміз керек. Өйткені қоғамды заң ғана емес, жүрек тәрбиесі өзгертеді. Егер біз мейірімді ұрпақ тәрбиелей алсақ, жетім мәселесі өздігінен азая бастайды.
– Ұлтты тәрбиелейтін ана деп жатамыз. Қазақ тарихын қарап отырсақ та, қай кезеңдерде болмасын ұлтты аман алып қалған аналардың рөлі ерекше болғаны белгілі. Бүгінгі қоғамда ананың орны мен беделі қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Қазақ «ана – ұлттың тұтқасы» деп бекер айтпаған. Ана – тек отбасының емес, тұтас ұлттың тірегі. Ол – бірліктің ұйытқысы, тәрбиенің қайнар көзі, руханияттың негізі. Сондықтан біз ананың қоғамдағы орнын күшейтпей, ешқандай мәселені толық шеше алмаймыз. Осы мақсатта біз «Аналар кеңесі» аясында үлкен жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінде бұл бастама ел бойынша кеңейіп, мыңдаған ананың басын біріктірген қоғамдық күшке айналды. Бұл – жай ұйым емес, бұл қоғамға бағыт беретін, тәрбиеге ықпал ететін орта. 2021 жылдан бері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асырып келеміз. Бұл жоба арқылы біз ананың тек отбасы ішіндегі емес, қоғамдағы рөлін де күшейтуді көздейміз. Сонымен қатар, біз бұрынғы әжелер институтын заманауи форматта қайта жандандыруға кірістік. Өйткені қазақ қоғамында әже – тәрбиенің алтын көпірі болған. Ертегі айту, ұлттық құндылықтарды жеткізу – бәрі сол кісілер арқылы жүзеге асқан. Қазір біз бұл тәжірибені балабақшаларда енгізіп жатырмыз. Балаларға ертегіні тек айту емес, оны мультфильм, сахналық көрініс арқылы жеткізуге мән берудеміз. Бір ауыз сөзбен айтқанда, егер біз балалар үйін азайтып, балабақшаны көбейтсек, ойын-сауық орындарының орнына білім мен руханият ордаларын арттырсақ, сонда ғана біз ұлт ретінде өзімізді сақтай аламыз.
– Бүгінгі келін – ертеңгі ана. Ендеше кешегі келін мен бүгінгі келіннің арасында қандай айырмашылықтар бар деп ойлайсыз?
– Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Себебі мәселе тек келінде емес, ең алдымен, ене институтында. Қазақ қоғамында ене – келінді қабылдаушы ғана емес, оның тағдырына жауапты тұлға. Егер келін дәстүрлі тәрбие мен жауапкершілікті түсінетін ененің қолына түссе, онда ол қазақы өмір философиясымен қалыптасады. Сондықтан бүгінгі қоғамда «келін қандай?» деген сұрақтан бұрын, «ене дайын ба?» деген сұрақ маңыздырақ. Бұрын келін босағаны оң аяқпен аттаған сәттен бастап өзін сол әулеттің анасы ретінде қабылдаған. Ол: бұл үйдің берекесі мен абыройына жауаптымын, осы шаңырақты өсіру менің міндетім деп түсінген. Бұл жазылмаған заң, ар-ұят кодексі еді. Ал бүгін кей жағдайда енелер ұлын келіннен қызғанып жатады. Мұндай жағдайда дұрыс тәрбие беру қиын. Ене өз рөлін түсінгенде ғана, ол тек келінді емес, болашақ ананы тәрбиелеп жатқанын ұғынады. Ене – отбасының медиаторы, модераторы. Ол – әулеттің ішкі мәдениетін, қарым-қатынас жүйесін қалыптастыратын негізгі тұлға. Бөтен ортадан келген қызды сол әулеттің құндылықтарына бейімдеу күшпен емес, парасатпен, үлгімен, мейіріммен жүзеге асады. Бұл – үлкен даналықты талап ететін процесс.
– Қазіргі жастар арасында «ұят» ұғымы әлсіреп бара жатқан жоқ па? Бұл ұлттық болмысқа қауіп төндірмей ме?
