Алып күш иелері дәріптелді

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының ұйымдастыруымен «Күш лекциясы» атты ерекше іс-шара өтті.
Жиынға университет басшылығы, ғалым-оқытушылар мен студенттер, зиялы қауым өкілдері, спорт қайраткерлері қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Гиннес рекордтар кітабының рекорд иегері, қоғам қайраткері, «Тас палуан» атымен танымал Арман Сүлеймен, сондай-ақ Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары болды.
Күш мәдениетін зерттеуші белгілі ғалым Абылайхан Қалназаровтың авторлық бұл жобасы – қазақ халқының күш пен қайсарлыққа негізделген мәдени мұрасын қазіргі заманға жеткізуді мақсат еткен бірегей бастама. «Күш лекциясының» өзегі – ел тарихындағы әйгілі алыптарымыз, баһадүр-балуандарымыз, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды даңқты тұлғалардың өмір жолы мен игі мұрасын дәріптеу. Олардың жеңімпаз рухы мен ерлік өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, рухани сабақтастықты жалғау.
Іс-шараны ұйымдастырушы әрі модератор, ғалым Абылайхан Қалназаров бұл кездесудің ерекшелігіне тоқталды:
«Талай дәрістер өткізіп жүрміз. Бірақ бұл жолғы «Күш лекциясының» артықшылығы – Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды ұлы бабалардың ұрпақтарының араға ғасыр салып, алғаш рет бір жерде, бір мезгілде бас қосуында. Ұлы баһадүрлер кезінде жұбын жазбай бірге жүрсе, бүгін олардың ұрпақтары жарасымды сұхбат құруда. Бұл – қаһармандар шынжырының үзілмегенінің айқын дәлелі» деді ол.
Сондай-ақ ол Ұлы даланың күштік тарихы мен балуан тастар туралы ғылыми слайд-презентация ұсынып, тың деректермен бөлісті. Жиын барысында Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп ұрпақтары да өздерінің ата-бабалары жайлы естеліктер айтып, қатысушылармен ой бөлісті.
Көрермендер назарына қазаққа тән дәстүрлі күштік ойындар жөніндегі арнайы бейнеролик ұсынылды. Бұдан кейін Арман Сүлеймен шеге ию, таға майыстыру, лом бұрау сияқты өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әдеттегідей ол жүрек пішініне келтірген темірлерін көрермендерге сыйға тартты.
Іс-шара соңында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Думан Рамазанұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс білдірді және қонақтарға бағалы сыйлықтар тапсырды.