Ел тынысы

Алғашқы шешуші қадам

Республика күні – бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. 1990 жылы қазан айының 25 күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты – Республиканың егемендігі туралы декларация қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негізін жариялады. Сол сәттен бастап еліміз өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады.

Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы болып саналады. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігімізді мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізін қалады. Бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Бұл мерекенің мақсаты: балалардың туған жерін, туған елін, халқын ардақтап өтуге үйрету. Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту. Қазақстан Республикасының рәміздерін еске түсіру. Туымызды, Елтаңбамызды қадірлеу және ұлы тұлғалардың еңбектерін дәріптеу.

Қазақ халқы бұл күнді ұзақ уақыт аңсады. Армандар ғасырлар бойы жырға бөленіп, тасқа қашалды. Аңсаған арман-тілек қабыл болды. Декларация қабылданғаннан кейін 2001 жылы бұл күн – Республика күні деп жарияланды. Содан кейін 8 жылдан соң мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тас­талған болатын. Арада 13 жыл өткен соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бас­тамасымен бұл мейрам ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырды.

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміз талай-талай асқар асуларды бағындырды. Өтпелі кезең ауырт­палықтарын бастан өткізіп, оңай тимеген экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазақстанды бүгінде  әлем жұртшылығы нарықтық экономикалық-демократиялық ел ретінде таниды. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, абыройының өсуіне қызмет етуге парыз­дармыз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке» деп атап өтті. Бүгінде біз Қазақстанның сая­си және экономикалық салалардағы, сондай-ақ оның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтаныш­пен атай аламыз.

Жаңа әлемдегі әділетті, жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген кәсіби мамандар, білікті ғалымдар қалыптастыра  алады.

Республика күнін атап өтудің маңызды мақсаты – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, қазақ екенін, Қазақстанда тұратынын мақтаныш етуге, туған халқының тілін, мәдение­тін, салт-дәстүрін қас­терлейтін саналы да парасатты азаматтар тәрбиелеу. Ардагер қарияларымыз Ұлттық мереке 25 қазан  Республика күнінің маңыздылығын түсіндіріп, жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, байқуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, олардың сүйіс­пеншілігін арттырып, махаббат сезімін оятуға күш-жігерін аянған емес. Осынау атаулы күні Отанымыз – Қазақстан Республикасына өркендеу мен амандық тілейміз! Халқымыздың бірлігі, татулығы мен келісімі біздің мемлекетіміздің мәңгілік берік тірегі болсын!

Көк туымыз желбіреп, елі­міздің мәртебесі асқақ­тай берсін!

Ұлттық мерекеміз – Рес­публика күні құтты болсын!

Баянды ӘЛПИ,

Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button