Әлеумет

Алқалы жиын, ауқымды істер

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы кеңесінің ХІІ есеп беру-сайлау конференциясы мемлекетіміз үшін осы маңызды саяси оқиға бүкілхалықтық референдум қарсаңында өтті. Биылғы жыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін жыл болмақ. Еліміз ауқымды жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам баспақ. 2026 жылғы 15 наурызда халқымыз ел болашағы үшін тағдырлы таңдау жасайды, қуатты да әділетті Қазақстанды құру жолындағы сенімді ілгерілеуге жаңа серпін береді. Алдағы парламенттік реформа осы өзгерістердің өзегі болатыны анық.

Конференцияда Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы Есілов есепті баяндама жасады.

Есепті жылдар аралығында елордалық Ардагерлер кеңесі өз жұмысын қала әкімімен, оның орынбасарларымен, қалалық мәслихат, қалалық сала басқармалары және басқа да атқарушы органдармен тығыз ынтымақтас­тықта жүргізді. Үстіміздегі жылдың басында елордада 159 мыңнан астам зейнеткерлер тіркелген. Қаладағы алты аудандық ардагерлер ұйы­мы 430 бастауыш ұйымдарға біріктірілген. 81 мың белсенділер қаладағы барлық ардагерлердің 55 пайызын құрайды. Есепті жылдарға межеленген кешенді іс-шаралар жоспарлары астаналық ардагерлердің белсенділігімен іске асырылды.

«Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында үш жылға белгіленген 100-ден астам кешенді шаралар қамтылған. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының негізінде қазақтың ұлттық дәстүрі мен құндылықтарын дәріптейтін іс-шаралар кең көлемде өткізілді. Үлгілі отбасылар арасында байқау «Баланы жастан» қағидаты бойынша баланы еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа, ізгілікке, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болу, жалпы адамгершіліктің барлық ережелерін үйретуге, салт-дәстүрін сақтап бағалай білуге тәрбиелеуді негізге алды. Алты ауданнан конкурс­қа қатысқан отбасылар түрлі бағыттағы номинация бойынша мазмұнды да тәрбие­лік мәні бар бағдарлама жасап көрермендерді тәнті етті. Қарттар күні аясында өткен онкүндікте шаңырақ көтергендеріне 40, 50, 60 жыл болған ерлі-зайып­тылардың өнегелі өмірін үлгі ету мақсатында «Отбасы – бақыт бастауы» деген тақырыпта бейнетаспаға түсірілген бақытты отбасылардың ұрпақтарымен сұхбаттасуы жүргізіліп, шынайы өмірдің әдемі де әсерлі әңгімелері ардагерлер мен жастарға жарастықты, сыйлас­тықты паш етті. Отбасы институттарын дамытуда осындай іс-шаралардың маңызы зор. Елдің орта және ұзақ мерзімді дамуы бағытын айқындаған шешімдер қабылдаған 2025 жыл Жеңістің 80 жылдығымен қатар келгендіктен, қалалық Ардагерлер кеңесі ұрпақтар сабақтастығын күшейту және қазақстандық отансүйгіштікті дамытуда айтулы жұмыс­тар жүргізді.

Қазақстанда жасақталған 316, 310, 314 және Панфилов дивизиясының Москваны қорғау­дағы, Ленинград блокадасын бұзудағы теңдесі жоқ ерен ерліктерін насихаттаудағы іс-шаралар, жастарды отаншылдық рухында тәрбиелеуде ерекше орын алды. 80 жылдыққа арналған «Жеңіс жауынгерлері» атты кітап жарық көрді. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген бағытта «Атамның аманаты» бірлестігі – Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді жүйелі түрде іздестірумен айналысатын Қазақстандағы жалғыз ұйым. Осы уақытқа дейін ол ұйымның «Атамның аманаты» сайтына 9 мыңға жуық өтініш түскен. 4 мыңға жуық жауынгерлердің жерлеген жерлері мен тұлғалары анықталып, туыс­тарына табыс етілген. Бұл орайда, осы ұйымның жетекшісі, запастағы полковник Мұрат Жанатайұлы Молдағалиевке ел алғысы шексіз. Сондай-ақ «Майдандағы аймақ» қоғамдық ұйы­мының командирі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы профессор ­Құсайынов Майдан Көмекұлының қажырлы еңбегіне ризашылығымыз зор. Бұл маңызды шаралар алдағы жылдарда да тоқтамай жалғаса береді. Ұлы Жеңістің қаһармандары жерлес­теріміз Сағадат Нұрмағамбетов, Әлмұқан Сембинов, Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерей­тойлары аталып өтті. Алайда екі мәрте Кеңес Одағының батыры, ұшақпен 305 рет ұрысқа қатысып, Советтік әскери авиация тарихында бірінші болып жаудың жойғыш ұшағын атып түсірген, бірінші болып Берлиннің үстінен күндіз ұшып барлау жүргізген Талғат Бигелдиновтың 100 жылдық мерейтойы жеткілікті дәрежеде аталып өтілмегені өкінішті.

2024 жылы Астанада бүкіл дүние жүзі көз тіккен елеулі оқиға «Ұлы дала ойындары» өтті. Оның алғашқы шымылдығын ашқан астана ардагерлері болды. Оның ішінде Есіл ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ерекшеленді. 175 жылдық тарихы бар Арқадағы «Қоянды жәрмеңкесін» жаңғыртып, Ұлы дала мәдениетінің жауһарларын сахналық композиция арқылы жарқырата көрсетті.

«Базарың құтты болсын, ардақты елім» деп аталған бағдарламада көшпенділердің салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтары, інжу-маржан ән-күйлері жан-жақты қамтылып, тарих қойнауы­нан сыр шертті. Бұл біздің ардагерлеріміздің елімізде болып жатқан тарихи маңыз­ды оқиғалардан тыс қалмай, белсенділік танытатынын көрсетсе керек. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Ардагерлер көктемі» фестивалі ұйымдас­тырылды. Оған алты ауданның барлық өнер ұжымдары қатыс­ты. Бұл фестивальдің мазмұны да, форматы да ерекше көркем, қайталанбас өнер туындысы болып есте қалды.

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай – дана, Абай – дара» атты 180 мәдени шара елорданың барлық аудандарын қамтыды. Абай даңғылындағы Абай ескерткіші алдында ақынның өлеңдері оқылып, ән шырқалды. Кең көлемде челлендж өтті.

Алаш арыстары «Үш бәйтерек» Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің 130 жылдығына арналған тарихи танымдық шарасы Орталық Ұлттық музейде Сәкен танушылар, Ілияс пен Бейімбетті зерттеушілердің, ғалымдар мен тарихшылардың қатысуымен ғылыми конференция дәрежесінде өткізілді.

Қалалық ардагерлер қызметінің негізгі басымдығы Астана қаласының әкімі Ж.Қасымбек бекіткен Астана қаласында тұратын қарт адамдардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2029 жылға дейінгі іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады. 2026 жылы Қазақстан Республикасының «Ардагерлер ұйымы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы кеңесінің құрылғанына 35 жылдығы өтеді. Қалалық Ардагерлер ұйымы – Тәуелсіздіктің құрдасы. Осы уақыт ішінде елмен бірге үлкен тарихи жолдан өтті.

Егемендіктің 35 жылдығында Республикада, мемлекеттік жүйеде, қоғамдық санада айтулы өзгерістер болды. Тәуелсіздік пен отансүйгіштік, бірлік пен ынтымақтастық, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, қоғамдық диалогқа ашықтық айырықша маңызға ие болды. Ол қазіргі күнде жақсы қалыптасып келеді.

Елордада тұратын азаматтардың жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның әлеуметтік игіліктері алдағы үш жылға жоспарланған барлық бастауыш ұйымдарында есеп беру-сайлау өткізілді. Ардагерлер өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып пікір алмасты. Сонымен бірге, зейнеткерлерге жасалып отырған қамқорлықтары үшін, оның ішінде соғыс ардагерлеріне, аз қамтылған зейнеткерлерге, жалғызбасты қарттарға көрсетілген көмектері үшін Астана қаласы әкімдігі мен қалалық Ардагерлер кеңесіне ризашылық білдірді. Алда жаңа міндеттер тұр. Қалалық Ардагерлер кеңесі өз қызметінде белгіленген мерзімдерге сәйкес орындалатын іс-шаралар жоспарын басшылыққа алады.

Астана қаласы ардагерлерінің алда тұрған ауқымды сая­си жаңғыруға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз, Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды зейнеткерлеріміз зерделеп, референдумға ұйымдасқан түрде қатысып, өз қолдауларын жасайтын болады.

Осындай ауқымды баяндамадан соң жарыссөзге шыққан Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Мұстафин, генерал-майор М.Нағыманов, Сарыарқа ауданы «Столичный» бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы С.Шайман, С.Сейфуллин атындағы Қаз АТУ профессоры Б.Өтебаев, Денсау­лық сақтау басқармасының бас­тығы А.Төлеуова, Есіл ауданы Ардагерлер ұйымы кеңесінің төрайы­мы Ш.Үстемірова, «Ардагерлер ұйы­мы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев, «Мемориалдық аймақ» командирі М.Құсайынов, қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі А.Әшіров есепті мерзім аралығындағы қалалық Ардагерлер кеңесінің жұмысына «қанағаттанарлық» деп баға берді.

Конференцияға Астана қаласы мәслихатының төрағасы Т.Зейнұлқабден қатысты.

Конференцияда Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз сөйлеп, Ардагерлер кеңесі қашанда қалалық әкімшілікпен тығыз байланыста жұмыс жасап, қоғамдағы саяси ахуалдарға сергек қарап, ағалық ақыл-кеңестерін беріп отыратын үйлестіруші деп атай отырып, ризашылығын білдірді.

Конференция күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық Ардагерлер кеңесі мүшелерінің жаңа құрамын бекітті. Алғашқы ұйымдастыру пленумының шешімі бойынша делегаттар бірауыздан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағалығына қайыра Сансызбай Сейтжанұлы Есіловті сайлады. Төрағаның орынбасары болып Мұрат Спанқұлұлы Іргебаев, жауапты хатшы лауазымына Салтанат Дәулетханқызы Меңлібаева сайланды. Сондай-ақ Ардагерлер кеңесінің пленум, төралқа және тұрақты комиссияларының құрамдары мен мүшелері бекітілді.

Конференция алдағы болатын «Ардагерлер ұйымы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің ХІ съезіне делегаттар                    сайлады.

 

Қарлығаш ҚҰСПАН,

Қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының

мүшесі

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button