Қала мен сала

Алып мысық орнатылды

Елордадағы Орталық саябақта қайта өңделген пластиктен жасалған алып мысық мүсіні орнатылды. Арт-нысан «Таза Қазақстан» экология акциясы аясында қала күнін мерекелеуге арналған «Мерекелік саябақ» отбасы фестивалінде тұрғызылған.

Фестивальдің басты алаңдарының бірі – үлкен мысық бейнесіндегі ерекше экологиялық арт-нысан орналастырылған арт-кеңістік. Инсталляцияның биіктігі – 4 метр, ені – 2,5 метр. Ал жоба идеясы эколог Мариям Қасымова жетекшілік ететін елордалық суретшілер мен экобелсенділер тобына ­тиесілі екен.

«Бұл – жай ғана көрме емес, кез келген адам өзгеріске үлес қоса алатын орнықты қаланың үлгісі. Көрме мен экобастама экология мен өнердің үйлесімді байланысын көрсетіп, тұрғындардың кеңістікті түрлендіруге деген ынтасын арттырды. Қонақтар шеберлік сабағына белсенді қатысып, қоқыс сұрыптауға қызығушылық танытты. Жалпы қазақстандықтар экологияға бей-жай қарамайтынын көрсетті» дейді Мариям Қасымова.

Фестиваль аясында саябақ ашық аспан астындағы жазғы демалыс ордасына айналғаны рас. Мұнда балалар, жастар, ата-аналар мен зейнеткерлер – бәрі де өздеріне қызықты іс тауып, мерекелік көңіл күйге бөленді. Ұйымдастырушылар да келушілерге тың эмоция мен ерекше әсер сыйлады.

Кинематографияны ұнататындарға қазақ тіліндегі мульт­фильмдер мен фильмдер көрсетілетін ашық аспан астындағы жайлы кинотеатр жұмыс істеді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер кәсіби суретшілердің жетекшілігімен ­сурет салып, шығармашылықпен айналысты. Соның ішінде ерекше жобаның бірі – ортақ баннер. Оған әр бала суретінің бір бөлігін қосып, нәтижесінде ұжымдық туындыны дүниеге әкелді.

Бұдан өзге кішкентай қонақтарға арналған театр қойы­лымдары да ұйымдастырылды. Әртістер ертегілер мен балалар спектакльдерін сахналап, бүлдіршіндерге алғашқы ­театр әсерін сыйлады. Фестиваль соңы жас орындаушылардың концерті және әсерлі фаер-­шоумен аяқталды.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button