Алғаш рет Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту курсы өткізілді
Елімізде алғаш рет Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту курсы өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және қажетті жағдайлар жасау мақсатында үш күндік оқыту іс-шарасы ұйымдастырылды.
Аталған курс Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату дағдыларын дамытуға бағытталды. Оқу барысында қатысушылар ым-ишара тілінің негіздерін меңгеріп, инклюзивті орта қалыптастырудың маңыздылығын терең түсінді.
Қатысушылардың айтуынша, бұл курс олардың кәсіби қызметінде аса маңызды дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берген.
«Бұл оқыту біз үшін өте пайдалы болды. Енді есту қабілеті бұзылған азаматтармен еркін әрі тиімді қарым-қатынас жасай аламыз», – деп атап өтті қатысушылардың бірі.
Іс-шара қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Оқыту курсы ҚР «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» бірлестігінің қолдауымен өткізілді.
Бұл бастама – қоғамда тең мүмкіндіктер қағидатын нығайтуға және инклюзивті мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.



