«АЛЖИР»-дің тарихын ақтарған

Астананың іргесіндегі Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінде қуғын-сүргін жылдардағы қасіретті тарих парақтарын ашатын талай сыр сақталған. Аталмыш музейдің құрылғанына келесі жылы 20 жыл толады. Бірақ тиісті жұмыс, яғни бұл лагерьге қапасқа қамалған «халық жаулары» әйелдерін анықтау, құжаттарды жинау бұдан біраз уақыт бұрын, өткен ғасырдың 80-жылдары басталды.
Сол кезде бұл іске білегін сыбана кіріскен адамдардың бірі де бірегейі Рахима Жақсыбаева, міне, 40 жылға жуық уақыт «АЛЖИР»-ге қатысты тарих парақтарын ақтарумен келе жатыр. Ол осы жұмысқа ғұмырын арнады десек те болады. Рахима Рамазанқызы күні кеше ғана мерейлі 70 жасқа толды. Осыған орай Астана қаласы Бірлескен мұражайлар дирекциясының басшысы Асқар Қалыбаев музей ардагерін құттықтап, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің алғыс хатын тапсырды. «АЛЖИР» музейінің директоры Дәулеткерей Кәпұлы да сый-құрмет көрсетті.
Рахима Рамазанқызы Целиноград педагогика училищесін бітіргеннен кейін еңбек жолын бұрынғы Малиновка, қазіргі Ақмол кентінде балабақша тәрбиешісі ретінде бастады. Комсомол ұйымының хатшысы да болды. Ал «АЛЖИР» тарихына бойлауға мына оқиға әсер етті. 1989 жылдың шілдесінде Мәскеуден сол ауылға «Известия» газетінің тілшісі Олег Стефашин келді. Қасына еріп жүрген адамдарға ол «Мына сіздердің Малиновка ауылдарың адамдардың сүйегінен құралған. Мұның тарихын зерттеу керек» деді. Оны естіген жұрт таңғалды. Бірақ Рахима Жақсыбаева бар топ шындығына көз жеткізу үшін ізденіп, мәліметтерді жинақтай бастады. «АЛЖИР»-дің бұрынғы тұтқындарымен әңгімелесті. Сол 1989 жылы «АЛЖИР» тарихы мәңгі есте» атты тұтқын әйелдермен алғашқы кездесу ұйымдастырылды. Оған жан-жақтан 20 шақты әйел жиналды. Кейбіреуі балалары мен немерелерін ертіп әкелген. Олар «Бір кезде қудалауға түсіп, өз елімізде бөтен болсақ, бүгін құрмет көрсетіп жатырсыздар» деп қуанғанынан көзіне жас алып, алғысын жаудырды. Сол жолы ауылды басқарған Иван Шарф ауылдың кіреберісіне саяси қуғын-сүргін көрген аналардың құрметіне ескерткіш белгі қойып, митинг өткізді. Бұл жайында Рахима Рамазанқызы кезінде журналист Ғалия Балтабайға сұхбатында айтып берді. 1997 жылы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Сол жылы Иван Шарфтың бастамасымен Малиновка ауылында «АЛЖИР» лагерінің тарихы» музейі ашылды. Ауыл директоры сол музей басшылығына Рахима Жақсыбаеваны лайық көрді.
– Содан 12 шаршы метр аумағы бар бір бөлмені мәдениет үйінен бөліп берді. «Міне, үстеліңіз, жиналған құжаттар мен фотоқұжаттар, енді іске кірісіңіз» деді. Бір бума құжаттарды ұстап отырмын. Неден бастарымды білмеймін. Ортада үстел мен орындық. Айнала аппақ төрт қабырға және алдымда «АЛЖИР» мұражайының меңгерушісі деген бір парақ қағазға жазылған Иван Иванович Шарфтың бұйрығы бар. 1997 жылдың 28 сәуірі болатын. Келесі күні құрылыс бөлімінен бір мастерді алып, Ақмола (қазіргі Астана) қаласындағы Өлкетану мұражайына бардым. Мұражайды қалай көркемдегеніне, безендіргеніне, құжаттардың қалай орналасқанына көңіл бөлдім. Келісімен витрина дайындап, шынысын салып, жан-жағын жасыл барқытпен көмкеріп, дайын құжаттарды орын-орнымен жайғастырдым. Таң-тамаша әсер қалдыратын шағын мұражайға айналды. Құжаттардың көшірмесін де жеке түсіріп қойдым, – деген еді жоғарыдағы сұхбатында Рахима Рамазанқызы.
Музей басшысы жан-жаққа «АЛЖИР» лагерінде отырған әйелдерге хат жазып, өздері туралы мағлұматтар жіберуін сұрады. Ол кездегі жалақысы 2000 теңге ғана. Соны тек хат жазып, конверт сатып алуға жұмсады. Хаттарына ақырын-ақырын жауаптар келе бастады. Біршама естеліктер мен әртүрлі құжаттар,
«АЛЖИР» лагеріне байланысты құнды деген заттар поштаға келіп түсіп жатты. Рахима Рамазанқызы осы мұражайда тура 10 жыл қызмет етіп, жаңа мұражай ашылғанда жинаған құжаттар мен фотосуреттерді сонда өткізіп, жаңа музейде қызметін жалғастырды. Рахима Жақсыбаева жинаған жәдігерлер 2007 жылдың 31 мамырында ашылған жаңа музей экспозицияларының негізін құрады. Лагерьде отырған аналардың ұрпақтарымен кездесу үшін мұражай қорының бас сақтаушысы Сахан Асайынқызымен бірге Қазақстанды ғана араламай, Қытай еліне, Ресейдің Мәскеу, Санкт-
Петербург, Новосібір, Липецк, Калининград, Омбы қалаларына барып, саяси қуғын-сүргін көргендер жайлы құнды материалдар әкелді. «АЛЖИР»-дің тұтқын әйелдері туралы көптеген мақала жазды, «АЛЖИР. Қорқынышты түстер… Как страшный сон…», «Ұрпақтар ұмытпайды» кітаптарын құрастырды, бірнеше деректі фильм мен телебағдарламалардың кеңесшісі, сондай-ақ «Өткенге – тағзым, тарихқа – тағылым» халықаралық жобасының және «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің 10 жылдығына арналған «Ұрпақтар ұмытпайды», 15 жылдығына арналған «Ұрпақтар есінде» халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың ұйымдастырушыларының бірі болды. Ал бүгінде ол музейдің дамуына үлесін қосып жүрген жас мамандарды тәрбиелеуде.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