– «Ұят» – қазақ дүниетанымының өзегі. Бұл – қарапайым немкетер сөз емес, ішкі моральдық бақылау тетігі. Абай Құнанбайұлы ұяттың екі түрін айтады ғой. Біріншісі – орынсыз ұялу (надандық), екіншісі – ар-ожданнан туатын шынайы ұят. Нағыз ұят – адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Ол иманмен тығыз байланысты. Бірақ иманды тек діни рәсімдермен шектеуге болмайды. Иман – мінез, әдеп, жауапкершілік. Бұл қасиетті қалыптастыруда ананың рөлі ерекше. Ана қыздың бойына «ұят болады» деген түсінікті дұрыс сіңірсе, қоғам да түзеле бастайды.
– Иә, Әбу Насыр әл-Фараби де «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді ғой. Бүгінгі білім беру жүйесінде осы екеуінің тепе-теңдігі сақталып отыр ма?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Бүгін біз білімге басымдық беріп, тәрбиені екінші орынға ысырып қойғандаймыз. Әрине, мектеп пен балабақшада тәрбие жоқ емес, бірақ оның сапасы мен бағыты әркелкі. Қазіргі қоғамда балаға: «жақсы оқы», «мансапқа жет», «табысты бол» деген мақсаттар көбірек қойылады. Бірақ «қандай адам болу керек?» деген сұрақ көлеңкеде қалып қояды. Білім – адамның рухани кемелденуіне қызмет етуі тиіс. Сонда ғана атақ пен мансаптың да мәні болады. Әрине, біз мықты маман дайындап жатырмыз, бірақ жақсы жар, жауапты әке, парасатты ана болуға үйретіп жатырмыз ба? Мәселе осында. Өйткені отбасы жай ғана әлеуметтік құрылым емес қой. Ол – тәрбие мектебі. Егер адам отбасының мәнін түсінбесе, онда оның білімі де, мансабы да оны толық адам ете алмайды. Сондықтан ажырасу, жалғызбасты аналардың көбеюі, тастанды балалар мәселесі – мұның бәрі тәрбиенің әлсіреуінен туындайтын салдар. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесі тек ақпарат берумен шектелмеуі керек. Ол тұлға қалыптастыруы тиіс, өмірге дайындауы керек, отбасылық құндылықтарды сіңіруі қажет. Яғни мектеп пен балабақшада «қалай табысқа жетемін?» дегеннен бұрын, «қалай адам болып қаламын?» деген сұраққа жауап берілуі тиіс. Сонда ғана біз тек білімді емес, толыққанды, жауапты, саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.
– Жасыратыны жоқ. Қазір біз рухани білім әлсіреген қоғамға тұспа-тұс келіп отырмыз ғой. Оның үстіне қазіргі жастардың кітап оқуға қызығушылығы төмендеп бара жатқандай. Осыны арттыру үшін қандай жолдар тиімді деп ойлайсыз?
– Бұл бағытта мемлекет деңгейінде де жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы жылдары «оқитын ұлт» қалыптастыруға бағытталған түрлі ұлттық бастамалар мен мәдени жобалар жүзеге асуда. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Қазіргі буынның кітаптан алшақтауына 90-жылдардың әлеуметтік қиындықтары да әсер етті. Сол кезеңде өскен ұрпақ – бүгінде ата-ана. Оған қоса, цифрлық технология мен жасанды интеллекттің ықпалы артты. Дегенмен бұл – өтпелі кезең. Ең бастысы – кітапқа деген мәдениетті ерте жастан қалыптастыру. Мысалы, Еуропа елдерінде балаға 6 айынан бастап кітап ұсынылады. Ол оны жыртса да, ұстаса да, кітаппен байланыс орнайды. Бұл тәжірибені әр отбасы өзінен бастай алады.
– Сонда сіз қазіргі балалардың сұранысына сай қазақ әдебиеті жеткілікті деп ойлайсыз ба?
