Басты ақпаратРуханият

Алтынды тот баспайды

Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Қайыржанқызы ЖАҒАНОВА – 80 жаста

Алтыншаш Жағанова 1945 жылы 23 желтоқсанда Ақмола облысының Астрахан ауданы Астрахан ауылында дүниеге келген. Адам болмысының қалыптасуы, мінезі негізінен, әрине, тегіне, отбасына, бала кезден көрген тәрбиесіне көп байланысты. Әкесі жылқышы Қайыржан мен анасы Мүслима қыздарын ер балаша еркін, ат үстінде мығым өсіріпті. Келешек қарымды қаламгер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш тұлымшағы желбірген балауса кезінде-ақ бірге ойнаған, оқыған балалармен қаймықпай тайталаса, өзін де, сөзін де қорғай алған өжет болып өсіпті. Осы өрлік қасиет бұралаң өмір белестерінде Алтыншашты талай тығырықтан алып та шықты, шыңға да шығарды, жеңістерге де жеткізді.

Бойдағы табиғи талант пен өр талап оның қызметкерлік және шығармашылық қадамын еңбек жолында әуел­ден-ақ тең бастырды. 1961 жылы ауылда орта мектепте балаң мұғалім болып бастаған Алтыншаш кемеліне келгенде шығармашылықта – әдебиет пен журналистиканы, қоғамдық өмірде – мемлекетшіл, ұлтжанды қайраткерлікті тең ұстаған тұлға ретінде танылды. Әдетте жолы жіңішке әйелдің соқтықпалы өмір жолы кең даңғылға айналуы – парасат пен қасиет тірегі болған іркіліссіз ізденістің, талмаған талпыныстың, қажымас қайраттың нәтижесі екені даусыз. Алтыншаш Жағанова өз тұрғыластарымен қатар екі дәуірді – кеңестік және тәуелсіздік заманды бастан өткерді. Қай кезде де еңбегін туған елі, халық игілігіне арнады.

Әуелі шығармашылық қыз­меті туралы айтар болсақ, ол 1964 жылы Целиногрд облыс­тық теледидарында басталды. Орыс тілінде көркем жазатын жас талап қыз тез танылды, журналистігі жазушылыққа ұлас­ты. Көп ұзамай 1965 жылы Алматыға «Қазақстан» баспасына редактор болып ауысты, астанада қаламгер қауыммен етене араласу басталды, жұмыста да, тұрмыста да орнын тапты. 1967 жылы «Амина, волки и конец света» («Әмина, қасқырлар және ақырзаман») деген тұңғыш кітабы жарық көрді, 1970 жылы шыққан «Аккоян – белая гончая» («Аққоян – құмай тазы») деген шығармасы әдеби қауымға ­Алтыншашты қарымы кең, қадамы тең қаламгер ретінде әйгіледі. «Жазушы» баспасына орыс редакциясының меңгерушілігіне тағайындалды.

Екі жылдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы талабы өскелең жас жазушыны Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға жолдады, шығармашылық талантын біліммен шыңдауға мүмкіндік жасалды. Әдебиет институтында оқып жүрген кезінде қаламгерлік қабілетін ғана емес, ұлттық намысқойлығын да танытуға тура келген кездер бастан өтті. КСРО-ның әр қиырынан келген қауымның ішінде өздерін жоғары санап, менменсіген бейпіл­ауыздар да кездесіп қалатын. Қазақ әдебиетінің деңгейіне, ел тарихына қатысты шолақ пікірлер, намысқа тиетін сөздер айтылып қалғанда сырт жер, бөтен орта екен деп қаймықпай, батыр апалары Әлия мен Мәншүк рухы жігерлендіретін ­Алтыншаш қайсар мінезімен де, жан-жақты білімімен де есесін жібере қоймапты.

