Алматы ауданында жайлы демалыс орны ашылды

Астана қаласының Алматы ауданындағы тұрғындар үшін тағы бір жайлы демалыс орны ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа саябақ аумағында балаларға арналған ойын алаңы, заманауи футбол алаңы және серуендеуге арналған жасыл аймақтар орналасқан. Бұл жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жүзеге асырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов қатысып, тұрғындарды жаңа демалыс орнымен құттықтады. Әкім өз сөзінде ауданның инфрақұрылымын жақсарту, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен белсенді демалысын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Жаңа алаңқай жергілікті тұрғындардың ұсыныстары ескеріле отырып салынған. Мұнда балаларға қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасалған, ал футбол алаңы жасанды төсенішпен жабдықталып, спортпен айналысуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Тұрғындар жаңа сквер мен ойын алаңы үшін алғыстарын білдіріп, мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.