Мәдениет

«Алтын күн» – балалар фестивалі

Елорда төрінде әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында патриоттық әнге арналған VIII республикалық «Алтын күн» балалар фестивалінің қорытынды кезеңі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл мәдени іс-шара – Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан маңызды жоба. Байқауға еліміздің әр өңірінен келген жас өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

«Алтын күн» – балалардың бойына патриоттық сезім дарытып қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік беретін бірегей алаң.

Қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова байқаудың мақсаты мен маңызына тоқталып, елімізді мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен теңдігін нығайту, олардың дәстүрі мен мәдениетін сақтау үшін құрылған Ассамблеяның мерейтойы қарсаңында мұндай концерттердің өтуі халық пен халықтың достығын нығайтатынын, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратынын атап өтті.

– Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын өткізетін байқаулардың бірі. Мақсат – балалардың бойына отансүйгіштік сезімін ұялату. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Фестиваль екі кезеңнен тұрады. Алғашқы күні 50-ден астам бала өнер көрсетті, ал бүгін сахнаға 26 қатысушы шығады. Қазылар алқасының құрамында елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері бар. Олар жас орындаушылардың талантын әділ бағалайды, – деді Л.Құсайынова.

Ал фестиваль қатысушысы Амина Жампеисова өзінің өнері арқылы елге қызмет еткісі келетіндігін айтады.

– «Алтын күн» фестивалі – мен үшін үлкен тәжірибе алаңы. Өйткені маған ән арқылы Отанымды сүю, өз мәдениетімді танытып, достар табу – ерекше әсер қалдыр­ды. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді жас өнерпаз.

Фестиваль 6-10 жас, 11-13 жас және 14-16 жас санаттары бойынша өткізілді. Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімімен 6-10 жас аралығы бойынша І орынды – «Радима» беларус мәдени орталығының жас әншісі Самина Рысқұлова, ІІ орын – «Астананың орыстар қауымы» ҚБ атынан қатысқан Виктория Винокурова, ІІІ орынды – «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының «Зезагаш» хоры алды. 11-13 жас аралығында І орын – «Радима» беларус мәдени орталығының атынан қатысқан Аружан Ильясқа, ІІ орын – «Оберег» украин қоғамының жас әншісі Натан Прибыльскийге, ІІІ орын – корей этномәдени бірлестігінің өкілі Екатерина Пакке бұйырды. 14-16 жас аралығында І орынды – «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының атынан қатысқан Марьям Аймухамед, ІІ орынды – «Злата» этномәдени бірлестігінің орындаушысы Никита Достов, ІІІ орынды «Колхети» грузин этномәдени орталығының жас өнерпазы Алина Бекмағамбетова алды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды. Ал барлық қатысушыға алғыс хаттар табыс етілді.

«Алтын күн» фестивалі – балалар жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілікті әнмен ұялата отырып, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға зор үлес қосатын тағылымы мол өнер алаңы.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button