– Бала күннен намысқой, ұлтжанды болып өсуім, ең алдымен, қарапайым шаруа ата-­анам Қайыржан мен Мүслиманың тәрбиесі. Мектепте орысша оқуға мәжбүр болдық. Тың игеруге, жаңа өндірістер салуға сырт­тан келген түрлі ұлттар өкілдерінің күрт өсуінің салдарынан Қазақстанның көп өңірінде жергілікті қазақ байыр­ғы өз жерінде азшылыққа айналып, шетқақпай көрген де кезең ұлтымыздың басынан өткен, соның бір мысалы – қазақ мектептері жаппай жабылды. Аудандарда, тіпті облыс­та, негізінен шаруа жайымен алыс қыстауларды мекендейтін қазақ малшылар балалары үшін бір қазақ мектебі интернат қана болатын жағдай туған. Ата-­анам үйде тек қазақша сөйлетіп өсірді, содан тілім сақталып қалды, бірақ жа­зуым орысша қалыптасты. Түрлі ұлттың ұл-қыздарымен қатар өсіп, бірге ойнап, бірге оқыған үйреншікті жағдай болғандықтан, олардан жасқану сезімі менде болған жоқ. Осы батылдық мінезге айналды. Ал қанша адам ұлттық тілінен айырылғандықтан, өзіндік ділі, болмысы жойылды, дүбәра күйге түсті. Осы қасіретті көргендіктен өз балаларымды қазақша тәрбиелеуге көңіл бөлдім. Сол шарасыздықтың зардаптары әлі де алдымыздан шығуда, – деп балалық шағын, өткен заманды еске ала отырып, сексеннің сеңгірінде Алтыншаш ана ұлт тағдыры туралы осылай толғана­ды. Оның шығармалары атауларының атойлап тұруының да, олардағы кейіпкер әйелдердің рухы өршіл, мінезі намысшыл, қиыншылықтарға жаси қоймайтын жігерлі болып келуінің де табиғаты осында жатқаны сөзсіз.

1974 жылы Мәскеудегі оқуын тәмамдап Алматыға келгенде, тағы да «Жазушы» баспасында қызметін жалғастырды. Осы кезде Алтыншаш өмірінде елеу­лі бір оқиға болды. Ақын Олжас Сүлейменов баспаға «АЗиЯ» деген мазмұны ерекше еңбегін ұсынды. 1975 жылы жарық көрген бұл кітаптың күллі КСРО-ны, әсіресе орыс ғалымдарын бірден дүрліктіргені бар. Өйткені ізденімпаз ақын бұл шығармасында орыс халқы руханиятының бастауы іспетті әйгілі «Игорь жасағы туралы жырдың» түркілік негіздерін дәлелдейтін еді. Ал бұл жырдан айырылса, орыстың көне әдебиетінде олар ауызға алар ештеңе қалмайтын. Сұмдық! Бұрын-соңды орыс руханиятына қатысты мұндай пікір айтылған емес және мұны айтуға кімнің батылы барып отыр десеңізші…

Бұл әсіресе кеңес халықтарының ағасы саналатын орыстың әдебиетші және тілші ғалымдарының шамына тиді, авторға жабыла бас салды. Осы екпінмен тіпті Мәскеудегі одақтық саяси басшылық бұл шығарманы орыс руханиятына, мәдениетіне жасалған шабуыл, ұлтшылдық деп тыжырына қабылдады. Содан шығарманы талқылау, авторды сілкілеу, кітаптың жарыққа шығуына қатысқандарды жазалау басталып кетті. Бірнеше он мыңдаған аса мол таралыммен шыққан, сатылуға түсіп кеткен кітап үлгергендерінше бүкіл елдегі дүкендерден жиналып алынды. Қайтарылған кітаптың аңдатпа сөз басылған беті жыр­тылып, күллі таралымға жаңа парақ желімделіп әлек болды.

Өршіп тұрған дауға ақырында Қазақстан басшысы ­Д.А.Қонаевтың өтінуімен тіпті Кеңес Одағының басшысы – Коммунистік партияның бас хатшысы Л.И.Брежневтің өзі араласуына тура келген. Ардақты ­Леонид Илиьчтің шығармамен таныстым, даурығатындай зиян­ды ештеңесі жоқ деген тұрғыдағы сөзі лаулап тұрған отқа су сепкендей болып басылған. Олжас КСРО Ғылым академиясында өткен талқылаумен, сөгіс алумен, зерттеу шығармамда жаңсақтық жіберіп алыппын деп мойындаған болған ашық хат жазумен құтылса, «Жазушы» баспасы орыс редакциясының меңгерушісі Алтыншаш Жағанова қызметінен босатылып еді. Кейін заман өзгергенде Олжас­тың ол еңбегі талай рет қайта басылды, шығармада айтылған пікірлер жаңсақ та, зиян­ды да болмай шықты.

Драматург Алтыншаш осыдан кейін кино саласына ауыс­ты. 1976-1982 жылдары Қазақ КСР Кинематография мемлекеттік комитетінде редакторлық қызмет атқарды, қазақ киносының көтерілуіне атсалысты. Ол тұста жаңадан кино түсіруге де және оның экранға шығуына да рұқсатты Мәскеу беретін. Оның қатаң сүзгісінен өту оңай болмайтын. Алтыншаш 1982 жылы «Жаңа фильм» журналының редакторы болып тағайындалып, кино насихатының жүйе­лі жолға қойылуына еңбек етті.

Алтыншаштың редакторлық қызметінде, әрине, «Қазақстан әйелдері» журналының орны бөлек. 1925 жылдан шығып келе жатқан, ғасырлық тарихы бар бұл журналмен қаншама ұрпақ тәрбиеленіп, өнеге алып өсті. 1988 жылдан «Қазақстан әйел­дері» журналына А.Жағанова басшылық еткен тұста қашандағыдай елімізде еңбекте елеулі жетістіктерімен танылған әйелдер үлгісін, отаншылдықты насихаттаумен қатар, жаратылысы нәзік әйел болмысындағы, тәрбиесіндегі, қалыптасуындағы, өміріндегі бұрын ашық айтыла бермейтін шетін жәйттер туралы да батыл жазыла бастады. Журнал мазмұнын жаңашылдықпен кеңейтіп, еркін сырласу, кеңесу ортасына айналдыра алу оның тартымдылығын арттырды, таралымын айтарлықтай өсірді, еліміздегі ең таралымы көп басылымға айналды.

1990 жылы елімізде қоғамдық өмірді жан-жақты түбегейлі қайта құру жүріп жатқан кезеңде жаңа тұрпатты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне (Парламентіне) «Қазақстан әйелдері» журналының редакторы Алтыншаш Жағанованың Қазақ республикалық әйелдер кеңесі біріктірген әйелдер кеңестері атынан халық депутаты болып сайлануы оның әйелдер қауымының мүдделері мен құқықтарын Парламентте жеріне жеткізе айта да, қорғай да алар қарым-қабілетіне, өзгеріп жатқан қоғам өмірінде алға шыққан тың талаптарға сай ойлай да, әрекет ете де алар қайраткерлігіне және жаңашыл жасампаз шығармашылық болмысына берілген баға әрі аманат еді. Алтыншаш бұл амантты мейлінше орындай алды.

Алтыншаш Жағанова – проза, драматургия саласында өндіре қалам тартқан жазушы. Оның жоғарыда аталған кітаптарынан басқа «Озорница» («Еркетотай»), «Шалунья» («Тентектер»), «Эхо по кругу» повес­терінің, әңгімелерінің жинақтары шықты. Прозалық шығармалардан басқа «Все началось с апа» («Бәрі де анадан басталады»), «Ливень» («Нөсер»), «Перешагнувшие порог» («Ала жіп аттағандар»), «Неугомонная женщина» («Беймаза әйел»), «Агония» («Жан алқымда»), «Метастаз» («Обыр») пьесаларын жазды. Пьесалары Алматыда М.Әуезов атындағы академия­лық драма театрында, Қарағандыда С.Сейфуллин атындағы драма театрында, Өзбекстанда Ташкенттің Хамза атындағы академиялық драма театрында қойылды. «Муслима» («Мүслима») кинофильмінің сценарийі бойынша толыққанды картина түсірілді, бұл шығармасы Алматыда неміс драма театрында сахналанды. Шығармалары қазақ, неміс тілдеріне аударылды.

Алтыншаш Жағанова – екі заманда еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері. Кеңес дәуірінде 1961-1964 жылдары Ақмола облысының Астрахан аудандық, Целиноград облыс­тық комсомол комитеттерінде, кейін 1987-1988 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінде жауапты қызметтерде болды. 1990 жылдары Парламент депутаты ретінде туған елі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің бастауында тұрғандардың бірі еді.

Он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты – Парламенттің Әйелдер ісі, отбасын, ана мен баланы қорғау комитетінің төрағасы, Төралқа мүшесі ретінде 1990 жылы Қазақстанда алғаш Президент қызметін тағайындау туралы заңның, Қазақстанның егемендігі туралы декларация­ның, 1991 жылы Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңның, 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата Заңының, басқа да жоталы заңдардың, өзекті шешімдердің қабылдануына қатысты, сайып келгенде, жаңа да жас тәуелсіз мемлекеттің құрылуын, қалыптасуын құқықтық қамтамасыз еткен заңнамалық негіздерді қалау ісінің бел ортасында жүрді. Қазақ Елі Тәуелсіздігінің елең-­алаңында – ел жаңаша заманды аңсаған, жаңғырған қоғамды күткен сол бір кезеңде ер-азаматтармен иық түйістіре қатар қызмет атқарып, халық өкілі ретінде елдік деңгейдегі түйінді мәселелерге белсене араласты, олардың оң шешілуіне мейлінше атсалысты.

Депутаттық қызмет аяқтал­ғ­ан соң беделді қайраткер ­Алтыншаш Жағанова 1998-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Көші-қон және демография агенттігін басқаруға тағайындалды. Бұл тағдырдың жазуымен әлемге шашырап, алыс-жақын шетелдерде – бұрынғы КСРО республикаларында, Еуропада, әсіресе Ауғанстанда, Иранда, Қытайда, Моңғолияда, Түркия­да, басқа да елдерде мыңдап, миллиондап тұрып жатқан қандастарымыздың Тәуелсіз атамекенге аңсары ауған қауырт кезең болатын. Соларды мың-мыңдап жедел көшіріп әкелу, атажұртқа жайластыру жауапты ісі қайсар да іскер қайраткер А.Жағановаға жүктелді. Алтыншаш Қайыр­жанқызы бұл жұмыс­ты да ойдағыдай атқарды.

Елде көппартиялық жүйе орнап, мемлекет басқаруға, өкілді органдарға депутаттар сайлау­ға саяси партиялар арқылы қатысу тәртібі қалыптасқанда бас­тамашыл А.Жағанова халыққа қыз­мет етудің бұл жолын да қалт жібермеу қажет деп ұйғарды. Сөйтіп 1995 жылы «Қазақстанның дәуірлеу демократия­лық сая­си партиясын» құрып, әділет органдарында ресми тіркете алды. Бұл партия кейін «Руханият» деп аталды.

Алтыншаштың өмірінде әйел, отанасы ретіндегі шетін жағдай отбасылық тағдыры еді. Адам бақытының, оның ішінде әйел бақытының мәні мен мазмұны бөлекше. Бұл – таусылмайтын тақырып. Алтыншаш апай – отбасына да, Отанға да қатар қызмет ете алған қайраткер-ана.

– Мемлекеттік қызметтен шет қалмауым – 45 жыл отасқан жұбайым көрнекті жазушы Әнес Сарайдың арқасы. Біз бір-бірімізге жағдай жасай алдық, ол маған алаңдамай қызмет істеуге мүмкіндік берді, өзі де өндіріп жазып, бұл дүниеден өткенінше шығармашылық ой-толғамдарын жазып, жарыққа шығарып үлгерді. Әйел ретінде сол кісімен бақытты едім. Біз қосылған кезде екеуміз де ажырасқан, бұрынғы отбасымыздан балаларымыз бар күйде едік. Біздің үйленуімізді сан-саққа жүгірткен жәйттер болмай қалған жоқ. Бірақ бір-бірімізді шынайы түсінгендіктен, жақсы көріп сыйласқандықтан қандай да бір қиындықтарды еңсере алдық. Қолымызда екі анамыз тұрды. Біздің тату-тәтті тұрмысымызға алдымен сол кісілер риза, қуанышты еді. Балалы-шағалы болдық. Егер әйел өзін бақытты сезінсе, үйдің де, түздің де тіршілігін тындыра алады. Сені үйде жайдары күтіп отырса, адамгершілікпен қолдап, ілгері басу қадамыңа кедергі жасамай әркез құптап жүрсе, неге бәріне де үлгермеске. Әнекең сондай адамгершілігі мол, азаматтық парасаты жоғары кісі еді, – деп толғанады Алтыншаш апа.

– 12 жыл отасқан алдыңғы күйеуім де белгілі жазушы, драматург, аса білімдар Асқар Сүлейменов, өкінішке қарай, отбасылық тіршілікке мойын бұра қоймайтын сері жан еді. Шығармашылықта түсінігіміз, талғамымыз, пікірлеріміз үйлесіп жатқанымен, тұрмысымыз кереғар-ды, бұл үйлесімсіздік екі балалы болсақ та ақыры ажырасып кетуімізге әкеліп соқтырды. Бізбен көрші тұрған әйгілі ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Ұйық» эссесінде біздің үй-ішілік жағдайға еріксіз араласқан мән-жаймен оқырмандар таныс болар. Екеу­міздің балаларымыз бір-бірімен араласады.

Қазақ елінің мәртебелі өкілі – депутат, мемлекет қайраткері ретінде талай мемлекеттер қайраткерлерімен тілдескен, пікірлескен, түрлі халықаралық жиындарға қатысып, мәртебелі мінберлерден салиқалы сөз сөйлеген Алтыншаш ана өмірлік тәжірибесін түйіндеп, бұдан әрі сөзін жастарға, сіңлілеріне арнап жалғастырды.

– Әрине, міндетті түрде заманауи білім-ілімді, технология­ны меңгерген жөн. Елдің болашағы – сендер. Бірақ ұлттық құндылықтарымызды бір сәт те естен шығармаңдар, айналайындар. Қазақтың салт-дәстүрінің бәрі – тұнып тұрған тәрбие. Біліммен қоса, соның бәрін ақыл-парасат, ізденіспен өмірде ұштас­тырып, қолданып жүрсеңдер ешқашан кем болмайсыңдар. Жаһандану заманында ұлт пен ұлтты теңестіретін де, оздыратын да білім, Отаныңа, халқыңа қызмет ете алу мінезден екені мейлінше айқындалды.

Мен үнемі айтып жүремін, қазақтың қызы қандай болса, халқы да сондай деп. Ұлт болашағы әуелден әйел-ананың қолында екенін ұмытпауымыз керек. Халыққа көргенді, инабатты, саналы ұл-қыз тәрбиелеп беретін аналар. Ешқашан тәрбиеден қателік жібермеу абзал. Қазақтың ұлттық бір ерекшелігі – ата-ананы, үлкен кісіні сыйлау, олардың алдынан кесе-көлденең өтпеу, қарсы келіп салғыласпау.

Біз тілімізге, тарихымызға құрметпен қарайтын халық болуымыз керек. Жастарды жалаң намыс билемесін. Әлдебір жағымсыз істі көргенде немқұрайдылық таныту жамандықтың жайыла түсуіне соқтырары сөзсіз.

Мен әлемнің жарты бөлігін араладым. Талай дүниені көрдім. Бірақ ешқашан шетелге қызыққан емеспін. Мен үшін барлық керемет өз елімде, өз жерімде! Айналайын, жастар, міндетті түрде оқыңдар, тоқыңдар, шетелді де көріңдер, бірақ Отанға, өз туған халқыңа қызмет етіңдер. Қазақ екендеріңді мақтан тұтыңдар. Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қадіріне жете біліңдер.

Алтынды тот баспайды. Бұл сексен асудан өткен қадірлі апаның толғанысы, тілегі – ұрпақтарға аманаты.

 Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button