Ел тынысы

Алғашқы Virtus чемпионаты

Астанада зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшыларға арналған баскетболдан Virtus World Championship Astana 2025 турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет және Азия құрлығында тұңғыш рет өткізіліп отырған Virtus баскетбол чемпионаты.

Тарихи турнир аясындағы жарыстар елордадағы екі алаңда өтуде. 3х3 баскетбол бәсекелері 12-15 маусым күндері Триатлон паркінде ұйымдастырылса, 5х5 форматындағы кездесулер 17-21 маусым аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-Жек» спорт сарайында жалғасады. Чемпионатқа Аустралия, Польша, Италия, Франция, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Испания, Израиль, Жапония және Қазақстан сынды 11 елден жеңіл интеллектуалдық бұзылыстары бар (II1 санаты) спортшылар қатысуда.

Ауқымды халықаралық жарысты Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі қолдап отыр. Ал ұйымдастырушылар қатарында – зияткерлік даму ерекшеліктері бар тұлғалар спорты федерациясы (IDSPORT) және Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясы (ҚР ҰБФ) бар. Жарыстар Virtus халықаралық федерациясының ресми мақұлдауымен өтуде. Айта кетейік, Virtus – 100-ден астам елдің 7 мыңнан астам спортшысын біріктіретін, Халықаралық Паралимпиадалық комитет мойындаған жетекші ұйым.

IDSPORT федерациясының президенті Дина Темірғалиева бұл чемпионатты өткізудің маңызын ерекше атап өтті.

«Астанада Virtus әлем чемпионаттарын өткізу – Қазақ­станның спорт саласындағы теңдік, қолжетімділік және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын растайтын стратегиялық қадам. Бұл оқиға мыңдаған адамның қоғамдағы маңыздылығын сезінуге жол ашады» дейді ол.

Чемпионаттың қорытындысы болашақта бұл спорт түрін Паралимпиада бағдарламасына қосу мәселесіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан бұл турнир – тек жеңіс үшін ғана емес, инклюзивті Олимпиадалық спортты дамыту жолындағы маңызды кезең болып отыр.

Бүгінде IDSPORT федерациясының елімізде 13 өңірлік филиалы жұмыс істейді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button