– Әрине, жеткілікті. Мәселе – таңдауда. Мысалы, «Қан мен тер» – халық тағдырын терең түсіндіреді, «Аласапыран» – тарихи сананы қалыптастырады. Осындай шығармаларды оқыған бала өз халқының тарихын түсінеді, тағдырын сезінеді, ұлттық болмысты бойына сіңіреді. Ал поэзия – жанды нәзіктендіреді. Көркем әдебиет – ойлауды тереңдетеді. Кітап оқитын адам сабырлы, ойлы, мәдениетті, эмпатиясы жоғары тұлға болып қалыптасады. Әдебиет – адамның ішкі әлемін байытып, оны толыққанды тұлғаға айналдыратын ең қуатты құралдардың бірі.
– Оқымайтын ұрпақ ойламайтын, ойлай алмайтын ұлт қалыптастырады. Сізше, мұның алдын алу жолдары бар ма?
– Шынында да бүгінгі таңда баланың тәрбиесінде ата-ананың ықпалы әлсіреп, оның орнын көше мен смартфон басып бара жатыр. Мәселен, бұрынғы бала әженің ертегісін тыңдап өсті, ананың әлдиімен ұйықтады, әкенің сөзімен бағыт алды. Ал қазір туғаннан телефон ұстап өседі, экраннан тәрбие алады, алгоритм не көрсетсе, соны көреді. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Өйткені экран тәрбие бермейді, ол тек ақпарат береді. Ал ақпараттың бәрі тәрбие емес. Смартфонға тәуелді ұрпақ ұзақ ойлануға дағдыланбайды, терең оқымайды, дайын ақпаратты ғана тұтынады. Осылайша біз «құлтемір» сияқты ойламайтын, тек қабылдайтын адамдарды тәрбиелеп алу қаупіне келіп тұрмыз.
– Газет-журнал, кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?
– Қанша жерден цифрлық дәуір десек те, сапалы баспасөздің орны бөлек. Газет-журнал – тек ақпарат көзі емес, ол қоғамдық ойдың айнасы. Бүгінде қоғамдағы ең өткір мәселелерді көтеріп, батыл сын айтып жүрген сапалы басылымдар да бар. Онда терең талдау, шынайы пікір, ұлттық мүдде көрініс табады. Газет оқитын адам ойлайды, салыстырады, қорытынды жасайды.
Ал әлеуметтік желі көбіне дайын пікір ұсынады. Сондықтан біз газет-журналды ескіліктің қалдығы емес, ойлы қоғамның құралы ретінде қарауымыз керек. Сондықтан оқу мәдениетін қайтару – бұл тек білімнің емес, ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.
– Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, ұлттың интеллектуалдық деңгейіне қандай қауіп төнеді деп ойлайсыз? Және осындай Цифрлық дәуірде ата-ана баламен рухани байланысты қалай сақтап қалуы керек?
– Әрине, бүгінгі таңда ақпараттың қолжетімділігі артты, бірақ сонымен бірге ойлау таяздана бастағаны да жасырын емес. Интернет адамға жылдамдық береді, бірақ ол әрқашан тереңдік бере алмайды. Әлеуметтік желілердегі ақпарат көбіне қысқа, үзік-үзік, эмоцияға құрылған. Адам соған үйреніп алады да, ұзақ отырып, бір ойды қорытып оқуға төзімі жетпей қалады. Ал кітап – сабыр талап етеді. Ол адамды тоқтатуға, ойлануға, салыстыруға, ішкі диалог құруға мәжбүрлейді. Кітап оқыған адам мәселені біржақты емес, көпқырлы көреді. Ал тек желіден ақпарат алатын адам көбіне дайын пікірді тұтынады. Сондықтан мәселе «кітап керек пе, жоқ па?» дегенде емес. Мәселе – біз қалай ойлайтын ұлт болғымыз келеді дегенде. Егер біз тек ақпаратты қабылдайтын емес, оны саралайтын, талдайтын, сүзгіден өткізетін ұлт болғымыз келсе, онда кітаптың орнын ештеңе баса алмайды. Цифрлық дәуір бізге мүмкіндік берді, бірақ сонымен бірге үлкен қауіп те әкелді – ойламау қаупі. Соған қарсы тұратын жалғыз құрал – терең оқу мәдениеті.
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР



