«Алтайдан Оралға дейін» велошеруі Астанаға жетті

Бүгін Астана қаласының тұрғындары жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған республикалық «Алтайдан Оралға дейін» велошеруінің қатысушыларын сән-салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сарыарқа ауданындағы Көктал саябағында оларды Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Жандос Мақсұтұлы, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева және еңбек ұжымдары, колледж студенттері және спортсүйер қауым зор ықыласпен құттықтап, қошемет көрсетті.
Бұл республикалық велошеру – жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін арттыруға арналған маңызды іс-шара. Мұндай бастамалар еңбектің қадірін айқындап, техникалық және өндірістік салаларға жастардың қызығушылығын оятуды мақсат етеді.
1000 шақырымнан астам жолды еңсеріп, елордаға аман-есен жеткен велошабандоздар бұдан әрі Ақмола облысының Атбасар қаласына аялдайтын болады.
Велошерудің салтанатты ашылу рәсімі Өскемендегі Тәуелсіздік монументі жанында өтіп, қатысушылар сол жерден сапарға шыққан болатын. Олар Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары арқылы жүріп өтіп, Астанаға жетті. Алда олар Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына ат басын бұрады. Велошеруге 236 велошабандоз және Өскемендегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 200-ден астам студенті қатысуда. Велошеру 8 маусымда мәресіне жетеді деп жоспарланып отыр.